Қоянның берген балаларға тапсырмасы

Сабақтың тақырыбы

10 санының құрамы

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • 10 санын екі санның қосындысы түрінде жазу.
  • Кез келген 10-нан кем санды 10-ға дейін толықтыру.
  • 10 санының құрамын пайдаланып, мәні 10-ға тең қосынды және оған кері айырма құрастыруды қалыптастыру.
  • Саналы түсіну дағдысын жетілдіру.

Дамытушылық

  • Оқушылардың зейінін арттыру.
  • Зерде үдерістерін дамыту.
  • Жүйелі ойлау қабілетін жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Оқу қызметіне және өз оқу әрекетіне саналы көзқарас қалыптастыру.
  • Ұжымда және өз бетінше жұмыс жасай білуге тәрбиелеу.
  • Есептеу дағдыларын күнделікті тұрмыста қолдана білуге баулу.

Сабақ туралы қысқаша

Сабақ түрі
Аралас сабақ
Сабақ типі
Дәстүрлі
Әдіс-тәсілдер
Көрсету, түсіндіру, ойын, сұрақ-жауап

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқу құралдарын дайындау және түгендеу.
  • Психологиялық дайындық.

Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де.
Қуанамыз бәріміз,
Жарқырап атқан күнге.

Мұғалім: «Мен оң қолымды жайып, жүрегімнен қуаныш алып, сендерге сыйлаймын. Жер бетіндегі ең ақылды, ең күшті кім?» (Адам.) «Менің ойымша, сендер де ақылды, күшті, зерексіңдер. Ендеше, өз білімімізге сеніп, сабағымызды ойынмен бастайық».

II. Үй тапсырмасын тексеру және кіріспе әңгіме

Бүгінгі сабағымыз ерекше: ол бір мерекеге арналады. Биыл бізде қандай жыл? Былтыр қандай жылды қарсы алдыңдар?

Оқушылар: «Қоян жылы». Мұғалім: «Дұрыс. Қоян жылы сендер үшін ырысты жыл болды: білім есігін ашып, 1-сыныпқа қабылдандыңдар. Санаулы күннен кейін Әліппемен қоштасасыңдар».

Қоян сендердің математикадан алған білімдеріңді тексеру үшін тапсырмалар ұсынады. Біз дайынбыз ба?

Осы уақытқа дейін танысқан сандар: 0, 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10.

III. 1-тапсырма: сұрақтарға жауап беру

  1. Тәуелсіздікке неше жыл? (20 жыл)
  2. Есік қандай геометриялық фигура? (Төртбұрыш)
  3. Қосудың компоненттерін ата.
  4. 5 пен 7-нің арасында қандай сан бар? (6)
  5. 1 жылда неше ай бар? (12)
  6. Заттарды бір-біріне біріктіргенде қандай амал қолданамыз?
  7. Заттарды бөліп алуға қандай амал қолданамыз?

«Қандай сурет шықты?» — шырша. «Иә, балалар, шыршасыз Жаңа жыл болмайды. Ал шырша ойыншықсыз да болмайды. Ендеше, шыршаны ойыншықтармен безендіру — өз қолдарыңда».

IV. 2-тапсырма: 10 санының құрамы

Тақтадағы ойыншықтарда жасырынған сандарды табамыз. Осылайша сандардың құрамы ашылады.

Бүгінгі мақсат: 10 санының құрамын білу.

10 саны мынадай жұптардан құралады

  • 8 + 2 = 10
  • 6 + 4 = 10
  • 7 + 3 = 10
  • 5 + 5 = 10

Негізгі қорытынды

Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді.

Қосуды кей жағдайда құрам арқылы толықтыру тәсілімен алмастыруға болады (10-ға дейін толықтыру).

Тапсырмалар слайд арқылы беріледі: қатарлардағы айырмашылықты бақылау, жасырын сандарды табу, 10-ды әртүрлі қосындылармен көрсету.

V. Оқулықпен жұмыс

3-тапсырма: сандарды және ұзындықтарды салыстыру. Қоян ұсынған тапсырма арқылы салыстыру дағдыларын бекітеміз.

VI. Дәптермен жұмыс

Қолға қалам алайық,
Дәптерімізді ашайық.
Салақтықтан қашайық,
Әдемі етіп жазайық.

Жазу барысында дәлдік пен ұқыптылыққа көңіл бөлінеді.

VII. Сергіту сәті және логикалық тапсырмалар

Алшаға кеп күнара
Қонушы еді бір ара.
Бүгін тоғыз туысын
Ертіп келді бұл ара.
Сонда бүгін алшаға
Келіп қонды қанша ара?

Фигуралармен жұмыс

Түрлі фигуралардың ішінен төртбұрыштарды тап (үшбұрыш, төртбұрыш және т.б.).

Есептер

  1. Аулада 5 үйрек, қорада 3 үйрек. 1-еуі тығылды, 1-еуі жығылды. Қалғаны неше үйрек? (6)
  2. 10 асықтың 3-ін досың сұрап алды. Айтшы, сонда нешеуі өз қолыңда қалды? (7)
  3. Екі ешкінің мүйізі нешеу? (4)

VIII. Шыршаны толық безендіру: жұлдыз тапсырмалары

Шыршаны ойыншықтармен безендірдік. Енді не жетіспейді? Жарқырап тұратын жұлдыз. Жұлдыздың әр бұрышында тапсырма бар: дұрыс орындасақ, шыршамыз одан әрі әдемі болып, «жанып-сөніп» тұрады.

№6 есеп (өрнектерді орындау)

3 + 2
8 + 2
7 − 3
6 − 2
9 − 1
5 + 4
10 − 1
7 + 3
10 − 4
9 + 1
6 + 4
9 − 2

Аяз атаның неше сыйлығы бар? 10.
Ақшақардың ше? 8.
Қайсысының сыйлығы артық? Аяз атанікі.
Нешеуі артық? 2.

IX. Бекіту

Бекіту мақсатында оқушылардан қысқа тест алынады: екі қосылғыш беріліп, қосындының мәнін табу.

Тест үлгісі

Қосылғыш Қосылғыш Қосынды
5 5 10
6 4 10
9 1 10
7 3 10
8 2 10

Қорытынды ой: «10 дегеніміз — Отан. Қорға соны, ботам!» Біз нені қорғаймыз? — Отанымызды.

X. Қорыту және патриоттық бөлім

Биыл Тәуелсіздікке неше жылдық мерейтойды қарсы аламыз? (20 жыл)
Қазақстан Республикасының рәміздеріне нелер жатады? (Әнұран, Елтаңба, Мемлекеттік Ту)

Тәуелсіз Қазақстаным,
Туыңды биік ұстадың,
Көтерді халқың уақыттың қатал қыспағын.
Көшіңді бастап бақытты болашағыңа,
Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстаным!

XI. Үй тапсырмасы және бағалау

  • Үй тапсырмасы: №6 есеп (4 баған).
  • Оқушылардың жұмысы бағаланады.