Сан және есеп
Мектепке дейінгі балалардың ақыл-ой, дене, адамгершілік және эстетикалық тәрбиесіне қатысты психологиялық-педагогикалық зерттеулер осы кезеңде баланың қабылдау мүмкіндіктері өте жоғары екенін дәлелдейді. Ата-аналар мен тәрбиешілердің жүйелі басшылығы арқылы баланың өмірлік тәжірибесі нығайып, адамгершілік мінез-құлық дағдылары қалыптаса бастайды, қоршаған адамдармен қарым-қатынасы жетіледі.
Мектепалды даярлық топтарының бағдарламаларында баланы мектепке дайындаудың негізгі міндеттері айқын көрсетіледі. Сол міндеттердің өзегінің бірі — балаларда математиканың алғашқы ұғымдарын қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс баланың танымдық белсенділігін арттырып, кейінгі оқуына берік негіз қалайды.
Мектепалды даярлықта математикадан қандай білім қалыптасуы тиіс?
Бағдарлама мазмұны негізінен бес ірі бөлімнен тұрады: сан және есеп, көлем, форма, кеңістікті бағдарлау, уақытты бағдарлау.
1) Сан және есеп
Мектеп жасына дейінгі баланың математикалық білімге бейімділігі ерекше байқалады: ол санауды үйренуге, сандарды тануға, мысалдар мен қарапайым есептерді шығаруға талпынады. Осы кезеңде баланың танымдық есептерді түсіну қабілетін жүйелі түрде дамыту маңызды.
Дидактикалық ойындар арқылы балалар түрлі жаттығуларды орындап, сандық қатынастарды табиғи түрде меңгереді. Мектепалды даярлықта балалардың мыналарды игеруі көзделеді:
- 10-ға дейін тура және кері санау;
- көрнекі материалға сүйеніп ауызша қосу және азайту амалдарын орындау;
- сандарды салыстыру, тең емес топтардан теңдік құрастыру;
- реттік қатарды, цифрларды тану;
- санның бірліктерден тұратынын және өзінен кіші екі санның қосындысы ретінде де қарастырылатынын түсіну;
- берілген сан бойынша заттарды санап алу;
- заттарды тең екі және төрт бөлікке бөлуге үйрену.
Негізгі ұғымдар
Балалар сандарды салыстыру арқылы көп–аз, біреу, «қанша болса, сонша» сияқты түсініктерді меңгереді.
2) Көлем
Бұл бөлімде балалар әртүрлі шамалар бойынша заттарды салыстыруға үйренеді. Олар заттардың ұзындығын, енін, биіктігін, қалыңдығын салыстырып, көлемдік өзгерістерді түсіндіре алуы тиіс.
«Жалпақ», «биіктеу», «ұзындау» сияқты сөздерді нақты салыстыру арқылы қолдануға дағдыланады. Шартты өлшеуішті пайдалану және көзбен мөлшерлеу тәсілдері меңгеріледі. Сондай-ақ сусымалы және сұйық заттарды өлшеуге машықтанады.
3) Форма
Балалар геометриялық пішіндермен танысады: төртбұрыш, үшбұрыш, шаршы, дөңгелек, сопақша және көпбұрыштар.
Қоршаған ортадан осы пішіндерге ұқсас заттарды табуға, пішіндерден түрлі бейнелер құрастырып, қандай пішіндер қолданылғанын атап айтуға үйренеді.
4) Кеңістікті бағдарлау
Кеңістікті бағдарлау тапсырмалары баланың заттардың орнын өзіне қатысты және өзгелерге қатысты анықтай алуын қалыптастырады. Мысалы: «Менің алдымда Қанат тұр», «Менің сол жағымда үстел тұр», «Қанаттың оң жағында Самат отыр», «Аюдың қасында қоян тұр», «Шкафтың үстінде доп тұр».
Сонымен бірге бала қоршаған заттардың арасында өзінің орнын да дұрыс анықтай білуге дағдыланады.
