Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып жаз

Сабақтың тақырыбы: Бастауыш

Бұл сабақта сөйлем мүшелері туралы бұрын алған білімдер пысықталып, бастауыштың сөйлемдегі қызметі нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі.

Білімділік

Сөйлем мүшелері туралы білімді бекіту, бастауыштың қызметін түсіндіру.

Дамытушылық

Ойлау, байқампаздық, тіл байлығы, сөздік қор және есте сақтау қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Ана тілін сүюге, құрметтеуге, әдептілікке, ұқыптылыққа және сауатты жазуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Хабарлау, сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу, баяндау, талдау, практикалық жұмыс.

Сабақтың түрі және көрнекілігі

Аралас сабақ. Көрнекілік: презентациялар (сөзжұмбақ, ребус, суреттер).

I. Психологиялық дайындық

Сабаққа шоғырлануға арналған өлең жолдары

Қатар-қатар тізіліп, оқушыға лайық,

Қолымызды жіберіп, түп-түзу болып тұрайық.

Жақсы оқып сабақты, әдеп сақтау — сәніміз,

Отыруға нақпа-нақ дайындалдық бәріміз.

1-қатар — жай отыр. 2-қатар — тез отыр. 3-қатар — сен де отыр. Сабақ бастар кез болып тұр.

II. Өткенді еске түсіру

Сөзжұмбақ

Жұмбақтардың жауабын тауып, жасырын сөзді анықтаңыз.

  1. 1. Тілдерімен жүреді, уақытты біледі.

    Жауабы: Сағат

  2. 2. Тәтті, тәттінің іші қатты, қаттының іші тәтті.

    Жауабы: Өрік

  3. 3. Әдетте жалғызсың, қарай қалсаң — екеусің.

    Жауабы: Айна

  4. 4. Өзі айлакер, өзі бір қу, жүрген жері — айқай-шу.

    Жауабы: Түлкі

  5. 5. Өзі үлкен жануар, үстінде екі тауы бар.

    Жауабы: Түйе

  6. 6. Құралы әрі ермегі — тоқиытын өрмегі.

    Жауабы: Өрмекші

Жасырын сөз

СӨЙЛЕМ

Сұрақ-жауап

  • Сөйлем дегеніміз не?
  • Сөйлемнің соңына қандай тыныс белгілері қойылады?
  • Сөйлем мүшелері деп қандай сөздерді айтамыз?

Талдау тапсырмасы

Әр сөйлемдегі сөз санын анықтаңыз. Әр сөздің үстіне тиісті сұрағын жазыңыз.

Ұстаздан шәкірт озар.

Сұрақтар үлгісі: кімнен? кім? не істейді?

Еңбек өмірді ажарлайды.

Сұрақтар үлгісі: не? нені? не істейді?

III. Көркем жазу минуты

Қолға қалам алайық, салақтықтан қашайық.

Дәптерімізді ашайық, көркем етіп жазайық.

Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. (Абай)

IV. Жаңа сабақты түсіндіру

Ребус

Ребустың жауабы: Бастауыш

Ереже

Кім? не? кімдер? нелер? сұрақтарына жауап беретін сөйлемнің негізгі мүшесін бастауыш дейміз.

Мысалдар

Жаңбыр жауды.

Сұрақ: Не жауды?

Оқушылар жазды.

Сұрақ: Кім жазды?

Мұғалім түсіндірді.

Сұрақ: Кім түсіндірді?

Лақ маңырады.

Сұрақ: Не маңырады?

Мұз қатты.

Сұрақ: Не қатты?

Күн шықты.

Сұрақ: Не шықты?

Сәкен оқыды.

Сұрақ: Кім оқыды?

V. Оқулықпен жұмыс

1-жаттығу

Сөйлемдерді көшіріп жазыңыз. Сөйлемде кім немесе не туралы айтылғанын анықтап, сол сөздің астын сызыңыз.

  • Балалар бүгін музейге барады.
  • Құстар жылы жаққа ұшып кетті.
  • Болат қиын есепті өзі шығарды.
  • Апам бөлмені жинады.

2-жаттығу

Суреттің орнына тиісті сөздерді қойып, көшіріп жазыңыз. Суреттің орнына жазылған сөздерге сұрақ қойыңыз.

Дәрігер

науқас адамдарды емдейді.

Құс

аспанға ұшты.

Аю

қысқы ұйқыға қамданды.

Бала

тамылжыта ән салды.

VI. Сергіту сәті

Қане, сапты түзеңдер, тізелеріңді бүгіңдер.

Ыршып алға түсіңдер, ыршып артқа түсіңдер.

Көбелекше ұшамыз, отырамыз, тұрамыз.

Сергітуге мың алғыс!

VII. Өлеңмен жұмыс

3-жаттығу

Өлеңді оқып, көшіріп жазыңыз. Бастауыштардың астын сызып, оларға сұрақ қойыңыз.

Мен далаға бардым.

Қыр гүлің берді,

Көл суын берді,

Күн нұрын берді.

VIII. Ойын: «Адасқан сөзді тап!»

Адасқан бастауыштарды өз орнына қойып, сөйлемдерді көшіріп жазыңыз.

Сұрақ

Жауап

Не мөңірейді?

Сиыр мөңірейді.

Не кісінейді?

Жылқы кісінейді.

Не боздайды?

Түйе боздайды.

Не маңырайды?

Қой маңырайды.

Не ақырады?

Арыстан ақырады.

Ескерту: тапсырма слайд материалымен (№28) бірге орындалады.

IX. Ойын: «Саны бар атаулар»

1 + лік → бірлік

2 + жүздік → екіжүздік

К + 3 + ік → күшік

5 + ік → бесік

6 + бақан → алтыбақан

7 + м → жетім

8 + аяқ → сегізаяқ

9 + құмалақ → тоғызқұмалақ

X. Өзіндік жұмыс

  • Сурет бойынша шағын әңгіме құрастырып жазыңыз.
  • Мәтіндегі бастауыштардың астын сызыңыз.

XI. Үй тапсырмасы

Күнделікті енді ашайық,

Үй тапсырмасын жазайық.

Бастауыш туралы алған білімді ұмытпай,

Есте мықтап сақтап алайық.

4-жаттығу

Мәтінді оқыңыз. Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып жазыңыз.

(Кімдер?) сыныпта гүл өсірді.

(Нелер?) сынып бөлмесінің ауасын тазартады.

Аквариумде (нелер?) жүзіп жүр.

(Кімдер?) балықтарға қамқорлық жасайды.

Керекті сөздер

балалар, балықтар, олар, өсімдіктер, оқушылар

Дайын нұсқа

Оқушылар сыныпта гүл өсірді.

Өсімдіктер сынып бөлмесінің ауасын тазартады.

Аквариумде балықтар жүзіп жүр.

Олар балықтарға қамқорлық жасайды.

XII. Бағалау

Оқушылар бағалау парақшалары арқылы бағаланады. Мұғалімнің қорытынды сөзі оқу мотивациясын көтеруге бағытталады.

Мұғалімнің айтқанын мықтап ойға тоқимыз.

Бар ынтамен оқысақ, түгел «5»-ке оқимыз.

5 4 3