Ана еңбегін қадірлеу білу

Мақсаты

Сүйіспеншілік қалыптастыру

Ана туралы тамаша сөздер, өлеңдер, мақал-мәтелдер арқылы анаға сүйіспеншілікпен қарауға баулу.

Мейірім мен махаббатты түсіну

Ананың мейірімін, махаббатын, жақсылығын терең сезініп, қадірін ұғындыру.

Еңбекті қадірлеу

Ана еңбегін бағалап, құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру.

Көрнекіліктер

Ана туралы нақыл сөздер, ұлағатты ойлар, мақал-мәтелдер.

Кіріспе сөз

Балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Мерекеңмен, аяулы арулар!». Расында да, адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады.

Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан дариды. Ананың нәзік үні, жұмсақ та аялы алақаны, жан жылуымен аялауы бізді әлдилеп жұбатады, көңілімізді сергітеді.

Қайран ана өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да — бәрібір шексіз сүйеді. Баласы үшін ананың бармайтын құрбандығы бар ма? Ана болу — бүкіл өмірге жететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек.

Өз баласын бағып-қағуда ол өзін ұмытып, барлық күш-жігерін сарқа жұмсайды. Осы арқылы ананың жаны байып, мейірімі арта түседі. Әрине, ананың да анасы бар. Халық: «Туған ана емес, асырап-өсіріп, тәрбиелеген — ана», — дейді.

Баланың анаға деген жай махаббаты жеткіліксіз: оны барынша құрметтеу — әр перзенттің парызы. Бұл қасиет өзінен-өзі тумайды; оны біртіндеп қалыптастыратын да ананың өзі, үйдегі басқа ересектер: аға-іні, апа-қарындас, ағайын-туыс, ата-әже.

Кейде аналардың өзі де қателесіп жатады. Себептері сан алуан. Мәселен, баланың жайын табам деп, орынсыз қаталдық танытып, жанын қинап, түрлі машақатқа түсетін аналар да кездеседі. Ал балалар аналарының бастан кешірген қайғы-қасіретін әрдайым жете түсіне бермейді. Анаға құрмет пен шексіз махаббат табиғи түрде қалыптасып, жүректегі ыстық сезімге айналуы тиіс. Өйткені адамгершілік қасиет ең алдымен жүрекке әсер етеді.

Өлең жолдары

Гүлмаржан

Аналарды сүйеміз, Сөзін ойға түйеміз. Әжені де ардақтап, Әдеппен бас иеміз. Әлпештеген баласын, Ана — бақыт, ана — күн. Әркім сүйіп өзінің Мақтан етер анасын!

Талғат

Ерлік еңбек атқарған, Еңбегімен мақталған, Ел сенімін ақтаған, Айналайын, ақ анам! Бізді өсіріп баптаған, Жақсы болсақ шаттанған, Алтыным деп мақтаған, Айналайын, ақ анам!

Тарихи дерек (Гүлдана)

Аналар мерекесі — адамзат мерекесі. Тарихқа көз жүгіртсек, 1910 жылы Копенгагенде социалист әйелдердің халықаралық 2-конференциясында Клара Цеткин халықаралық әйелдер күнін атап өтуді ұсынды. 1911 жылы Германияда, Австрияда және Данияда, ал біздің өңірімізде 1913 жылы Петербургте аталып өтті.

Ұлағатты ойлар

Ананың берген тағылымымен ешқандай бақ-дәулет те, хан қаһары да, батырдың айбары да теңесе алмайды. Осы құдіретті паш ететін ұлылардың сөздеріне назар аударайық.

«Әйел сұлу болмайды көркіменен, мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме.»

Абай Құнанбаев (Төлеген)

«Әйелдің өз перзентін үйретіп, өсіруге ұмтылысы қанында бар, әрі оған сай қабілеті де бар.»

К. Д. Ушинский (Ершат)

«Әйел затының ерлігі мен қажырлылығы ер азаматқа бекзаттық, сұлулық, ақ ниеттілік, адалдық қасиеттерін дарытады екеніне мен мың сан мәрте көз жеткіздім.»

В. А. Сухомлинский (Мирамгүл)

«Нәзіктіктің жиынтығы — ананың алақаны, сондықтан да ол сәби үшін ең жылы ұя.»

В. Гюго (Дархан)

Мақал-мәтелдер

  • Ана жақсылығын ауырсаң білерсің, қайын жақсылығын қыдырсаң білерсің.
  • Анасын сүйгеннің баласын сүй.
  • Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.
  • Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.

Шығармашылық жұмыс

Тапсырма

«Ана» деген сөзге байланысты өз ассоциацияларыңызды жазыңыз. Мысалы: мейірім, жылу, қамқорлық, сабыр, ақ тілек, үй, бесік, тәрбие.

Қорытынды ой

Мұғалімнің жүрекке жетер сөзі бар: «Ананың ақ сүтін ақтау» деген тамаша ұғым бар. Біз осы сөзді өмірімізде қалай жүзеге асырып жүрміз — осыны терең ойланайық.

Анасын ренжіткен адам өзі сүйген жарын шын қадірлей ала ма? Анаға құрмет — өмір бойы терең де шексіз болуы керек. Ана сыйламаған тас жүрек адам өмірде ешкімнен сый көрмейді; өз қаталдығының салдарын өзі тартады.

Адам баласы үшін ең аяулы, ең қастерлі сөз — АНА.