5) Уақытты бағдарлау
Уақыт туралы түсініктер ойын, әңгіме және оқу қызметі барысында табиғи белгілерге сүйене отырып қалыптасады. Балалар таңертең, түс, кеш, түн ұғымдарын түсініп, дұрыс қолдануы тиіс.
- жыл мезгілдерінің ретін білу және оларды белгілері бойынша ажырату;
- апта күндерін ретімен атау: бүгін, кеше, ертең;
- ай аттарын атай білу.
Ойын арқылы үйрету: халықтық мұра және дидактикалық тәсілдер
Халқымыздың бала тәрбиесіне арналған ауыз әдебиеті үлгілері мол. Жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар, әзіл есептер баланың қызығушылығын арттырып, зейінін дамытады, ойлауын жетілдіреді. Ұйқасы жеңіл, әуезді мәтіндер балаға әсер етіп, қиялын ұштайды.
Саусақ ойындары
«Қуырмаш», «Саусақ санау», «Бес саусақ», «Бір қазан сүт» сияқты ойындарды ойната отырып, баланың көңіл-күйін көтеріп, жағымды эмоциялық орта қалыптастыруға болады. Саусақтардың халықтық атауларын үйрете отырып, санауға дағдыландырамыз.
Қызықты тапсырмалар
Мектеп жасына дейінгі балалар жарыс, ойын, есеп құрастыру мен шешу, затты іздеп табу сияқты тәсілдерді ықыласпен орындайды. Бұл олардың оқу әрекетіне деген ішкі уәжін күшейтеді.
Ұсынылатын дидактикалық ойындар
Сандарды қалыптастыруға
- «Кім тез табады?»
- «Не өзгерді?»
- «Кімнің орны?»
Геометриялық пішіндерге
- «Сыңарын тап»
- «Өз үйіңді тап»
- «Алтын сандық»
- «Қандай пішінге ұқсайды?»
Кеңістікті бағдарлауға
- «Барлаушылар»
- «Саяхатшылар»
- «Ойыншық қайда тұр?»
- «Қоян қайдан келеді?»
Уақытты бағдарлауға
- «Апта»
- «Бұл қай кез?»
- «Кім шапшаң?»
Көлемді және логикалық ойлауды дамытуға
- «Кімнің үйі биік?»
- «Қайсы жол ұзын, қайсы жол қысқа?»
- «Аспанда 5 балық ұшып жүр. Екі балық жерге қонды. Аспанда неше балық қалды?»
- «Сиырда 5 мүйіз, ешкіде 5 мүйіз. Қосқанда барлығы қанша мүйіз болады?»
Осындай ойындар мен тапсырмаларды жапсыру, мүсіндеу, құрастыру, сурет салу, тіл дамыту және айналамен таныстыру сияқты оқу қызметтерімен ықпалдастыра өткізсек, тәрбие мен білім беру нәтижесі арта түседі.
Тәжірибеден: 1–10 сандарын меңгертудің тиімді тәсілі
Математика оқу қызметінде балалардың ой-өрісін кеңейтіп, танымдық белсенділігін дамытуға басымдық беремін. Күнделікті оқу материалын балалардың айналасындағы таныс заттармен және құбылыстармен салыстыра түсіндіруді тиімді деп санаймын.
Қарапайым үлгі
1-ден 10-ға дейінгі сандарды өткенде, заттарды жеке және топтап салыстыру арқылы санауға машықтандыруды мақсат еттім. Сандардың атауын, ретін және цифрларын меңгертуде әртүрлі әдістер қолданылды. Санауды үйрету кезінде санның бірліктерден тұратынын нақты мысалмен түсіндіремін.
Тапсырма құрылымы
Тақтаға 5 бала шақырылады. Әр баланың қолына 1-ден 5-ке дейінгі сандар жазылған карточкалар беріледі. Содан кейін карточкадағы санға сәйкес алма саны көрсетілген суреттер таратылады. Осылайша балалар санның неше бірліктен тұратынын өздері аңғарады.
Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын баланың математикадан жеткілікті білім қоры, қабілеті мен икемі болғаны маңызды. Бұл негіз оның келешекте жақсы оқып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.