Ұшардың ұлуы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні • 9-сынып
Мұғалім: Иржанов Мұратбек Мирмаралұлы
Сабақ тақырыбы
Қорқыт ата кітабы
Сабақтың мақсаттары
- Білімділік: Қорқыт ата тұлғасын таныту, ол туралы аңыз-әңгімелерден мәлімет беру.
- Дамытушылық: Оқушыларды өз ойын жүйелі жеткізуге, сауатты мазмұндауға, мәнерлеп оқуға дағдыландыру.
- Тәрбиелік: Елін, жерін сүюге, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажырата білуге тәрбиелеу.
Сабақ сипаттамасы
- Сабақ түрі
- Дәстүрлі
- Сабақ типі
- Аралас
- Әдіс-тәсілдер
- Мәнерлеп оқу, талдау, салыстыру, іздендіру, талқылау (анализ).
Пәнаралық байланыс және көрнекілік
Пәнаралық байланыс
Музыка, тарих
Көрнекіліктер
Слайдтар, кеспе қағаздар, аудио диск, Қорқыт ата портреті
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Күлтегін жырлары» туралы әңгімелеу.
III. Жаңа сабаққа кіріспе
Ой шақыру: тақтада Қорқыттың портреті көрсетіледі. «Ең бірінші қандай ой келеді?» деген сұрақ арқылы пікір алмасу ұйымдастырылады.
Қобызды алғаш жасаған Қорқыт ата мұрасы және «Қорқыт ата кітабы» туралы әңгіме басталады.
Қорқыт ата: тұлға және аңыздар
Қорқыт ата кім?
Қорқыт ата — VIII ғасырда Сырдария бойында, бұрынғы Жанкент қаласы маңында өмір сүрген данагөй көріпкел, асқан күйші, бақсы, жыршы әрі ел басқарған көрнекті қайраткер. Ол қобыз аспабын алғаш ойлап тапқан ұлы өнерпаз ретінде танылады. Ұрпаққа «Желмая», «Ұшардың ұлуы», «Әуппай», «Аққу», «Елім-ай!», «Тарғыл тана» сияқты күйлерді қалдырған.
Этимология: «Қорқыт» атауы көне түркі тіліндегі хұр (кісі) және хыт (құт) сөздерімен байланыстырылып, «құт әкелуші кісі» мағынасын береді.
Ерекше тууы туралы аңыз
Аңыз бойынша, анасы Қорқытты үш жыл көтеріп, ұзақ толғатады. Сәби дүниеге келер сәтте аспанды қара бұлт торлап, найзағай ойнап, нөсер жауады. Жұрт бұл құбылыстан қатты қорқып, баланың атын Қорқыт қояды. Ал сәби туған сәтте аспан шайдай ашылып, күн сәулесі төгіледі, тіпті бала бірден сөйлеп кеткендігі айтылады.
Өлмейтін жер іздеу туралы аңыз
Тағы бір кең тараған аңызда Қорқыт желмаясына мініп, өлмейтін жер іздеп, дүниенің төрт бұрышын түгел аралайды. Алайда қайда барса да табиғаттың өзі «қурадым», «мыжырайдым» деп мұң шағады: көк майса солғанын, асқар таулар бұрынғыдай сәулетті еместігін, қара орманның жапырағы сарғайғанын баян етеді. Жолында ол үнемі көр қазып жатқан адамдарға кездеседі. Қорқыт өлімге қарсы ем табуға ұмтылғанымен, мақсатына жете алмайды.
Соңында «өлмейтін нәрсе жоқ» деген түйінге келіп, өмірінің қалған бөлігін қобызда мәңгіліктің күйін тартуға арнайды. Мәңгі өмірді ол қобыз үнінен іздеп, тоқтаусыз күй тартып жүріп дүниеден өтеді.
Қорқыттың орны
Қазақ музыкасының, ән-күй өнерінің атасы ретінде бағаланады.
Қобыздың үні
Бірде қайғы-мұңды шертіп, бірде мәңгілік өмір мен сұлулықты жырлайды.
Күй аңызы: «Ұшардың ұлуы»
«Ұшардың ұлуы» күйінің шығу тарихы туралы аңызда бір жесір кемпірдің жалғыз ұлы болады. Жігіт саятшылықпен айналысады: құс салып, ит жүгіртеді. Оның аңнан қашырмайтын «Ұшар» атты тазысы және желмен жарысқан жүйрік аты бар екен.
Бір күні жігіт кенеттен қайтыс болады. Сол дәуірдің әдет-ғұрпы бойынша, ел өлікті жерлеген соң қоныс жаңартып, басқа жерге көшеді. Жаңа қоныста анасы баласынан қалған тазыны іздесе, таппайды. «Ескі жұртта қалған шығар» деп бұрынғы мекеніне оралса, Ұшар иесін қимай, мола басында аспанға қарап, сай-сүйегі сырқырап ұлып отырғанын көреді.
Аңыздағы зарлы сөз
«Жалғызымнан айырылдым,
Қанатымнан қайрылдым,
Ұшар, Ұшар кә, кә…»
Иен далада баласынан айырылған ана мен иесінен айрылған тазы қос мұңлық болып күңіренеді. Осы оқиға Қорқытты тебірентіп, «Ұшардың ұлуы» күйін тудырған дейді.
