Өрт сөндіруші
Оқу қызметі: Қауіпсіз мінез-құлық ережелері
Тақырыбы
Өрт және оның салдары
Мақсаты
- Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін жақсы білудің маңызын түсіндіру.
- Өзін-өзі қорғауға, қоршаған ортаны қорғауға және өрт болған жағдайда орындалатын қарапайым әрекеттерге үйрету.
- Ұқыптылыққа, жауапкершілікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
Қажетті құралдар мен көрнекіліктер
Жылулық шеңбері
От жақпа — күйерсің,
Өртеніп жүрерсің.
Сіріңкені ұстасаң,
Бәлеге сен түсерсің.
Оттың ісі — қуырмақ,
Желдің ісі — суырмақ.
Қазір жанған жалынды,
Алып-ұшып қуаламақ.
Кіріспе көрініс: дабыл дыбысы
Сюжет
Өрт сөндіруші машинаның дыбысы естіледі. Тәрбиеші балалардан бұл қандай дыбыс екенін сұрайды. Балалар оның өрт сөндіруші машинаның дабылы екенін айтады және оның өртті сөндіруге асығып бара жатқанын түсіндіреді.
Талқылау сұрақтары
- Өрт сөндіруші машина қандай болады?
- Неге ол көбіне қызыл түсті?
- Оны жүргізіп, өрт сөндіретін маманды қалай атаймыз?
- Ойыншық көліктердің ішінен өрт сөндіру көлігін таба аласың ба?
Қонақ: өрт сөндірушімен әңгіме
Тәрбиеші
Сұрақ«Сендердің өрт сөндіруге асығатыныңды балалар біледі. Ал өрттің шығуына не себеп болады?»
Өрт сөндіруші
ТүсіндіруОт — өмірімізге қуат беріп, бойымызды жылытады. Отсыз тіршілік жоқ: тамағымыз да піспейді, үйіміз де жылымайды. Алайда от пайдалы болғанымен, ұқыпсыздық салдарынан үлкен қауіпке — өртке айналуы мүмкін. Кейде өзіміздің немқұрайлығымыздан өрттің қалай күш алып кеткенін байқамай да қаламыз.
Бүгін мен сендердің өрт қауіпсіздігі туралы білімдеріңді тексеру үшін бірнеше ойын алып келдім.
Дидактикалық ойын: «Ойлан, тап»
Ойын шарты
Көптеген заттық суреттердің ішінен өрт шығуына себеп болуы мүмкін заттарды тауып көрсету.
Мысал суреттер:
Қорытынды: Балалар қауіпті заттарды дұрыс ажыратады.
Ситуациялық ойын: «Не істер едің?»
1-сұрақ
Сен үйде жалғыз қалдың. Ата-анаң қонаққа кетті. Кенет электр сымдары пышырлап, қыза бастағанын байқадың. Не істер едің?
2-сұрақ
Үйге көп қонақ келді. Шайдан соң үлкендер сыртқа темекі тартуға шықты. Бір адамның темекі тұқылынан қураған шөп тұтана бастады. Мұндай жағдайда не істейсің?
3-сұрақ
Анаң пешке от жағып, өзі сыртқа шығып кетті. Пештің есігі ашылып қалып, шоқ түсіп кетті. Сен не істер едің?
Маңызды ескерту
Өрт кездейсоқ шықпайды: көбіне қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан және құралдарды дұрыс пайдаланбаудан пайда болады.
Тәжірибелер: отты қалай өшіреміз?
1-тәжірибе: су
Тәрелкедегі жанып тұрған қағазға су құю.
Қорытынды
Өртті су өшіреді.
2-тәжірибе: құм немесе топырақ
Жанып тұрған қағаздың үстіне құм немесе топырақ себу.
Қорытынды
Су болмаған жағдайда өртке құм немесе топырақ шашуға болады. Қажет болса, гүл құмырасындағы топырақты да пайдалануға болады.
3-тәжірибе: қалың мата
Жанып тұрған қағазды ауа өткізбейтіндей қалың матамен жабу.
Қорытынды
От жану үшін ауа қажет. Ауа жетпесе, от сөнеді.
От туралы мақал-мәтелдер
- Отпен ойнама — күйерсің.
- Ойын түбі — от.
- Отын деген шөп болар, жинай берсең көп болар.
- От жақпа — пісерсің, ор қазба — түсерсің.
Негізгі ой
От — қажет, бірақ қауіпсіздік ережесін сақтамасаң, ол «тілсіз жауға» айналады.
Есте сақта
Отпен ойнама — күйерсің.
Өрт — тілсіз жау.
Дидактикалық ойын: «Болады — болмайды»
Ойын шарты
Балалар қолдарына қызыл және көк түсті белгілерді алады: болмайтын жағдайда — қызыл, болатын жағдайда — көк түсті белгіні көтереді.
Болады
- Өрт болғанда 101 нөміріне қоңырау шалу.
- Үлкендерді дауыстап көмекке шақыру.
- Бас пен бет-аузды ылғал орамалмен жабу.
- Қорықпай, өрт сөндірушілердің айтқанын тыңдау.
Болмайды
- Жанып тұрған сіріңкені тастау.
- Өрт шыққан жерде қалып қою.
- Өрт кезінде газды, жарықты, тоққа қосылатын құралдарды қосу.
- Кереует астына немесе шкаф ішіне тығылу.
Қорытынды
Өрт сөндіруші балаларды мақтап, енді өрттің шығу себептері мен оны сөндірудің қарапайым тәсілдерін жақсы білетіндерін атап өтеді. Балалардың әрқашан мұқият болып, отпен ойнамайтынына сенім білдіреді.
Бүгінгі негізгі тұжырым
От — дос та, жау да бола алады. Қауіпсіздік ережелерін сақтау — әрқайсымыздың міндетіміз.
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы, «Балдырған» балабақшасы тәрбиешісі — Алибекова Ұлмекен Мухамбетовна.