Қайда жүрмек
Сабақ туралы мәлімет
Мектеп
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, М. Шаханов атындағы жалпы орта мектебі
Пән мұғалімі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Полатова Айнұр Мүслімбекқызы
Сабақтың тақырыбы
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті
Сабақтың типі
Аралас сабақ
Сабақтың түрі
Дәстүрлі сабақ
Әдіс-тәсілдер
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Жаттығу
Көрнекілік
Лингвистикалық кесте
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Оқушыларға зат есімнің синтаксистік қызметі туралы лингвистикалық білім беру және оны жаттығу жұмыстары арқылы бекіту.
2) Тәрбиелік
Оқушыларды әдептілікке, ізгілікке тәрбиелеу.
3) Дамытушылық
Оқушылардың синтаксистік талдау жасау дағдыларын дамыту.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- Жіктік жалғауы туралы түсінік.
- 50-жаттығу.
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру
1) Мысалдар арқылы түсіндіру
1. Таулардан өзен ағар сарқыраған.
2. Ақ басты Алатаудың Жамбылымын.
3. Дайрабай әрі күйші, әнші, ақын адам болған.
4. Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан, бастары көкке байлап бұлттан асқан. (С. Сейфуллин)
5. Көкке қарай қанат қағып, аққу кетті бұлдырап. (С. Сейфуллин)
2) Теориялық түсіндірме
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі оның қай септік жалғауында жұмсалуына байланысты. Сөйлем ішінде зат есім әртүрлі мүше қызметін атқара алады: бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш.
Атау септік → бастауыш
Зат есім атау септікте тұрып, кім? не? сұрақтарына жауап береді және сөйлемде ойдың иесі болады.
Мысалы: «Таулардан өзен ағар сарқыраған.» (Ы. Алтынсарин)
Бұл сөйлемде өзен сөзі атау септікте тұрып, бастауыш қызметін атқарып тұр.
Жіктеліп келуі → баяндауыш
Зат есім жіктеліп келіп, сөйлемнің баяндауышы бола алады. 3-жақта жіктелген сөзде жіктік жалғауы болмайды.
«Ақ басты Алатаудың Жамбылымын.» (Жамбыл)
«Ынтымақ — өтпес сауыт.» (Мәтел)
Мұнда Жамбылымын және сауыт сөздері баяндауыш қызметін атқарады.
Ілік септік (немесе түбір тұлға) → анықтауыш
«Абайдың қонақтары ымырт жабылар кезде ғана көрінді.» (М. Әуезов)
«Дайрабай әрі күйші, әнші, ақын адам болған.»
Бұл сөйлемдерде зат есімдер анықтауыш қызметінде жұмсалған.
Табыс/барыс/жатыс/шығыс/көмектес септіктер → толықтауыш
Зат есім табыс септікте, сондай-ақ барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып, толықтауыш қызметін атқара алады.
«Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан, бастары көкке байлап бұлттан асқан.» (С. Сейфуллин)
Мұнда Көкшетауды (табыс септік) және бұлттан (шығыс септік) — толықтауыш.
Септіктер + шылаулар → пысықтауыш
Зат есім барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып немесе түбір тұлғада мезгілдік, мекен-бағыттық, себеп-мақсаттық мәндегі шылаулармен тіркесіп келіп, пысықтауыш қызметін атқара алады.
«Орманның оңтүстік жақ бүйірінен жол шықты айдаһардай иірілген.» (С. Мәуленов)
«Көкке қарай қанат қағып, аққу кетті бұлдырап.» (С. Сейфуллин)
Мұнда бүйірінен (шығыс септік) және көкке қарай (барыс септік + қарай шылауы) — пысықтауыш.
Қосымша түсінік: сөйлем мүшелері
Бастауыш сыныптарда сөйлем мүшелері тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер деп екіге бөлініп оқытылады. Тұрлаулы мүшелерге бастауыш пен баяндауыш, ал тұрлаусыз мүшелерге анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш жатады.
Бастауыш
Кім? не? кімдер? нелер? кімім? нем? қайсысы? қаншасы? нешеуі? сияқты сұрақтарға жауап береді және баяндауыш білдіретін іс-қимылдың иесі болады.
Менің туған жерім — Алматы.
Әкесі — құрылысшы.
Баяндауыш
Бастауыштың атқарған іс-қимылын немесе оның кім, не екенін көрсетеді. Сұрағы бастауышпен байланыса қойылады және баяндауыштың қай сөз табынан жасалғанына қарай түрленеді.
