Ғажайып ойыншықтар әлеміне саяхат
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы • №9 «Балауса» балабақшасы
Тәрбиеші: Ләззат Оразбай
Білім беру саласы
Денсаулық, Таным
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Дене шынықтыру, Айналамен таныстыру
Топ
ІІ кіші топ
Тақырып
«Ғажайып ойыншықтар әлеміне саяхат»
Мақсаты
Балалардың ойыншықтар туралы түсінігін кеңейту, олардың ерекшеліктерін ұғындыру. Ойыншықтардың атауын атап, тақпақ айтуға және сипаттауға үйрету. «Ғажайып сәттерді» пайдалану арқылы балалардың тілін, ой-өрісін, сөйлеу мәнерін дамыту.
Әдіс-тәсілдер
- Саяхат
- Түсіндіру
- Көрсету
- Баяндау
- Психологиялық ойын-жаттығу
Сөздік жұмыс
Сабақтың барысы
Кіріспе: жылы лебіз
Тәрбиеші балалардың назарын топ бөлмесіне аударып, бүгінгі күнге жақсы тілектер айтуды ұсынады:
- Еліміз аман болсын!
- Елбасымыз аман болсын!
- Анамыздың денсаулығы мықты болсын!
- Досымыз көп болсын!
- Әрқашан күн сөнбесін!
Ойын: «Көбелекті ұста»
Ойынның шарты: балалар — гүлдер. Әр гүлге көбелек ұшып келіп қонады. Көбелек қонған бала тәрбиешінің сұрағына жауап береді.
Сұрақтар
- 1.Күзде жапырақтардың түсі қандай болады?
- 2.Күз айларын білесіңдер ме?
- 3.Күзде құстар қайда ұшып кетеді?
- 4.Күз туралы өлең-тақпақ білесің бе?
Саяхатқа дайындық: дене шынықтыру
Балалар «Ғажайып ойыншықтар әлеміне» аттанбас бұрын, денені сергітіп аламыз. «Денсаулық орталығына» барып, жаттығулар жасаймыз.
I. Жүру түрлері
- Аяқтың ұшымен жүру
- Өкшемен жүру
- «Пингвин» жүрісі
- «Жыланша» ирелеңдеп жүру
II. Жан-жақты дамыту жаттығулары
- 1.Қолды алға созу, жоғары және жанға созу
- 2.Қолды иыққа қойып, иықты айналдыру
- 3.Екі қолды жоғары созып, артқа иілу; аяқты артқа созу
- 4.Қолды белге қойып, белді айналдыру
- 5.Қоянша секіру
- 6.Тыныс алу жаттығулары
Жолға шығу: қонақтар мен көлік
Бүгін сабаққа аңдар да қонаққа келді. Балалар қонақтармен амандасып, оларды да саяхатқа бірге шақырады. Тәрбиеші: «Сендер қиындықтан қорықпайсыңдар ма?» Балалар: «Жоқ!»
Қандай көлікпен барамыз? Балалар: «Барлығымыз автобусқа мініп жол жүреміз». Көңілді жүру үшін «Қуыршақ әнін» орындаймыз.
Тоқтау: бағдаршам ережесі
Балалар бағдаршамға келіп тоқтайды. Оқушы Диас өлең жолдарымен ережені еске салады:
Алма кезек үш көзін,
Айтшы деп ұқ үш сөзін.
Тоқта, сақтан, жол ашық,
Жүрме жолға таласып.
Қызыл көзін ашқанда,
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда,
Қарап қалма аспанға.
Жасыл көзін ашқанда,
Өте бергін жасқанба.
Ормандағы тапсырма: «Алтын сандық»
Балалар автобустан түсіп, орман ішінен өтеді. Жолай ағаштан «алтын сандық» табады. Сандықтың ішінде суреттер бар. Шарт: сурет туралы тақпақ немесе өлең айтқан бала «Ғажайып ойыншықтар әлеміне» өте алады.
Айдана — «Гүл»
Гүл өсірсең терлеп,
Мұның аты — еңбек.
Кесте тіксең зерлеп,
Мұның аты — еңбек.
Дәулет — «Кірпі»
Кірпі, кірпі, кірпі,
Үстің толған ине.
Бірін берсең, шіркін,
Қадар едім түйме.
Қырмызы — «Тиін»
Үлп-үлп еткен киімді,
Білесің бе тиінді?
Көзі өткір жұлдыздай,
Жүні жібек құндыздай.
Аянат — «Алма»
Пісіп тұрған алмамын,
Тамсандырар бал дәмім.
Жерге сілкіп түсірсе,
Ісіп кетер маңдайым.
Тәрбиеші балаларды мадақтап: «Бәрекелді! Жарайсыңдар!» — деп, келесі кезеңге өткізеді.
«Ғажайып ойыншықтар әлемі»
Балалар ойыншықтар әлеміне келді. Мұнда ойыншықтардың түр-түрі бар, барлығы да балалар үшін жасалған. Ойыншықтар пластмасса, резина және жұмсақ материалдардан жасалуы мүмкін.
Психологиялық ойын-жаттығу: «Мен қалай сеземін?»
Тапсырма: балалар көзін жұмып, ойыншықты сипау және саусақпен зерттеу арқылы оның қандай материалдан жасалғанын (ағаш, пластмасса, резина, жұмсақ) анықтайды және қандай ойыншық екенін табады.
Жұмбақтар
-
Қамыс құлақ, тостаған тұяқ,
Мінсең — қанат, сүті — дәрі,
Еті — тамақ.
Жауабы: Жылқы
-
Кіруге адам батпайды,
Суға салса батпайды.
Үйіне кірген заттарды
Аман-есен сақтайды.
Жауабы: Сандық
-
Үрлесең — жеңіл,
Елпілдеп кетеді.
Ұшырсаң — көк теңбіл,
Бұлтқа да жетеді.
Жауабы: Шар
-
Екі айнасы бар,
Екі пайдасы бар,
Баршаға тигізетін пайдасы бар.
Жауабы: Сиыр
-
Қалқиып ұзын құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады.
Жауабы: Қоян
«Құпиялы ойыншықтар» сәті
Тәрбиеші ойыншықтардың «жай ғана ойыншық емес», құпиясы бар екенін айтады. Құпияны ашу үшін балалар өздеріне ұнаған ойыншықты қолына ұстап тұрып, өзі білетін тақпақтарын немесе өлеңдерін айтады.
Нәтиже
Балалар белсенді қатысып, ойыншықтарды сипаттап, сөздік қорын толықтырады. Тәрбиеші: «Жарайсыңдар, балалар!» — деп қорытынды жасайды.
Қорытынды: рөлдік ойын
«Саяхатымыз қызықты өтті ме?» — деген сұраққа балалар: «Иә!» — деп жауап береді. Сабақ соңында ойын орталығында «Ойыншықтар дүкені» атты жеңіл рөлдік ойын ойналады.