Алаш жұртының алдаспаны - Қазақ ( Қазақ газетінің 100 жылдығына арналған танымдық шара)Қатысқандар
Алаш жұртының алдаспаны – «Қазақ»
Бұл танымдық шара №35 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушыларының қатысуымен «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналды.
Қатысушылар
№35 мектеп-гимназиясы, 9-сынып оқушылары
Мақсаты
- Қазақ журналистикасының бастау көздерінің бірі ретінде «Қазақ» газетін таныту.
- Алаш зиялыларының арман-мүддесін жариялаған үнжария ретіндегі рөлін дәріптеу.
- Редакторларының бірі Ахмет Байтұрсынұлының журналистикаға қосқан үлесін түсіндіру.
- Қазіргі қазақ баспасөзі туралы пікірталас арқылы оқушылардың көзқарасын қалыптастыру.
Уақыт үнін ұстаған басылым
I жүргізуші
Осыдан тура 100 жыл бұрын Алаш арыстарының сөз мінбері, қазақ журналистикасының бастау көздерінің бірі — «Қазақ» газеті жарық көрді.
II жүргізуші
Хандық биліктен айырылып, жұрттың көңілін қараңғылық тұмшалаған алмағайып шақта «Қазақ» ұлт көгіне жарық шашып, елдік сананы тіктеуге, Алаш рухын оятуға талпынды. Басылым Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап, жаңа қазақ тіліндегі кәсіби газет стилін қалыптастырды және зор ағартушылық міндет атқарды.
III жүргізуші
«Қазақ» газетінің 100 жылдығының қоғам үшін маңызы ерекше. Себебі 100 жыл бұрынғы қазақтың мұңы мен уайымы қандай еді, бүгін ол қалай шешіліп жатыр деген сұрақтар қазір де қазақ баспасөзіне қойылады.
IV жүргізуші
Бұл мерейтой ұлттық күрестің ең алдымен интеллектуалдық кеңістікте — ұлттық сана үшін күрестен басталғанын аңғартады. Ол әрбір қазақтың санасы үшін жүргендіктен, ауыр да жауапты болды. Сол кезеңдегі басылымдардың қазақ мәселесін табандылықпен көтеруі саяси қозғалыстың дамуына да ықпал етті.
«Қазақ» газетінің алғашқы қадамдары
1-оқушы
«Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы 2 ақпанда жарық көрді. Атауы «Қазақ» деп төте жазумен жазылды. Кейін газеттің белгісінде киіз үй бейнесі берілді. Түндіктің батысқа қарауы — «батыстан қазақ еліне өркениет келсін, батыс тәжірибесінен үйренейік» деген мағынаны меңзейді.
2-оқушы
Газеттің «Қазақ» деп аталу себебін басқарма былай түсіндірген:
«Аталы жұртымыздың, аруақты ұлтымыздың аты деп газетіміздің есімін “Қазақ” қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету — қазақ баласына міндет. Құдай сәтін салсын, әумин деп қол жайып, әуп деп күш қосып, Алла деп іске кіріселік».
Тарихи дерек
Деректерге қарағанда, «Қазақ» атауымен газет шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы 9 желтоқсанда берілген. Газет 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынборда аптасына бір рет шықты, ал 1915 жылдан аптасына екі рет жарық көре бастады.
Шәкәрімнің үні: «Газетсіз ел жаны жоқ»
II жүргізуші
Газет авторларының бірі, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақтың» алғашқы санында жарияланған «Газетсіз ел жаны жоқ, өлгенге есеп!» өлеңінде қазақ даласының өз үнжариясына деген қуанышын айқын жеткізді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы — «Газетсіз ел жаны жоқ, өлгенге есеп!»
Дүниеге келді бізден талапты ұл,
Ержетсе, бар қазақтың басшысы бұл.
Бөгеттен ауру-сырқау аман сақтап,
А, Құдай! Құтты, өмірлі, бақытты қыл!
Үмітті Орынбордан бала туды,
Қолына жарық сәуле ала туды.
Мақсаты — қараңғыда жүрген халқын,
Ойлайды тура жолға қаратуды.
Күтіп ем тау ма деп көзім сүзіп,
Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп,
Хабарын «Уақыттан» білгеннен соң,
Тірілді өлген үміт, қаным қызып.
Көп қайғы болдың ұмтылғандай,
Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай.
Жақындап жан шағарға шөлдегенде,
Құмартқан сусын бейне жұтылғандай.
Қайғысыз жас жігіттей бола қалдым,
Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып,
Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым.
Табармын шамам келсе тағы жолдас,
Қам қылмай, қартайдым деп жатып болмас.
Үмітті жаңа туған жас баланы,
Ағайын, қырғыз-қазақ, түгел қолдас!
Ойлама газет бізге не керек деп,
Газетсіз ел жаны жоқ, өлгенге есеп!
Көл болар көп түкірсе деген кәні,
Кетпей ме бір тоқтыны қасқыр да жеп?
Таралымы аз болса да, салмағы ауыр
I жүргізуші
Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып, жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркістан уәлаяттарына, яғни 9 облыс пен 1 губернияға бөлінген Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды. Жалпы таралымы 3000 дана болды, кейбір мәліметтерде 8000-ға дейін жеткені айтылады. Барлығы 265 нөмірі жарық көрген.
Қазіргі өлшеммен аз көрінгенімен, байтақ даланың маужыраған елін оятып, сананы селт еткізу үшін осы аз ғана ғұмыр қыруар жүкті арқалады.
II–III жүргізушілер
«Қазақ» газетін Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерде оқып жүрген қазақ студенттері де жаздырып оқығаны туралы деректер бар.
Аз уақыт ішінде «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпелі халықтың басым бөлігі білетін басылымға айналды. Бұған дейінгі басылымдардың бірде-бірі жаңа газетті сапасы, көтерген тақырыптарының кеңдігі немесе таралымы жағынан толық теңесе алмады.
Мұхтар Әуезовтің бағасы
«Қазақ газеті ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолда “Қазақ” газеті өз міндетін дөп атқарды».
3-оқушы
«Қазақ» газетінің ұлтқа қажет, ел іздеп оқитын басылым болғанын жаздырып алушылардың саны да дәлелдейді. 1913 жылы «Қазаққа» жазылушылар 3 мыңнан асты. Бұл дерек «Қазақ» газетінің 1914 жылғы алғашқы санында көрсетілген.