Менің ауылымның келбеті Кіндігімнің жас қаны, Тамған жерім ауылым
«Кіндігімнің жас қаны тамған жерім — ауылым. Шабытымның асқары — ауылым», — деп ақын ағамыз жырлағандай, «ауыл» деген сөзді естігенде менің бойымды ерекше қуаныш кернейді. Мен тұратын ауыл Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш жерлесіміз Нұркен Әбдіровтің есімімен аталады.
Туған жерім туралы
Ауылымыз Қарқаралы ауданының оңтүстік-батысында орналасқан. Атам мен әжем, әкем мен анам осы ауылда туып-өскен. Менің де балалық шағым осы жерде өтіп жатыр. Сондықтан бұл мекен мен үшін жай ғана елді мекен емес, жүрегіме жақын туған ұя.
Ауылдың қалыптасу тарихы
Атам ауылымыздың қалыптасу тарихын жиі айтып отырады. Оның айтуынша, Жарлы өзенінің бойында алғашында он екі колхоз болған. 1944 жылы «Совет» колхозына Нұркен Әбдіров атамыздың есімі берілген.
Есте қалатын дерек
1944 жылы ауыл өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі — колхозға Нұркен Әбдіровтің есімінің берілуі.
Ауылымыздан талай ғалым, ақын-жазушылар шыққан. Бұрынғы халықтың тұрмыс-тіршілігін әңгімелеп беретін, салт-дәстүрді сақтаған ата-әжелеріміз де ауылда тұрады.
Балалық шақтың дәмі мен үні
Жаз айларында анам дайындайтын сүт, айран, құрт, ірімшік, сүзбе сияқты ұлттық тағамдарды жеп, ата-әжелеріміздің ертегілері мен жырларын тыңдап өсіп келеміз. Осындай сәттер ауыл өмірінің жылуын сезіндіреді.
Табиғаты — ерекше, тынысы — кең
Ауылымыздың табиғаты айрықша. Кішкентай кезімнен таза ауасымен тыныстап, гүлдердің хош иісін сезініп, ауылдың жылы түтінін аңқытқан таныс иіспен өстім. Жер бедері жазық. Дәл ортасынан Жарлы өзені ағып өтіп, ауылды екіге бөледі. Ауыл шетінде қайың мен көктерек өседі.
Жазғы қуаныш
Жаздың жылы күндері балалармен өзенге шомылып, көк майсада ойнаймыз. Ата-анамызбен бірге жидек теруге барып, табиғатқа саяхат жасаймыз.
Алаңдататын мәселе
Қазіргі кезде Жарлы өзенінің тартылуы байқалады. Қорғау шаралары жеткіліксіз болғандықтан, өзеннің ластануы да көбейіп келеді. Табиғатты қорғау — бәрімізге ортақ міндет.
Ауылдың тыныс-тіршілігі
Ауылымызда мәдениет үйі, кітапхана, ауыл амбулаториясы жұмыс істейді. Орталықта мешіт орналасқан. Еліміз бойынша атап өтілетін барлық мерекелік шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Біз де сол іс-шараларға қатысып, өз үлесімізді қосамыз.
Тарихқа құрмет, білімге құштарлық
Ауылымның тарихы туралы әлі де көп мәлімет білгім келеді. Мектебімізде ауыл мен мектеп тарихына қатысты деректерге бай тарихи-өлкетану мұражайы жұмыс істейді. Сабақ кезінде осы мұражайдан өзімізге керекті мәліметтерді табамыз.
Менің ойым, менің арманым
Елбасымыз «Ауыл — ұлттың ұйытқысы, алтын бесігі» деген. Шынында да мемлекетіміздің тірегі, іргетасы ауылдан басталады. Ал біз — еліміздің ертеңіміз. Мен өз ауылымның дамып, көркейіп өсуіне үлес қосқым келеді.
Мен ауылымды өте жақсы көремін.
Автор туралы
- • №10 Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін орта мектебі КММ, 4-сынып оқушысы — Актанов Саят
- • Жетекшісі: Машкеева Шарбат Амангелдіқызы