Жоғалған дыбыс және әріп ойыны

Сауат ашу сабағы: «Ю» дыбысы мен әрпі

Бұл жоспар 1-сыныптағы сауат ашу сабағына арналған. Негізгі мақсат — оқушыларды «Ю» дыбысы мен әрпімен таныстырып, оның жасалу ерекшелігін түсіндіру және оқу-жазу дағдыларын дамыту.

Білімділік

«Ю» дыбысын дұрыс айтқызу, әріп таңбасымен таныстыру, «Ю» — шет тілдерінен енген дауысты дыбыс екенін түсіндіру.

Дамытушылық

Оқушылардың ой-өрісін, сөйлеу тілін және сөздік қорын дамыту.

Тәрбиелік

Ұқыптылыққа, тапқырлыққа және ұлттық тәрбиеге баулу.

Сабақтың көрнекілігі

  • Суреттер
  • Әріптер жиынтығы

Оқыту әдістері мен түрі

Әдістері: көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап.

Сабақ түрі: жаңа сабақ.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық ахуал

Қуанамын мен де,

Қуанайық күнге,

Шуақ шашқан елге,

Бәріміз де бірге.

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Партаға дұрыс отыруды қадағалау.
  • Сабаққа зейін аударту.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Өткен сабақ бойынша білімді бекіту және оқушылардың түсіну деңгейін анықтау.

  1. «Я» дыбысы қандай дыбыс?
  2. «Сұр қоян» өлеңін жатқа айту.
  3. Оқулықпен жұмыс: кісі аттарын айтқызу.

Мақсат қою: бүгінгі сабақтың тақырыбын хабарлау.

III. Жаңа сабақ

Жұмбақ

Қыс бойы жатады, тәтті ұйқыға батады. (Аю)

Сергіту сәті

Орман — аюдың,

Құлпынайы көп екен.

Теріп-теріп алайық,

Қалтамызға салайық.

Сұрақ: Бізге таныс емес қандай дыбысты естіп тұрсыңдар?

Жауап: «Ю» (бірнеше рет қайталап айтқызу).

Түсінік

«Ю» — дауысты дыбыс, шет тілдерінен енген. Ол екі дыбыстың қосылуынан жасалады: й + у.

Мысалдар

  • айу — аю
  • ойу — ою

Әріппен таныстыру

«Ю» әрпінің баспа және жазба түрін көрсету, дұрыс жазылу бағытын түсіндіру.

Оқулықпен жұмыс

  • Суретке қарап әңгімелеу.
  • Бағандағы сөздерді оқыту және мағынасын ашу.

Сөздер (1)

аю қою құю сүю есею азаю

Сөздер (2)

ою қию түйю күю үлкею көбею

«Ою» мәтінін оқыту, мазмұнын түсіндіру. «Жақсы көрем» өлеңін жаттау.

Дәптермен жұмыс

  1. Әріп элементтерімен таныстыру.
  2. Әуеде жазып көрсету.
  3. Тақтаға жазу.
  4. Дәптерге «Ю» әрпін жаздыру.

IV. Қорытындылау және бағалау

Қорытынды сұрақ: Біз бүгін қандай дыбыс және әріппен таныстық?

Жауап: «Ю» — дауысты дыбыс, шеттен енген, й және у дыбыстарының қосындысынан жасалған.

Ойын: «Жоғалған дыбыс және әріп»

Берілген сөздердегі түсіп қалған бөлікті толықтырыңдар:

Со... Қо... Та... А... Жи...

Үй тапсырмасы

«Ю» дыбысы мен әрпін қайталау. Сөздерді оқып, «Ю» әрпі бар сөздерге мысал келтіру.