Жырға композициялық талдау

Сабақ туралы мәлімет

Мектеп: Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Күйкен орта мектебі

Пән: Қазақ тілі мен әдебиеті

Мұғалім: Матниязова Айнур Талгатовна

Сынып: 6-сынып

Сабақ тақырыбы: «Алпамыс батыр» жырының композициялық құрылысы

Сілтемелер мен дереккөздер

  • Күнтізбелік жоспар, орта мерзімдік жоспар, оқулық
  • Мұғалімге арналған нұсқаулық
  • СТО (сын тұрғысынан ойлау) стратегиялары

Жалпы мақсат

  • Жырдың мазмұнын ашу, композициялық құрылысын және көркемдік ерекшелігін талдау.
  • Жырдың мазмұны мен идеясын игерте отырып, Алпамыс бейнесін сыни тұрғыда жан-жақты талдау.
  • Алпамыс бейнесінің халықтың алып қуаты, қажымас қайраты, сарқылмас күшінің көрінісі екенін дәлелдету.
  • Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту, көркем сөйлеу мен көркем жазу дағдыларын жетілдіру.

Күтілетін нәтиже

Оқушылар тапсырмаларды постер арқылы қорғап, ойларын жүйелі жеткізе алады.

Тапсырмаға сәйкес ашық пікір айту және анық сөйлеу дағдысы қалыптасады.

Оқыту формасы

  • Жеке оқушымен жұмыс
  • Топтық жұмыс
  • Сынып ұжымымен жұмыс

Қолданылатын модульдер мен әдіс-тәсілдер

Модульдер

  • Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер
  • Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
  • Оқыту үшін және оқуды бағалау

Әдістер

  • «Миға шабуыл», ой қозғау
  • Талдау, салыстыру
  • Мәнерлеп оқу
  • Сұрақ-жауап

Құрал-жабдықтар

Портреттер Бағалау бетшесі Кеспе қағаздар

Сабақ барысы

1-кезең: Ұйымдастыру және үй тапсырмасын тексеру

Ізденіс: дереккөздер

  1. «Алпамыс батыр» жырының тарихы мен зерттелуі.
  2. «Алпамыс батыр» — ұлтымызға тиесілі эпикалық мұра.

Шығармашылық тапсырма

Оқушылар жыр мазмұнына байланысты ұнаған оқиғаның немесе кейіпкердің суретін салып келді. Сурет бойынша сөйлету арқылы жыр мазмұнын қаншалықты түсінгені анықталды.

Оқушы әрекеті

Топқа бөліну арқылы өткен материалды еске түсіріп, қорытынды жасайды; сурет бойынша әңгімелейді.

2-кезең: Жаңа сабақ

Ой қозғау

Ердің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме?!
Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!
— Әйтеке би

Осы ойдың өзегі — елін, жерін қорғаған ерлердің рухы. Сол батырлардың бірі — Алпамыс. Ендеше жырдың тақырыбы ерлік, батырлық, отанды қорғау идеясына негізделеді: өз елін жаудан қорғау арқылы Алпамыстың батыр бейнесін ашу.

І топ: Композициялық талдау

Басталуы

Байбөрінің қайғысы.

Дамуы

Алпамыстың, одан соң Қарлығаштың дүниеге келуі.

Шиеленісуі

Алпамыстың сүйген жары Гүлбаршынды іздеп барып, оны еліне алып келуі.

Шарықтау шегі

Елін шапқан қалмақ ханы Тайшыққа қарсы жорыққа аттануы.

Шешімі

Жеті жылдан соң еліне оралып, Ұлтанның көзін жойып, азып-тозған жұртын мақсат-мұратына жеткізуі.

ІІ топ: Көркемдік ерекшеліктер

Теңеу

Кепедей, төбедей, ошақтай, пышақтай, зындандай, жыландай, т.б.

Эпитет

Қанды жас. Жас берен. Көк даңғыл.

Гипербола

Ауыздықпен алысып, ұшқан құспен жарысып...
Бір күн шапса Шұбар ат айлық жер алып береді.

