Оқушыларға тұздар гидролизінің жүру механизмін түсіндіре отырып, тұздар ерітіндісінде индикаторлардың түсі өзгеруі жайлы білім беру

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға тұздар гидролизінің жүру механизмін түсіндіру және тұз ерітінділерінде индикатор түсінің өзгеру себептерін меңгерту.

Дамытушылық

Жаңа технология элементтерін қолдана отырып ой-өрісті, таным көкжиегін кеңейту; тапсырмалар арқылы белсенділікті арттыру; бағыт-бағдар бере отырып өз бетінше қорытынды жасауға дағдыландыру.

Тәрбиелік

Шапшаңдық пен жылдамдыққа тәрбиелеу, ұжым ішінде өз ойын ашық жеткізу мәдениетін қалыптастыру.

Әдіс-тәсілдер

  • Дамыта оқыту технологиясы
  • Қараевтің деңгейлеп оқыту технологиясы
  • Ақпараттандыру технологиясы: интерактивті тақта арқылы түсіндіру

Көрнекіліктер және байланыс

Көрнекілік

Электронды оқулық, плакаттар, кеспе қағаздары, ерігіштік кестесі, периодтық жүйе, слайдтар, интерактивті тақта.

Пәнаралық және өмірмен байланыс

Күнделікті өмір, физика, математика.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу. Оқушылардың сабаққа қатысуын және дайындығын тексеру. Назарын сабаққа шоғырландыру.

II. Үй тапсырмасын қайталау

Үйге берілген №5 есеп әр оқушының дәптері арқылы жеке тексеріледі. Қателіктер болған жағдайда, тапсырма тақтада талданып, өтілген тақырып бойынша пысықтау сұрақтары қойылады.

Пысықтау сұрақтары (ЭДТ)

  1. ЭДТ тұрғысынан қышқылдарға анықтама беріңдер.
  2. ЭДТ тұрғысынан негіздерге анықтама беріңдер.
  3. ЭДТ тұрғысынан тұздарға анықтама беріңдер.

Тақырыптың меңгерілгені анықталғаннан кейін мұғалім жаңа сабаққа көшеді.

III. Жаңа сабақ: тұздар гидролизі

Судың диссоциациясы және ортаның сипаты

Су өте аз мөлшерде сутек және гидроксид иондарына диссоциацияланады:

H₂O ↔ H⁺ + OH⁻

Диссоциация нәтижесінде H⁺ және OH⁻ иондары бірдей мөлшерде түзілетіндіктен, су бейтарап орта көрсетеді.

Сілтілік орта

Ерітіндіде OH⁻ иондары артық.

Бейтарап орта

H⁺ және OH⁻ мөлшері тең.

Қышқылдық орта

Ерітіндіде H⁺ иондары артық.

Тұз ерітінділері неге әртүрлі орта көрсетеді?

Егер тұздың сулы ерітіндісінде H⁺ те, OH⁻ те артық түзілмесе, ерітінді бейтарап болуы тиіс. Шынында да, күшті қышқыл мен күшті негіз әрекеттескенде түзілетін натрий хлориді (NaCl), калий нитраты (KNO₃), калий сульфаты (K₂SO₄) сияқты тұздардың ерітінділері бейтарап орта көрсетеді.

Бейтарап мысалдар

  • NaCl
  • KNO₃
  • K₂SO₄

Қышқылдық орта береді

  • FeCl₃
  • ZnCl₂
  • NH₄Cl

Сілтілік орта береді

  • Na₂CO₃
  • K₂CO₃

Индикаторлар арқылы дәлелдеу

Тұз ерітінділерінің ортасын анықтау үшін ерітіндіге фенолфталеин немесе лакмус ерітіндісінің 1–2 тамшысын қосамыз.

Ерітінді Лакмус әсері Қорытынды орта
NaCl Түсі өзгермейді Бейтарап
FeCl₃, ZnCl₂, NH₄Cl Қызарады Қышқылдық
Na₂CO₃, K₂CO₃ Көгереді Сілтілік

Осы бақылаулар тұздардың табиғатына байланысты олардың ерітінділері бейтарап, қышқылдық немесе сілтілік орта көрсетуі мүмкін екенін дәлелдейді.