Балалар ойын ойнағанға қалай қарайсыңдар

Сабақтың мақсаты мен бағыты

Тақырып

Сабыр түбі – сары алтын

Сабыр мен ұстамдылықтың адам өміріндегі құндылығын түсіндіру және күнделікті әрекетке айналдыру.

Мақсат

Оқушылардың сабырлылық пен ұстамдылық сияқты адами қасиеттер туралы түсінігін кеңейту.

Міндеттер

  • Сабырлы, ұстамды болудың маңызын түсіндіру.
  • Жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
  • Ізеттілікке тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар

АКТ, үнтаспа, қобдиша, жүрекше, үлестірме қағаздар, маркерлер.

Сабақтың барысы

I. Шаттық шеңбері

Оқушылар бір-бірімен заттардың немесе жан-жануарлардың атымен танысады. Мысалы: «Мен бұлбұлмын, әсем дауысыммен ән сыйлаймын» — әрі қарай әр оқушы жалғастырады.

Мұғалім қорытындылайды: табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің бір-біріне пайдасы бар, бірінсіз бірі өмір сүре алмайды.

Одан кейін оқушылар орындарына жайғасады.

II. Жаңа сабақ

1) Ребус арқылы тақырыпты ашу

Оқушылар экрандағы ребусты шешіп, сабақтың тақырыбын анықтайды: «Сабыр түбі – сары алтын».

2) Шәкәрімнің «Талап пен ақыл» өлеңінен үзінді

Сабыр деген әр іске шыдамдылық,

Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талай жан ызданады,

Осыдан көп шығады адамшылық.

Талқылау сұрағы: «Сабырлы болу» дегенді қалай түсінесіңдер? (1–2 пікір).

III. Мәтінмен жұмыс: «Жан жарасы жазылмайды»

Мұғалім әңгімені оқиды. Оқушылар мұқият тыңдап, соңындағы сұрақтарға жауап береді.

Ертеде бір қарияның ашушаң, ұстамсыз ұлы болыпты. Бір күні қария баласына бір қапшық шеге беріп: «Өзіңді ашу қысқан сайын ағаш бағанға шеге қақ. Ашуың басылған кезде суырып ал», — дейді.

Бала алғашқы күні бағанға он шақты шеге қағыпты. Бірақ уақыт өте келе өзін ұстап, ашуға бой алдырмауға тырысады. Күн сайын қағылатын шегенің саны азая береді. Ақырында бірде-бір шеге қақпайтын күнге жетеді.

Сонда әкесі оны бағанға алып келіп: «Жарайсың, балам! Бірақ мына бағанның шұрық-шұрық болғанын көріп тұрсың ба? Ол ешқашан бастапқы қалпына келе алмайды. Адамға ғайбат сөз айтсаң, оның көңіліне жара саласың. Жан дүниесі осы баған сияқты тесіліп қалады. Кейін қанша кешірім сұрасаң да, жан жарасы бірден жазылмайды. Ашуыңды ақылға жеңдір, сабырлы бол», — дейді.

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. Әкесі баласын сабырлы болуға қалай үйретті?
  2. «Ғайбат сөз адамның жан дүниесін баған сияқты шұрық-шұрық етеді» деген ойды қалай түсінесіңдер?
  3. «Ашуды ақылға жеңдіру» нені білдіреді?
  4. Қарияның ашушаң ұлы уақыт өте қандай адам болады деп ойлайсыңдар?
  5. Осы әңгіменің негізгі түйіні қандай?

Назар аударатын негізгі ой

  • Біреуді ренжіту оңай, ал оның көңіліндегі жараны жазу қиын.
  • Ашу үстінде айтылған сөз із қалдырады.
  • Сабыр — өзін-өзі басқарудың көрінісі.

IV. Жаңа ақпарат

Әр нәрсенің байыбына барып, ақылға салып, өзін-өзі ұстай білу — сабырлылықтың белгісі.

Оқушылармен бірге мәтін құрылымы талданады: тақырыбы мен авторы туралы ой қозғалады. Мәтінге лайық атау ұсыныстары тыңдалып, оқулықтағы атауы анықталады: «Жан жарасы жазылмайды».

V. Ойын-жаттығу: «Неге ұқсатамын?»

Оқушыларға сұрақ қойылады: «Ашуланып тұрған адамды неге ұқсатасыңдар?»

Әр топ өзара ақылдасып, ашулы адамның бет-әлпетін немесе күйін қағазға бейнелейді. Мысалдар: найзағай, түнерген бұлт, қызып тұрған үтік, жылан, тасыған өзен толқындары, пештің түтіні, пышақтың жүзі, айдаһар.

Әр топтан бір оқушы шығып, өз ойларын дәлелдеп, суреттерін қорғайды.

VI. «Данышпан ата» кеңесі

Оқушылар кеңестерді хормен оқып, дәптерлеріне жазып алады.

1-кеңес

Әрбір істі ойланып, ақылға салыңдар.

2-кеңес

Шыдамсыздық танытпай, ұстамды болыңдар.

3-кеңес

Әр кезде де өз-өздеріңді жігерлендіріңдер.

Түйін

Сабыр түбі – сары алтын.