Сөзге дыбыстық талдау жасау
Мақсаты
Тәрбиелік бағыт
Отбасындағы сүйіспеншілік туралы түсініктерін кеңейту, сыйластыққа баулу, үлкенді құрметтеуге тәрбиелеу.
Дамытушылық бағыт
Әріпті дұрыс жазуды қалыптастыру, ойын арқылы ойлау қабілетін және тіл байлығын арттыру.
Шығармашылық бағыт
Қазақтың ұлттық ою-өрнек элементтерін тәжірибеде қолдану: күрделендіріп өрнек құрау, ажырату және үйлестіру.
Қол еңбегі және моторика
Түрлі түсті матаны қиып-жапсыру іскерлігін меңгерту, ұсақ моториканы дамыту.
Таңғы жиын: «Жылулық шеңбері»
Балалар ортаға шығып, шаттық шеңберін құрайды. Бір-бірінің қолынан ұстап, алақан жылуын сезінеді.
Өлең жолдары
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз,
Ата-ананы құрметтеп,
Бас иеміз біз.
Қонақтармен амандасу
«Сәлем — сөздің анасы» дегенді еске алып, қонақтармен сәлемдеседі.
Балалар:
«Сәлеметсіздер ме?»
Күтпеген сәт
Есік қағылып, әже мен бала (Ернар) кіреді. Диалог арқылы бала тәрбиесінің отбасынан басталатыны көрсетіледі.
Көрініс: Ернардың кешігу себебі
Тәрбиеші Ернардан неге кешіккенін сұрайды. Ернар балабақшаға асығып келе жатып, аяғы тайып құлаған апайды көріп, жүгіріп барып көмектескенін айтады.
Әже баланың ісін мақұлдап, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалдың мәнін түсіндіреді. Балаға бата-тілек айтады.
Әже балаларға тұмарша әкелгенін айтып, оның мағынасын қысқаша түсіндіреді.
Әңгіме: Үйдегі көмек
Балалар Ернар сияқты үйде үлкен-кішіге қандай көмек көрсететіндерін кезекпен айтады.
Ойын: «Гүл шоғы»
Әр бала үйдегі көмегі туралы айтып, гүлдің күлтелерін жапсырады. Дайын болған гүл шоғын бір-біріне ұсынып, жақсы тілектер айтады.
Тілек үлгілері
Баса көктеп жайлауға,
Бөтен көштер қонбасын.
Орта толып ырысқа,
Бейбіт өмір орнасын.
Тіккен туы қазақтың,
Күнге сәлем жолдасын.
Қапалы болып қария,
Қалың ойға шомбасын.
Бесіктегі бөбектің,
Бақайшағы тоңбасын.
Көл жиналып тамшыдан,
Теңіз болып шалқысын.
Орталықтардағы жұмыс: «Кітап орталығы»
Ұйымдастыру кезеңі
- Тақырыпты еске түсіру
- «Әжеге көмек» әңгімесін оқып беру, мазмұнын түсіндіру
- Отбасы туралы әңгімелеу
«Сиқырлы әріптер» (сұрақ-жауап)
Алфавитте неше әріп бар?
Дауысты дыбыстар нешеу?
Дауыссыз дыбыстар нешеу?
Дидактикалық ойын: «Қандай сөз шығады?»
Конверттің ішінде сурет жапсырылған карточкалар және ою-өрнек бейнеленген суреттер беріледі. Балалар суреттердің алғашқы әріптерін жазып, әріптерді қосып оқиды. Нәтижесінде бір отбасы мүшесінің атауы шығады.
Ойын: «Бином фантазиясы»
Шыққан сөзге (мысалы, «Ата») ұлттық ою-өрнекпен байланысты затты қосып, сөйлем құрап, ойдан шағын әңгіме құрастырады.
Мысал
Атам домбыраны маған сыйлады.
Мен домбыра үйірмесіне қатысамын.
Атам домбыраны өзі жасаған.
Мен атама көмектестім.
Мен атамды жақсы көремін.
Ұлттық ою-өрнек бойынша тапсырмалар
Балалар сұрақтарды мұқият тыңдап, жауап арқылы ою-өрнек атауларын табады және жазады.
Ойын: «Сөзжұмбақ»
Ою-өрнек атаулары
ТАРАҚ · ЖҰЛДЫЗ · МҮЙІЗ · БАЛТА · ИРЕК
- Шашты немен тараймыз?
- Түнде көрінетін аспан кереметі?
- Ешкінің басында не бар?
- Әкең ағашты немен шабады?
- Су ағыны түзу емес, қандай?
Дыбыстық талдау үлгісі
Үстел үстінде сөзжұмбақ жауабына сәйкес ою-өрнек атаулары сұралады, сөзге дыбыстық талдау жасалады.
Мысал: «Тарақ»
Буынға бөлу: Та-рақ (2 буын)
Әріп саны: 5 әріп
Дыбыстар:
- Т — дауыссыз
- А — дауысты (жуан)
- Р — дауыссыз
- А — дауысты
- Қ — дауыссыз (қатаң)
Бұл тапсырма балалардың дыбысты ажырату, буынға бөлу және сөзді талдау дағдыларын бекітуге көмектеседі.