Ер жолдасы — тәуекел. (Ер жолдасы не?)
Қыздың белбеуі әдемі. (Белбеуі қандай?)
Ағасы — студент. (Ағасы кім?)
Анықтауыш
Зат есіммен (немесе зат есім орнына жүретін басқа сөз таптарымен) байланысып, оларды сын-сапа, сан-мөлшер, меншіктілік-тәуелділік жағынан сипаттайды. Қандай? қай? қанша? неше? кімнің? ненің? сұрақтарына жауап береді.
Өр Алтайға, ару Алтайға көктем келді. (қандай? қай?)
Алтай кеудесінен екі жүз өзен арқырап құлайды. (қанша?)
Толықтауыш
Өзі толықтайтын мүшемен табыс, барыс, шығыс, көмектес (сондай-ақ жатыс) септіктерінің бірінде тұрып, заттық ұғымда байланысады. Кімді? нені? кімге? неге? кімнен? неден? кімде? неде? кіммен? немен? сұрақтарына жауап береді.
Сағит ақ орамалға түйілген бір нәрсені қолына ұстатып кетті. (С. М.)
Абай мұны біліп жүр еді. (М. Ә.)
Пысықтауыш
Етістіктен болған мүшелермен байланысып, іс-қимылдың амалын, мезгілін, мекенін, себебін, мақсатын, сан-мөлшерлік сипатын білдіреді. Қайда? қайдан? қашан? қалай? қайтіп? не үшін? не мақсатпен? не себептен? сұрақтарына жауап береді.
Ертең ол Қарқаралыға жүрмек. (М. Ә.) (қашан? қайда?)
Біз жемісті өмір сүру үшін асығайық. (З. Ш.) (не үшін?)
3) Лингвистикалық кесте (үлгілер)
1. Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын.
2. Өнер алды — қызыл тіл.
3. Шебердің қолы ортақ. Шешеннің тілі ортақ.
4. Отан оттан да ыстық.
5. Көкке қарай қанат қағып, аққу кетті бұлдырап. (С. С.)
IV. Жаңа сабақты бекіту
49-жаттығу (жазбаша)
Мәтінді оқып, құрамындағы зат есімдердің қай септікте тұрғанын және сөйлемнің қай мүшесі екенін анықтаңдар.
Үлгі
парашютпен — көмектес септігі, сөйлемде толықтауыш қызметін атқарып тұр.
Мәтін: «Парашют» (Т. Бигелдинов)
Парашютпен ұшақтан секіруге құмар болдым. Осы ойымды орындауға тырыстым.
Әуелі парашютпен мұнарадан секіріп үйрендім. Содан кейін ұшақтан секіруге талпындым.
Бір күні таңертең беліме парашют байлап, ұшаққа міндім. Ұшақ жерден екі километрдей биікке көтерілді.
Мен секіруге әзірленіп, ептеп ұшақтың қанатына шықтым. Сол кезде ұшқыш қолын көтерді.
Ұшақтың қанатынан төмен қарай секірдім. Аздан кейін бір селоныӊ қасына келіп түстім.
50-жаттығу (ауызша)
Қоралар қалады қаңырап,
Ертемен қой өріп кетеді,
Момақан қозылар маңырап,
Үндері көш жерге жетеді.
(Қ. Мырзалиев)
51-жаттығу (жазбаша)
Үлгі (I жақ)
Мен дәрігермін. Біз дәрігерміз.
Үлгі (II жақ)
Сен дәрігерсің. Сендер дәрігерсіңдер.
Сіз дәрігерсіз. Сіздер дәрігерсіздер.
Үлгі (III жақ)
Ол — дәрігер. Олар — дәрігерлер.
Берілген сөздер
Дәрігер, Азамат, Инженер, Оқушы.
52-жаттығу: синтаксистік талдау
Ауылдың шеткері жағында шағын өзен ағып жатыр.
Өзеннің үстіне көпір орналасқан.
Көпірдің жиегі цементпен бекітілген.
Көпір үстімен машиналар ағылып жатыр.
Жамал дөңестің төбесінде тұр.
Кешке қарай есік алдында еркін сөйлескен үй ішінің әңгімесі Жамалдың құлағына анық естіледі.
Ауылдың сыртындағы жолмен жолаушылар кетіп барады.
V. Үй тапсырмасы
53-жаттығу: «Зат есімнің сөйлемдегі қызметі» тақырыбы бойынша тапсырмаларды орындау.
VI. Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен жазба жұмыстарының орындалу сапасына қарай бағалау.