Көк аспанда көк туым тұр желбіреген, Елтаңбасы бар елдің күші бекем

Марат АбдраманханҚазақстан Республикасының Рәміздері туралы бала көзімен толғаныс. Рәміз — әрбір елге ғана тән айрықша белгі. Рәміздер халықтың даңқын асқақтатып, мерейін үстем ететіні баршаға мәлім. Әр мемлекет өз Рәміздеріне қарап жігерленеді: спорттық жарыстарда жеңімпаз елдің Туы биікте желбіреп, тұғырда тұрады. Рәміздер — ұлттық мағынаны білдіретін нышан.

Мен де өз елімнің Рәміздеріне бала көзіммен қарап, олардың әр белгісінен туған елдің рухын көргім келеді.

Ту: көк аспан, алтын күн, қыран және ою-өрнек

Алтын күн

Молшылықтың нышаны болған алтын күн — өмірдің, берекенің, жарқын болашақтың белгісі.

Қыран

Күн астында қыран қалықтайды — ол еркіндік пен биік мұратқа ұмтылысты айшықтайды, жақсылықтың жаршысы іспетті.

Ою-өрнек

Оң жақтағы ұлттық ою-өрнек — көненің көзі, тарихпен сабақтасқан мәдени жады.

Осы белгілердің бәрін тоғыстыратын көк түс — көк аспандай кеңдік пен тазалықтың, елдік рухтың бейнесі. Сол көк түс менің Отанымның Туы болып желбірейді.

Елтаңба: шаңырақ, уық, пырақ және жұлдыз

Уықтар мен шаңырақ

Елтаңбада алыстан менмұндалап көрінетін уықтар алдымен көзге түседі — бұл бірлік пен ынтымақты меңзейді. Ал олардың ортасында уықтарды біріктіретін қара шаңырақ тұр.

Қазақ баяғыдан бір-біріне: «Шаңырағың биік, босағаң берік болсын» деп ақжарма тілек арнаған.

Қанатты қос пырақ

Көшпелі өмірмен біте қайнасқан, қазақтың қаны мен жанына серік болған жануар — жылқы. Елтаңбаның екі қапталында қанатты қос пырақ бедерленген. Дана халқымыздың «Ер қанаты — ат» деуі тегін емес.

Жұлдыз және атау

Жақсылыққа жаны құмар ел бата бергенде: «Жұлдызың жансын» дейді. Сол тілектей болып Елтаңбаның төбесінде жұлдыз жарқырайды. Төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар.

Әнұран: қайсарлық, береке және елге қызмет

Бірінші шумақтың үні

Әнұран сөзінен қазақ халқының қайсарлығы сезіледі: қаншама қиындық көрсе де намысын бермегені, даласының астыққа толы берекесі аңғарылады.

Екінші шумақтың мағынасы

Елге гүл болып егіліп, жыр болып төгілетін ұлтжанды азаматтар туралы ой айтылады. Бұл тұс Елтаңбадағы уықтар мен шаңырақ бейнесімен де үндеседі.

Қастерлеу — қасиетті борыш

Айтарым — Рәміздердің мәні мен мағынасы, әрбір белгісінің нені білдіретіні және оны әрқайсымыздың жүрегімізде сақтауға тиіс екеніміз. Рәміздердің құндылығын қорғай білу — ел үмітін ақтайтын қасиетті борыш. Ендеше ұлттың ұлылығындай болған Рәміздерімізді қастерлеп, құрметтей білейік.

Жыр жолдары

Көк аспанда көк туым тұр желбіреген,
Елтаңбасы бар елдің күші бекем.
Әнұраным шырқап тұр аспанымда,
Рәміздерді жүректе сақтап өтем.

Көк түсті туым желбіреп аспанымда,
Алтын күн алтын нұрын шашқанында.
Көненің көзі болған ою-өрнек,
Қыран құс қанат қағып ұшқанында.

Елтаңба — еліміздің белгісі еді,
Бұл да бір жасампаздық үлгісі еді.
Кешегі Таңбалы тастағыдай,
Қазағымның белгілі үрдісі еді.

Жүректерден мөлдір, таза жыр тамсын,
Әнұраным мәңгі бақи шырқалсын.