Тест жауаптары

Сабақтың тақырыбы: Топырақтың ерекшелігі

Бұл сабақта оқушылар топырақ туралы түсінігін кеңейтіп, оның құрамы мен негізгі ерекшеліктерін тәжірибе арқылы байқайды. Жұмыс барысында есте сақтау, жүйелі сөйлеу дағдылары дамып, табиғатқа қамқор болу мәдениеті қалыптасады.

Сабақтың мақсаты

  1. 1 Топырақ туралы ұғымды кеңейту, оның ерекшелігі мен құрамы туралы мағлұмат беру.
  2. 2 Есте сақтауды, мәдениетті сөйлеуді және ой-өрісті дамыту; сөздік қорды молайтып, ойын жүйелі жеткізуге дағдыландыру.
  3. 3 Байқағыштыққа, айналаны бақылауға, табиғатты қорғап, сүюге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта

Назар аудару

Сабақ тәжірибеге негізделген: бақылау, қорытынды жасау, дәлелдеу дағдылары күшейеді.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Психологиялық дайындық
  • Топқа бөліну

II. Өткенді қорытындылау

Тест тапсырмалары арқылы білімді анықтау және бекіту.

III. Ой ашар

Жаңа сабаққа кіріспе сұрақтар және сөзжұмбақ.

IV–V. Негізгі бөлім

  • Ой қозғау, оқулықпен жұмыс
  • Түртіп алу жүйесі
  • Ой толғаныс, қорытындылау, үй тапсырмасы

Психологиялық дайындық (1 минут)

Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!

Көңіл-күйді көтеру үшін қысқа бейнематериал көрсетіледі. Сол көтеріңкі көңіл-күймен оқушылар топқа бөлінеді.

Өткенді тексеру: тест (5 минут)

Төмендегі сұрақтар арқылы пайдалы қазбалар тақырыбы бойынша білім анықталады.

Тест сұрақтары

  1. 1. Пайдалы қазбаларға … жатады:
    а) темір кенінен алынған металл ә) тау жынысы б) техника бөлшектері в) жер қыртысының қатты бөлігі
  2. 2. Құмтас деп:
    а) құм аралас тас ә) қайралған тас б) құрылыс материалдары в) қатты тас
  3. 3. Бос жынысқа … жатады:
    а) құм және цемент ә) мұнай, газ б) гранит в) құм және саз
  4. 4. Пайдалы қазбалар 3 негізгі топқа бөлінеді:
    а) пайдалы, пайдасыз, жарамсыз ә) жанғыш, кенді, кен емес б) бағалы, құнсыз, жанатын в) металл, тау жынысы, қара алтын
  5. 5. Кен орны деп … айтады:
    а) пайдалы қазбалардың шоғырланған жері ә) пайдалы қазбаларды өндіру әдістері б) пайдалы қазбаларды өңдейтін жер в) тау жыныстарының қосындысы

Жауап кілті

1 — ә, 2 — в, 3 — в, 4 — ә, 5 — а.

Бағалау

  • 5 сұрақ5 балл
  • 4 сұрақ4 балл
  • 3 сұрақ3 балл
  • 2 немесе 1 сұрақ2 балл

Мақсат — оқушылардың алған білімін анықтау және байқау.

Ой ашар: жаңа сабаққа кіріспе

Талқылау сұрақтары

Топырақ дегеніміз не?

Оқушылардың ықтимал жауаптары: өсімдік өсетін жер, қара жер, жер бетіндегі шаң және т.б.

Өсімдіктің өсуі топырақтың болуына байланысты. Сондықтан жердің өсімдік өсетін беткі құнарлы қабатын топырақ деп атаймыз.

Бұл сабақта топырақтың құрамы мен ерекшеліктерін тәжірибе арқылы зерттейміз.

Сөзжұмбақ (дайындық)

Жаңа сабақты бастамас бұрын оқушылардың белсенділігін арттыру үшін сөзжұмбақ сұрақтары беріледі.

  • Жүректен тарайтын қан тамырлары — артерия.
  • Жарақат үлкен болса — дәрігерге қаралу керек.
  • Көкірек қуысының сол жағында — жүрек орналасқан.
  • Алақанмен ысқылау — үсік кезінде.
  • Көздің қорғанышы — кірпік.
  • Жүйке жүйесінің орталығы — ми.
  • Қай бұлттан жауын-шашын жаумайды? — шарбы.
  • Жер бетіндегі ауаның бір жерден екінші жерге ауысуы — жел.

Сарамандық жұмыс: топырақ құрамын тәжірибемен анықтау

Алдымен топырақты ақ қағаздың бетіне салып, мұқият қараймыз. Әдетте өсімдіктің ұсақ қалдықтары мен шіріген жәндіктердің бөлшектері байқалады. Енді бақылауды нақтылау үшін үш тәжірибе жүргіземіз.

1-тәжірибе: топырақ + су

Бір кесек топырақты стакандағы суға саламыз. Көпіршіктер бөлінеді.

Қорытынды

Көпіршік түрінде шыққаны — ауа. Демек, топырақ құрамында ауа бар.

2-тәжірибе: қыздыру

Бір уыс топырақты шыны түтікшеге салып, отқа қойып қыздырамыз. Түтікше қабырғасында су тамшылары пайда болады.

Қорытынды

Тамшы — топырақ құрамындағы су. Яғни топырақта ауа ғана емес, ылғал да бар.

3-тәжірибе: әрі қарай қыздыру

Топырақты қыздыруды жалғастырғанда көкшіл түтін байқалады. Бұл топырақта жанатын зат бар екенін көрсетеді.

Қорытынды

Топырақ құрамында шіріген өсімдік-жануар қалдықтары болады. Ол — қарашірік.

Жалпы қорытынды

Тәжірибе нәтижесі топырақтың құрамында ауа, су және қарашірік бар екенін дәлелдейді. Бұлар топырақтың құнарлылығы мен өсімдік өсуіндегі рөлін айқындайды.