«Қорқыт ата кітабы»: жазба мұра және зерттелуі
Жалпы сипаттама
«Қорқыт ата кітабы» (Kitab-i Dädäm Qorqut ʿalā lisān-ı tā’ife-i Oğuzān) — қаһармандық эпос үлгісіндегі оғыз-қыпшақ дәуірінің құнды жазба мұрасы. Онда қазақ халқының қалыптасуына тікелей қатысы бар оғыз тайпаларының тағдырына байланысты оқиғалар баяндалады.
Бас кейіпкер: Қорқыт — оғыз елінің ақылшысы, данасы, үлкен жырауы.
Нұсқалары мен аудармалары
- Дрезден нұсқасы: 12 жыр.
- Ватикан нұсқасы: 6 жыр.
- Тұңғыш зерттеуші: неміс ғалымы Н. Ф. Диц.
- XIX ғасырда зерттеу-аударма жұмыстарын В. В. Бартольд жүргізіп, үзінділерін жариялады.
- Қазақ тілінде Ә. Қоңыратбаев аударуымен 1986 жылы тұңғыш рет басылды.
Ғылыми зерттелуі және халықаралық мойындау
Қазақстандағы зерттеушілер
М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, Р. Бердібаев, Х. Сүйіншәлиев, Н. Келімбетов, М. Жолдасбеков, Ш. Ыбраев және т.б.
ЮНЕСКО деңгейі
1999 жылы кітаптың 1300 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтті.
Мұраның жалғастығы
«Қорқыт ата» энциклопедиялық жинақтары жарық көрді.
Кітап құрылымы: 12 жыр
- Дерсеханұлы Бұқаш туралы жыр.
- Қазансалар ауылына жау қалай шапқаны туралы жыр.
- Байыс–Байреке, Байбөрі ұлы туралы жыр.
- Қазанбек ұлы Оразбек қалай тұтқынға түскені туралы жыр.
- Домруыл, Доқа Қожа (қажы) ұлы туралы жыр.
- Қаңлы Қожаұлы Қантөрелі туралы жыр.
- Қазылеке Қожаұлы Жүгенек туралы жыр.
- Бисаттың жалғыз көзді дию Төбекөзді өлтіргені туралы жыр.
- Бегила баласы Әмрен туралы жыр.
- Үйсін Қожаұлы баласы Секрек туралы жыр.
- Салар Қазанның тұтқынға түсуі және оны ұлы Ораздың босатуы туралы жыр.
- Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы соғысы және Бамса–Байрақтың қаза табуы туралы жыр.
Кейіпкерлер әлемі
Эпоста Бамса–Байрақ, Қара–Көне, Қара Бодақ, Қан Төрәлі, Қазан–Салор, Құлбаш, Оқшы, Ораз, сондай-ақ Аруз, Әмен, Әмран, Бекұлы, Бисат, Дүлек Боран, Дондаз, Қиян Селжүк, Қанды, Қанық хан, Рүстемдер сияқты тұлғалар кездеседі.
Жазба дерек ретінде кітаптың басталуы
Үзінді (мазмұндамаға жақын нұсқа)
«Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңір зердесіне салған соң оның барлық болжамдары қатесіз болған... Оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын мәселелерді шешкен. Қандай іс болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның өсиетін (билігін) бұлжытпай орындаған».
Мағынаны ашу: нақыл сөздер
Өсиеттер
- Ежелгі дұшпан дос болмас.
- Әзәлде жазылмаса, құл басына қаза келмес. Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес.
- Жат баланы қанша сақтасаң да, ол ұл болмас: ішіп-жер, киер де кетер, бірақ «көрдім» демес.
- Мінген атың қиналмайынша, жол алынбас. Ер малын қимайынша, аты шықпас.
- Күл төбе болмас, күйеу бала ұл болмас.
- Қыз анадан көрмейінше өнеге алмас. Ұл атадан көрмейінше сапар шекпес.
Оқулықпен жұмыс
Мәтінді оқып, негізгі ойды анықтау.
Қорқыт тұлғасының өнер мен руханияттағы орнын дәлелдер арқылы сипаттау.
Аңыз бен тарихи деректің айырмашылығын салыстыру.
Сыныптық талқылауда «мәңгілік», «өнердің өлмес күші», «адам ғұмыры» ұғымдарына ерекше назар аударылады.
Білімді бекіту: блиц-тест
1) Қорқыт ата кім?
- A) Хан, әмірші
- B) Батыр, қолбасшы
- C) Жырау, күйші
2) Аңыз әңгімелердің ертегілерден айырмашылығы қандай?
- A) Кейіпкерлері тарихта болған адамдар
- B) Қиялдан туған адамдар
- C) Еш айырмашылығы жоқ
3) Қорқыт қай ғасырда өмір сүрген?
- A) IX ғасыр
- B) VI ғасыр
- C) VIII ғасыр
4) Қорқыттың күйі:
- A) Аққу
- B) Адай
- C) Сарыарқа
5) «Қорқыт ата кітабы» қанша жырдан тұрады?
- A) 9
- B) 12
- C) 14
Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы
Қорытынды бөлім
Ән: «Қорқыт» (тыңдалым/орындау арқылы сабақ мазмұнын жинақтау).
Бағалау
Оқушылардың жауаптары, талдау жұмыстары, мәтінмен жұмыс және тест нәтижесі бойынша бағаланады.
Үй тапсырмасы
- Қорқыт ата туралы аңыздарды тауып, реферат дайындау.
- Қобыз туралы және қобызда орындалатын күйлер жайлы қосымша деректер жинау.