Қоңыр үнді қобыз ғасырлар сырын жетелейтін киелі аспап

Сабақтың тақырыбы

Киелі аспап — қобыз.

Мақсаты

Таныстыру және түсіндіру

  • Оқушыларды қобыз аспабымен таныстыру.
  • Күй атасы — Қорқыт туралы түсінік қалыптастыру.
  • Қобызға арналған күйлерді тыңдату.

Дамыту және тәрбиелеу

  • Қобыз күйлері арқылы сана-сезімін, ой-өрісін кеңейту; өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып өмірге көзқарасын қалыптастыру.
  • Музыкалық қабілетін дамыту, шығармашылық белсенділігін арттыру.
  • Туған жер табиғатын сүюге, жан-жануарларға қамқор болуға баулу.
  • Музыка арқылы адал, сезімтал, адамгершілігі мол, салауатты әрі инабатты тұлға тәрбиелеу.

Көрнекілік және ұйымдастыру

Көрнекіліктер

  • Қобыз, домбыра
  • Слайд көрсету
  • Үнтаспа
  • Қорқыттың суреті

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Түсіндіру
  • Ойын элементтері
  • Музыка тыңдау

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сыныппен жылы амандасу және көңіл күйді сабаққа бағыттау.

Сәлеметсіздер ме?
Сәлем бердік сізге!
Ән сабағы сыйласын
Жарқын көңіл бізге.

Сұлу сазды әнім,
Күймен жырлар сәнім.
Өнерліге құрметпен,
Қол соғыңдар бәрің!

2) Үй тапсырмасын тексеру

Слайд арқылы өткен тақырыпты еске түсіру: «Нені білдік?»

Құрманғазы туралы қысқаша

Күйші-композитор
Құрманғазы
Өңірі
Батыс Қазақстан
Әкесі
Сағырбай
Шәкірті
Дина

Күйлері және идеясы

  • «Ақсақ киік»
  • «Адай»
  • «Балбырауын»

Құрманғазы — еркіндік пен теңдік идеясын күй арқылы жеткізген күрескер тұлға.

3) Жаңа сабақ

Тақырыпты ашу

Жаңа тақырып «Қимылды түсін» ойыны арқылы ашылады. Одан кейін слайд арқылы түсіндіріледі: «Киелі аспап — қобыз».

Қобыз — көне дәуірден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы. Ғылыми деректерде қобыздың арғы тегі садақпен байланысты екені айтылады. Қобызды көбіне скрипканың атасы деп те атайды.

Қазақ танымында қобыз — киелі аспап. Ерте заманда қобыз тартқан бақсылардың адам жанына әсер ететін айрықша қабілеті бар деп сенген. Қобыздан шыққан қоңыр үн адамның бойындағы әлсіздік пен жағымсыз күштерді серпілтіп, рухын көтереді деген түсінік қалыптасқан.

Қобыз туралы сөз қозғалғанда ең әуелі Қорқыт ата еске түседі. Қорқыттан қалған қасиетті қара қобыз ғасырлар бойы үзілмей, қазақ халқының қуанышы мен қайғысын саз арқылы жеткізіп келеді.

Қорқыт ата туралы

Қобыздың атасы атанған Қорқыт баба VIII–IX ғасырларда қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Сырдария өзенінің төменгі ағысында, Жанкент қаласы маңында өмір сүрген. Ол — көріпкел, шебер күйші әрі жыршы.

Қорқыт бала күнінен-ақ әртүрлі аспаптарда шебер ойнаған. Ең маңыздысы — қобызды бақсы-балгерлер мен кезбе дуаналардың қолындағы қарапайым құрал деңгейінде қалдырмай, оны нағыз халықтық музыка аспабы ретінде таныта білген.

«Қорқыт» есімінің қойылуы

Аңыз бойынша, Қорқыт дүниеге келер сәтте айналаны қап-қара түнек басып, қатты дауыл соғып, ел-жұрттың зәресін алған. Бала туған бойда тіл қатып сөйлей бастағанда, жұрт алғашында үрейленіп, оны «жеті басты жалмауыз» болуы мүмкін деп ойлаған. Алайда оның адам екеніне көз жеткізген соң көңілдері орнына түседі.

«Бұл ерекше бала бәрімізді қорқытты» деген түсінікпен, есімін Қорқыт деп қойған деседі.

Қорқыт жасынан өте зерек болып өсіп, адамның да, жануардың да үнін, табиғат құбылыстарының дыбысын жеткізе алатын жаңа аспап жасауды армандаған.