Өнер алды қызыл тіл

Сабақ: «Тілім барда қазағым бар, халқым бар» (3-сынып)

Ана тілі — ақыл-ой дамуының негізі, барлық білімнің қазынасы. Бұл сабақтың өзегі — оқушыларға осы құндылықты ұғындыру, ана тілін анасындай қадірлеп, құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың мақсаты

  • Ана тілінің ой-сананы дамытатын негізгі тірек екенін түсіндіру.
  • Оқушыларды ана тілін қадірлеуге, құрметтеуге баулу.

Көрнекіліктер

Нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, өлең жолдары.

Кіріспе сөз

Мұғалім:

Туған тілім — бабам тілім — өз тілім,
Туған тілім — анам тілім — өз тілім,
Туған тілім — далам тілім — өз тілім,
Туған тілім — адам тілім — өз тілім.

— Дихан Әбілов

Қазақ тілінің құдіреті — оның өрлігінде, орасан зор байлығында. Ана сүтімен бойымызға дарыған қасиетті тілге бүгінгі күні ерекше мән беріліп отыр, бұл бағытта елеулі жетістіктер де бар.

Тіл туралы маңызды деректер

1997 жыл

Шілде айында «Тіл туралы» заң қабылданды.

7-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі.

2007 жыл

Президент жарлығымен 2007 жыл «Қазақ тілі жылы» болып жарияланды.

Тіл — рухани байлығымыздың қайнар бұлағы, мәдениетіміздің өзегі. Оны қорғау — ұлттық мүддені қорғаумен тең. Тілін жоғалтқан халықтың өзі де жоғалады.

Ана тілі туралы өлең

Ана тілім — жүрегісің анамның,
Жүрек — ана, мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз маған керек емес ғаламның.

Сенің арқаң қанып ішсем тұнықтан,
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам.
Анашымды ұмытқаным емес пе,
Ана тілім, егер сені ұмытсам.

Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай тура қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем.

Мейлі шарлап теңіз өттім, тау бастым,
Мейлі көктің ақ бұлтына жармастым.
Сонда да сен қалмайсың көкейден,
Сонда да сені ұмыта алмаспын.

Бар қазақтың орман, көлі, өзені,
Тау қиясы, жалпақ жазық кезеңі —
Сайрап тұрған жоқ па бәрі қазақша,
Қалай тозар сендік асыл сөз енді?

Ана тілім — күшім менің, қуатым,
Жырым сенен жүрегімнен туатын.
Таусылар ма ырысың да, қорың да,
Тізерлесіп қатар жазса мың ақын?

Қасиетті, ардақты ана тілім,
Айшықты әрі шешен дана тілім.
Анамның ақ сүтімен еміп қоса,
Сонымен саналы ұл боп жаралдым.

Ұлы тұлғалардың нақыл сөздері

Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтінен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту».

Абай

  • Тіл өнері — дертпен тең.
  • Шешеннің тілі — шебердің бізі.

Б. Момышұлы

Әр тілдің өз ырғағы бар.

Н. Наушабаев

Неше топқа салғанда, мүдірмей кеткен тіл артық.

К. Әзірбаев

Заула, заула, заула тіл, халқымның көңілін аула тіл.

С. Дөнентаев

Тіл — көңілдің тілмәші.

С. Мұқанов

Әркімнің туған тілі — туған шеше, оған бала міндетті сан мың есе.

Сөйлей білу — үлкен өнер

Ана тілінде сөйлеу және оған деген құрмет — адамшылықтың, мәдениеттілік пен әдептіліктің өлшемі. Әр азамат ана тілін Отанындай, туған халқындай, ата-бабасындай сүйіп, ардақтап, оны тәңірдің үлкен сыйындай көруі тиіс.

Қадыр Мырза Әли — «Не тәтті?»

— Екі көзің не үшін керек?
— Жақсыларды көру үшін!
— Екі қолың не үшін керек?
— Елге көмек беру үшін!
— Құлақ деген не үшін керек?
— Ақыл-кеңес тыңдау үшін!
— Жүрек деген не үшін керек?
— Жауларымнан ықпау үшін!
— Тіл мен жағың не үшін керек?
— Ақиқатты айту үшін!
— Ал аяғың?
— Туған жерге қайту үшін!

Мақал-мәтелдер: тіл туралы халық даналығы

Қазақ халқы — шешен халық. Халық тіл мәдениетін мақал-мәтел арқылы ұрпақ санасына сіңірген.

  • Өнер алды — қызыл тіл.
  • Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
  • Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
  • Тіл қылыштан өткір.
  • Басқа бәле — тілден.
  • Тіл — буынсыз, ой — түпсіз.
  • Бал тамған тілден у да тамады.
  • Піл көтермегенді тіл көтереді.

Тәуелсіздік және тіл мәртебесі

Ой маржанын тере білген
Әр жазушың, әр ақының.
Әр сөзіңді жатқа білем —
Анам сөзі — ана тілім!

Тіл — ырысың, өрісің де,
Тіл — көктегі ғажап күнің.
Ғажап күнсің мен үшін де,
Бабам тілі — қазақ тілім!

Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, тағдырымызға тәуелді, болмысымызға тән тіліміздің мәртебесін көтеруге мүмкіндік туды. Осы тұста оқушылардың «Ана тілім — алтын қазынам» тақырыбындағы шығармаларына кезек беруге болады.

Тіл туралы түйін

Тіл — халықтың қасиеті де, қасіреті де; жаны мен жүрегі. Тіл — ұлттың ар-намысы, абыройы. Тіл — халықтың тарихы, мәдениеті, асыл мұрасы. Тіл — халықтың өзі.

Ана тілін сақтаған, тағдыр тізгінін өз қолында берік ұстаған халық қана құрметке лайық.

«Ұйқасын тап» ойыны

Ана тілім — бақытты болашағым, ________________________ жол ашамын.
Ұстазымның ілімін ақтау үшін, ________________________ таласамын.
________________________ шуақты,
________________________ қуатты.
________________________, ________________________ су ақты.

Қорытынды

Кіршіксіз қардай сақтаңдар,
Қазақтың тілін ғаламат.
Ана тіл — арым, иманым,
Аманат саған, аманат.

— Мұзафар Әлімбаев

Оқушылар хормен:

Қуан, анам! Ұзағынан сүйініп,
Сәтің де көп, кеткен кейде түңіліп.
Ақ сүтіңнен бойға біткен тіліңді
Пір тұтамын, мен алдыңда иіліп!