Бақыт деген адал жар мен перзент қой

Қайырымдылық кешінің сценарийі

«Балаға мейірім сыйла»

Бұл кештің өзегі — мейірім, қамқорлық және адамгершілік. Қазақтың асыл қасиеттерінің ішінде мейірбандық, жомарттық, кеңпейілділік, бауырмалдық ерекше орын алады.

Жүргізуші сөзі

Армысыздар, құрметті қонақтар, ардақты ата-аналар, ұлағатты ұстаздар! Бүгінгі «Балаға мейірім сыйла» атты қайырымдылық кешімізге қош келдіңіздер!

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиетінде жетім баланы тәрбиелеп, ер жеткізудің сауабы зор екені айтылады. Ендеше, қымбатты қамқоршылар, панасызға пана болып, қамқорсызға қамқор болып, тағдырдың жазуымен жаралы жандарға жәрдем бергендеріңіз үшін бас иеміз.

Арнау

Атаң болса — анаңмен,

Алтыннан соққан қорғаның.

Ағаң болса — ақылды,

Ешкімнен кем болмадың.

Інің болса — жанашыр,

Семсер қылыш білегің.

Ақылды қыз, ақылды ұл —

Өкпе-бауыр, жүрегің.

Алғашқы құттықтау

Құттықтау сөзі аудандық білім беру бөлімінің басшысы ____________________ және білім беру бөлімінің бас маманы, қайырымдылық шараның ұйытқысы әрі ұйымдастырушысы ____________________ сөз алады.

Ескерту: Аты-жөндерін алдын ала толықтыру ұсынылады.

Көркем сөз

Басқа төлдер жатқан кезде жамырап,
Жетім қозы анасы жоқ маңырап,
Сүт іздейді таңдайына таматын —
Оны көру ақын үшін ауыр тым.

Ауыр алып демімді мен ішімнен,
Оның жайын болам, рас, түсінген.
Өзге қойға телімесе қозыны —
Асыраймын жырдың сауған сүтімен.

«Менің қуанышымды бөліс» облыстық балалар шығармашылығы байқауы (мәнерлеп оқу) бойынша I орын иегері, 6 «Б» сынып оқушысы ____________________ орындауында көркем сөз: «Бақыт».

Құттықтау сөзі

Күйі бөтен демеймін, үйі бөтен,
Жақсы адамдар бар екен — сүйіп өтем.
Жамандарды іздеме — өзі-ақ табар,
Жақсыларды табуың қиын екен...

Құттықтау сөзі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы ____________________ беріледі.

Би нөмірі

Өтеді ғой… өтеді барлығы да,
Күн арқалап кетеді таңды мына.
Менің жаным ашиды барлығына —
Таң нұрына, адамның тағдырына.

«Шаттық биі» — бишілер тобы

Әлеуметтік қолдау туралы

Өмірді мен жомарт деп айта алмаймын,
«Бекер айттым екен» деп қайта алмаймын.
Өйткені біреулерге бақыт қонса,
Біреулер сорлап жатыр — байқалмай тым.

Аудан мектептерінде тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан, жартылай жетім және әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы білім алушылардың жағдайын анықтап, олармен тығыз байланыс орнатып, құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін әлеуметтік педагогтер жұмыс істейді.

Ә. Жангелдин атындағы мектеп-интернатының әлеуметтік педагогі ____________________ мырзаға сөз беріледі.

Үміт пен тілек

Жетім қозы жетілер де марқаяр,
Қарын тояр, қайғы-уайым ортаяр.
Шілдехана жасап ертең ата-анам,
Нәрестенің қалжасына мал сояр.

Жас нәресте апыл-тапыл жүгірер,
Аяқтағы ала жіп те үзілер.
Тек, құдайым, жетімдіктен сақтасын,
Жетімдерді жебей берсін дүйім ел!

Ән

«Туған елім» — орындаушы: Данияр Жолбергенов

Дәйексөз

«Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық. Именіп жүретін игіліктен қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.»

— Бауыржан Момышұлы

Ән

«Бақытты балалық шақ» — орындаушы: ____________________

Бақыт туралы ой

Бақыт жайлы пікір айтып, қызулы топ таласты.
Бірі айтады: «Бақыт деген — барлық байлық емес пе?
Керегінше киіп-ішсең, бақыттысың» демес пе.

Бірі айтады: «Жоқ, бақыт деген — қолыңдағы мансап қой.
Жұрттан гөрі ерек жүрсең, соның өзі жақсы ат қой».

Бірі айтады: «Бақыт деген — жүйрік мініп, той тойлау,
Ісің болмай күйбеңменен, қарын тойса, карт ойнау».

Бірі айтады: «Бақыт деген — адал жар мен перзент қой!
Ынтымаққа ырыс келген, ол да саған келмек қой!»

Пікірлердің таласына осылай мен жолықтым:
Бақыт адам баласына келмес оңай — соны ұқтым.
Безбеймін мен байлықтан да, баладан да, жардан да,
Мансап жетпес бар адамға үлестіріп алғанда.

Үміт үзбей іздейді олар, таңдап сол бір уақытты.
Оны алыстан іздемегін — жүректен тап бақытты!

Бір-бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз бен мейіріміміз сарқылмасын. Алақан жылуын, мейірімділікті аңсаған әр жанның жүрегіне жылылық ұялатып, үміт сыйлау — ортақ борышымыз.

Қорытынды

Болашағымыз жарқын, ұрпағымыз бақытты болсын десек, бір-бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямайық, ағайын!

Осымен «Балаға мейірім сыйла» атты қайырымдылық кешімізді аяқтай отырып, әр отбасыға бақыт, амандық-саулық тілейміз. Қош сау болыңыздар!

Мәлімет

Мекеме
Бейнеу лицейі ММ
Педагог-ұйымдастырушы
Әжібаева Г.
Өңір
Маңғыстау облысы
Елді мекен
Бейнеу селосы