Кімнің мекені жақсы

Топтамадағы сабақтар тізімі

  1. Кімнің мекені жақсы?
  2. Пайдалы қазбалар
  3. Лепті сөйлем

Сабақтың тақырыбы

Кімнің мекені жақсы?

Сабақтың түрі

Дәстүрлі

Сабақтың типі

Аралас, өзін-өзі тану мен әдебиеттік оқу ықпалдастырылған сабақ

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, сұрақ-жауап, талдау, әңгімелеу және т.б.

Көрнекіліктер

Сабақ мазмұнына байланысты слайдтар, суреттер, видеоролик

Қолданылатын технология

Дамыта оқыту технологиясы

Сабақтың мақсаты

  • Әңгіменің негізгі идеясы — туған жерді сүю және қадірлеу екенін түсіндіру.
  • Жаңа сөздер мен мақал-мәтелдердің мағынасын ашу арқылы сөздік қорын және сөйлеу тілін дамыту.
  • Отанға сүйіспеншілікті, оны қорғау — әр адамның парызы екенін ұғындырып, дұрыс әрекет етуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Тыныштық сәті

Музыка әуені қосылады. Оқушылар көздерін жұмып, тыңдайды.

Көрікті өлкеме қарашы,

Тізілген орман, тау, қаласы.

Алтай мен Атырау арасы —

Қазақтың кең байтақ даласы.

Әрбір адам үшін туған жерден ыстық, қадірлі, қымбат ештеңе жоқ. Бұл — табиғи әрі мәңгілік сезім. Бұл мекен тек саған ғана емес, ата-анаңа да, бабаларыңа да құтты қоныс болған.

Оқушылар өз сезімдерімен бөліседі.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Өткен сабақта жақсы мекен, жайлы қоныс іздеген кейіпкерлер кімдер еді? (тышқан, құмырсқа, бақа)

Үш кейіпкеріміз қонаққа келіп, өздерімен бірге тапсырмалар ала келгендей әсер қалдырады:

  1. Қалай ойлайсыңдар, көкқұтанның мекені бізге ұнады ма? (тышқан)
  2. Балалар, бізге бозторғайдың мекені ұнады ма? (құмырсқа)
  3. Біз әрі қарай қандай оқиғаға тап болдық? (бақа)

Сонымен, таныс үш кейіпкер жақсы мекен, жайлы қоныс тапты ма? Жауабын анықтамас бұрын, денемізді сергітіп алайық.

III. Жаңа сабақ

Мақал-мәтелдерді түсініп оқу

  • Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
  • Әркімнің өз жері — Мысыр шаһары.
  • Бақа көлінде патша, балық суында патша, жігіт елінде патша.

Оқулықпен жұмыс

  1. Мұғалім мәтінді алғаш рет оқиды, түсіндіреді.
  2. Оқушылар өз бетінше оқиды.
  3. Тізбектеп оқу ұйымдастырылады.

Оқушымен жұмыс

  • Мәтіндегі соңғы сөйлемді дауыстап оқу.
  • Сұрақ-жауап арқылы ой бөлісу:

Сендердің мекендерің қайда?

Туған өлкеңді нақты атау.

Ол туралы не білесіңдер?

Табиғаты, тарихы, адамдары туралы айту.

Сенің мекенің өзіңе ұнай ма?

Неге ұнайтынын дәлелдеп сөйлеу.

Видеоролик

Тақырып: «Туған жерім — Ақтөбе!»

Шығармашылық тапсырма

Дәптермен жұмыс: өлең құрастыру.

Сүйікті туған ел,

Бауырыңда мөлдір көл.

Мақтауға тұрарлық,

Сүйкімді бар ма жер.

Қосымша тапсырма

Өз туған жерің туралы шағын әңгіме құрастырып айту.

IV. Қорытындылау

«Туған жер» тақырыбы бойынша ой қозғау жүргізіледі (сызба арқылы негізгі ойлар жинақталады).

V. Үйге тапсырма

«Кімнің мекені жақсы?» мәтінін оқу және мазмұндау.

VI. Бағалау

Оқушыларды матрица әдісі арқылы бағалау.

Сабақты аяқтау: тыныштық сәті

Музыка әуені қосылады. Оқушылар көздерін жұмып, бүгінгі сабақтан алған әсерлерін ой елегінен өткізеді.

Бүгінгі сабақтан түйген ойларымызды, туған жер туралы мақал-мәтелдер мен даналық сөздерді жүрегіміздің түбіне мәңгі сақтайық.