Мәтінді оқушылардың іштей оқуы
Сабақ жоспары (Ана тілі)
С. Торайғыров — «Арыстан мен тышқан» (мысал)
Бұл сабақта оқушылар мысал жанрының ерекшелігін танып, мәтінді саналы түсініп оқиды, негізгі ойды анықтауға және қорытынды жасауға үйренеді.
Сабақтың тақырыбы
С. Торайғыров. «Арыстан мен тышқан» (мысал)
Сабақтың әдістері
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Баяндау
- Суреттеу
- Талдау
Пәнаралық байланыс
Дүниетану, қазақ тілі
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Мысалдың мазмұнын ашу, мәтінді саналы түсініп оқу.
Білімдік
- Мәтінді мәнерлеп, саналы түсініп оқу
- Мазмұнын түсінуге жетелеу
- Автор туралы түсінік беру
- Сөздік жұмысын жүргізу
- Мәтінмен жүйелі жұмыс жасау
Тәрбиелік
- Үлкенге де, кішіге де қамқор болуға баулу
- Мейірімділік пен жанашырлықты дамыту
- Қол ұшын беруге дайын болу дағдысын қалыптастыру
- Қоршаған ортадағы тіршілік иелерін аялауға тәрбиелеу
Дамытушылық
- Ойлау қабілетін арттыру
- Сөздік қорын байыту
- Өз ойын анық жеткізе білуге төселдіру
- Мәтінді талдау, негізгі ойды табу, қорытынды жасау дағдыларын дамыту
Көрнекіліктер
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Оқушылардың сабаққа дайындығын анықтау.
- Кітап, дәптер, күнделік, қаламсап және т.б. құралдарының түгел болуын қадағалау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
С. Жүнісов — «Түнгі сәуле». Мәтінді жоспар бойынша әңгімелеу:
- Күздің қара суық желі
- Түнгі сәуле
- Қуаныш
Бекіту сұрақтары
- Әңгімедегі балалардың есімдері кімдер?
- Балалар орманға не үшін барды?
- Олар кімге және қандай көмек беруге асықты?
- Балалардың ісін сен қалай бағалайсың?
- Машина жүргізушісі балаларға ризашылығын қалай білдірді деп ойлайсың?
III. Жаңа материалды игеру
1) Кіріспе әңгіме
- Бүгінгі тақырып: «Арыстан мен тышқан».
- Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров (портреті көрсетіледі).
- С. Торайғыров туралы не білеміз? Еске түсіреміз.
Автор туралы қысқаша мәлімет
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893–1920) қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі — ақын, жазушы әрі педагог. Жастарды білімге үндейтін «Неге жасаймын», «Шәкірт ойы» сияқты өлеңдердің, сондай-ақ «Қамар сұлу» секілді көркем шығармалардың авторы. 4-сыныптағы ана тілі пәнінен біз оның «Туған елім» өлеңін оқыдық.
Мағыналық көпір
Қазір жылдың қай мезгілі? Көктемде табиғатта қандай өзгерістер болады? Жан-жануарлар не істейді?
Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде арыстан мен тышқан кездеседі. Екеуінің айырмашылығын салыстырып, мінездеме беріп көрейік.
Арыстан
- Жыртқыш
- Ірі
- Аң патшасы
- Батыл
- Өте күшті
- Ұзақ жасайды
- Етпен қоректенеді
- Бірнеше жылда ұрпақ береді
Тышқан
- Кеміргіш
- Ұсақ
- Жыл басы (мүшел бойынша)
- Өте қорқақ
- Өте әлсіз
- Көп қауіп-қатерге ұшырайды
- Тағам талғамайды
- Көп балалайды
Ескерту: Қарама-қайшылықты сызба арқылы көрсету ұсынылады.
2) Негізгі бөлім: мәтінмен жұмыс
а) Оқушылардың іштей оқуы
Сұрақ: мәтін шығарманың қай түріне жатады?
Мысал — жан-жануарлар, өсімдіктер, адамдар арасындағы қатынастар немесе заттар арқылы тәрбиелік ойды жеткізетін шығарма.
ә) Мұғалімнің оқуы
Оқушылар қарындашпен мәтіндегі «автор», «арыстан», «тышқан» сөздерін белгілеп отырады.
б) Рөлге бөліп оқу
Оқушылар бетперде киіп, мәтінді рөлмен оқиды.
Сөздік жұмысы
- Сейіл құру
- Қыдыру, бой жазу.
- Зиян
- Залал, зақым.
- Азат қыл
- Еркіндікке жібер, босат.
Мақал-мәтелмен жұмыс және жазылым
г) Мақалдарды оқып, ішінен мысалдың мазмұнына сәйкес келетінін табу.
д) Дәптермен жұмыс: таңдалған мақал-мәтелді дәптерге жаздыру.
Шығармашылық тапсырма: шумақтарға сурет салу
е) Мысалды оқи отырып, әр шумаққа сәйкес сурет салу:
- 1-қатар: 1–2 шумақ
- 2-қатар: 3–5 шумақ
- 3-қатар: 6–7 шумақ
Салынған суреттерді ретімен байланыстырып, мәтіннің мазмұнын баяндау. Суреттерді талдау арқылы қорытынды жасау.
Қорытынды сұрақтар
- Мысалдағы оқиға кімдердің арасында болды?
- Арыстан тышқанды не үшін өлтірмек болды?
- Тышқан арыстанға берген уәдесін қалай орындады?
IV. Бекіту
Тексеру сұрақтары
- Бүгін біз кімнің шығармасымен таныстық?
- Мәтін ұнады ма? Неліктен?
- Мәтін шығарманың қай түріне жатады?
- Адам қатты қысылған сәтте қандай көмек көрсету керек?
- Осы мысалдан қандай сабақ алдыңдар?
Түйін
Үлкен сабақ түйгеніміз мысалдан —
Нағыз дұшпан артық жаман досыңнан.
Тығырыққа тірелер күн туғанда,
Арыстан да көмек сұрар тышқаннан!
V. Үйге тапсырма
- «Арыстан мен тышқан» — мәнерлеп оқу.
- Мазмұндау.
VI. Бағалау
Оқушылардың оқу мәнері, мәтінді түсінуі, сұрақтарға жауап беруі, талдау және қорытынды жасау дағдылары негізінде бағаланады.