Аллитерация, ассонанс

Тозып кеткен ел-жұртын тегіс жиып алады.
Тентегі мен телісін түзетіп жөнге салады.

Үзінді (ырғақ, үн)

Алпамыс атты жас берен атқа мінген бола ма?!
Алдынан шығып сол ердің жылқысын берсем ала ма?

Сөздікпен жұмыс

Тірсек
Жан-жануардың артқы аяғы мен адам аяғының бүгіліп-жазылуына қажетті сіңір; қылтаның жоғарғы тұсы.
Телі / тентек
Есер, содыр, сотқар.
Әулиеге түнеді
Қадірлі, қасиетті орынға барып, тілек тілеп, әулиеге табыну.
Әзірет
Дінбасы, молда, ғұлама.
Аса
Хан, би, қожа сияқты дәрежелі адамдар ұстайтын ерекше таяқ.
Машайық
Ақылды адам, абыз.
Саруар
Қожа, ие, пір.
Берен
Өжет, өткір.
Қабынды
Желігу, желпіну.

Кейіпкерлер әлемі

Топтық тапсырма

Әр топ кейіпкерді талдауды мақал-мәтелмен бастап, «Қандай?» деген сұраққа дәлелмен жауап береді.

Жағымды кейіпкерлер

  • Алпамыс
  • Гүлбаршын
  • Қарлығаш
  • Байшұбар
  • Құлтай

Жағымсыз кейіпкерлер

  • Ұлтан
  • Тайшық хан
  • Мыстан кемпір
  • Кейқуат
  • Қаракөзайым

Алпамыс бейнесі

Алпамыс — досқа берік, жауға мейірімсіз батыр. Ол текті, қайсар, намыс пен арды жоғары қояды; елін қорғайды, әділет үшін күреседі. Жырда оның «отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін» болып суреттелуі — халықтың ешқашан жойылмайтын үміті мен рухының көрінісі.

Гүлбаршын және Ұлтан

Гүлбаршын — ақылды, мінезді, адал, опалы жар бейнесі. Оның бойынан әйел атаулыға тән ең ұнамды сипаттар айқын көрінеді.

Ұлтан — шын мәніндегі құл емес: ол Алпамыстың немере ағасынан тарайтын Құлтайдың баласы. Өсе келе үстемдікке ұмтылған, зорлықшыл, мейірімсіз мінезімен танылады.

Мақал-мәтел (талқылауға арқау)

Туыс жоқ болса бере алмайды, бар болса көре алмайды.

Жырдағы салт-дәстүр белгілері

Атастыру Әмеңгерлік

Оқушы әрекеті

Оқушылар топқа бөлініп, жұптасып сұрақтарды талқылайды; бір-біріне сұрақ қою арқылы жаңа тақырыпты меңгереді. Берілген тапсырмаларды постер қорғау арқылы орындайды.

3-кезең: Бекіту сұрақтары

  • «Алпамыс батыр» жырының эпостық жыр деп аталуы неліктен?
  • Жырдың тақырыбы мен халық арманының байланысы қандай?
  • Жырдағы әйел кейіпкерлердің бойындағы қасиеттерге көзқарасың қандай?
  • Жырдың тәрбиелік мәні бар ма? Дәлелде.

Түйін ой

Алпамыстың «отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін» болып көрінуі — халықтың ешқашан жоғалмайтын үмітінен, «ел қорғайтын ер туса» дейтін аңсарынан туған көркем бейнелеу.

Бағалау, үй тапсырмасы, рефлексия

Бағалау

  • Формативті бағалау
  • Жиынтық бағалау

Үйге тапсырма

  • Жырды мәнерлеп оқу, қара сөзбен әңгімелеп айту.
  • Өзіңе ұнаған бөлігін жаттау.
  • «Батыр туса — ел ырысы» тақырыбында ойтолғау жазу.

Рефлексия

Оқушылар бүгінгі сабақта не үйренгенін, қандай тұстар қиын болғанын және өз жұмысын қалай бағалайтынын қысқаша қорытындылайды.