Дүниені дүр сілкінткен тарихта аты алтын әріппен жазылған ғалым

Сабақтың танымдық мақсаты

  • Табиғи радиоактивтілік құбылысын түсіндіру.
  • А. Беккерель және М. Склодовская–Кюри мен П. Кюридің еңбектері туралы түсінік қалыптастыру.
  • Радиоактивті сәулелердің негізгі қасиеттерін сипаттау.
  • Радиоактивті ыдырау заңдарын оқып-үйрену.

Радиоактивтілік ұғымы

Радиоактивтілік (лат. radio — сәуле шығару, activus — әрекетті) — орнықсыз атом ядроларының бөлшектер немесе гамма-кванттар шығару арқылы өздігінен басқа элемент ядроларына түрлену құбылысы.

Қысқаша тарихи контекст

Ядролық физиканың даму тарихындағы алғашқы ірі бетбұрыс табиғи радиоактивтіліктің ашылуымен байланысты. Бұл құбылысты 1886 жылы француз ғалымы А. Беккерель анықтады.

Негізгі идея

Радиоактивті сәуле — сыртқы әсерсіз-ақ, атомның өзінен шығатын, өтімділігі жоғары сәулелену түрі. Бұл түсінік кейінгі зерттеулерге жол ашты.

Беккерель тәжірибелері: табиғи радиоактивтіліктің ашылуы

А. Беккерель уран тұзының фотопластинаға әсерін зерттей отырып, маңызды құбылысты байқады: уран тұздары тығыз қара қағазбен оралған фотопластинаға да әсер етіп, оның қараюын туғызады. Бұл — белгісіз, өтімділігі жоғары сәулелердің бар екенін көрсетті.

Кейінгі мұқият зерттеулер нәтижесінде Беккерель бұл сәулелердің ешқандай сыртқы әсерсіз, уран атомының өздігінен шығатынын дәлелдеді.

Белгісіз сәулелердің негізгі қасиеттері

Химиялық әсері

Фотопластинканы қарайтады.

Иондаушы әсері

Газдарды иондайды.

Люминесценция

Кейбір қатты денелер мен сұйықтардың жарық шығаруын туғызады.

Кюрилер кезеңі: терминнің қалыптасуы және жаңа элементтер

Бұл құбылысты зерттеу жұмыстары жылдам қарқынмен жалғасты. 1898 жылы Францияда М. Склодовская–Кюри мен П. Кюри торий элементінің өздігінен сәуле шығаратынын ашты.

Өздігінен сәуле шығаратын химиялық элемент радиоактивті деп, ал сәуле шығару процесі радиоактивтік деп аталуын М. Кюри ұсынды. Атаулар латынның radio (сәуле шығару) және activus (әрекетті) сөздерінен шыққан.

Мария Склодовская–Кюри

Мария Кюри (Склодовская) 1867 жылы 7 қарашада Варшавада зиялы отбасында дүниеге келді. Анасы мектеп директоры, әкесі Владислав физика және математика пәндерінің мұғалімі болды.

Ол 1893 жылы физика бойынша, 1894 жылы математика бойынша диплом алды және ғылымдағы мақсаткерлігімен ерекшеленді.

Пьер Кюри

Пьер Кюри 1859 жылы 15 мамырда Парижде дүниеге келді. Әкесі мен атасы дәрігер болғанымен, Пьер мен ағасы Жак ерте жастан ғылымға ерекше қызығушылық танытты.

Білімге ұмтылуына әкесінің ықпалы зор болды.

Ғылымдағы серіктестік

1895 жылдың 26 шілдесінде ғылым тарихында сирек кездесетін одақ құрылды: Пьер мен Мари шаңырақ көтерді. Екеуі де кейін Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Ол кезеңде Пьер физика және химия институтында профессор болса, Мари осы институтта еңбек етті.

Кюрилер еңбекқорлығымен қатар, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауымен де ерекшеленді: демалыс күндері велосипедпен Севеннаны аралап, Ла-Манш жағалауын және Нуармутье аралдарын зерттеп саяхаттаған.

Радийге апарар жол: ұзақ еңбек және ғылыми жеңіс

Алғашқы жылдары Кюрилер минералдардан радиоактивті заттарды бөліп алып, олардың сәулелену күшін өлшеді. Алайда радийді таза күйде алу оңай болмады: жұмыс күндері айларға, айлар жылдарға ұласты.

1902 жыл: шешуші нәтиже

1902 жылы Мари Кюри таза радийдің 1 дециграмын бөліп алып, оның атомдық салмағы 225 екенін анықтады.

Нобель сыйлығы

1903 жылы Пьер мен Мария Кюри А. Беккерельмен бірге радиоактивтік құбылысты зерттегені үшін Нобель сыйлығын алды.

Қайғылы оқиға және Мария Кюридің ғылыми жолы

1906 жылдың 19 сәуірі — жаңбырлы күн. Пьер Кюри Париждің у-шу көшелерінің бірінен өтер сәтте жол апатына ұшырап, оқиға орнында қаза тапты. Бұл Мария үшін орны толмас қайғы болды.

Соған қарамастан, Мария өз ісін жалғастырды: 1906 жылдың 6 мамырында оған профессор атағы беріліп, Пьер үшін ашылған кафедраны басқарды.

Ғылыми әулет және мұра

Ирен Жолио–Кюри

Ирен Жолио–Кюри (1897–1956) күйеуі Фредерик Жолио–Кюримен бірге жасанды радиоактивтілікті ашқаны үшін Нобель сыйлығына ие болды.

Ева Кюри

Ева Кюри (1904–2007) — журналист, анасы туралы «Мария Кюри» атты кітаптың авторы. Кейін Генри Ричардсон Лабуассқа тұрмысқа шықты.

Келесі ұрпақ

Ирен мен Фредериктің қызы Элен атомдық физикамен айналысты, ал ұлы Пьер биология саласын таңдады.

Мария Кюридің жетістіктері және өмірінің соңы

  • Париж университетінде профессор болған алғашқы әйел.
  • 106 ғылыми мекеме мен академияның, қоғамдардың құрметті мүшесі.
  • 10 премия мен 16 медаль иегері.
  • 1914–1923 жылдары Париждегі Радий институтында физика-химия бөлімін басқарды.
  • Нобель сыйлығын екі рет алды: 1903 жылы (физика), 1911 жылы (химия).

Мария Кюри — тарихта аты алтын әріппен жазылған ғалым. Ол күйеуімен бірге ашқан радиоактивті заттармен ұзақ уақыт жұмыс істеудің салдарын да көрді. 1934 жылы 4 шілдеде Мария Кюри дүниеден өтті.

Пән мұғалімі туралы

Пән мұғалімі: Садыкова Эльмира Төлегенқызы

Мекеме: Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, № 20 ЖОББМММ