Тойға келіңіздер
Бестоғай негізгі мектебі
Өткізген: Қамалиден Айгерім Сағындыққызы
Тақырыбы: «Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтаймыз!»
Мақсаты
Құрметті көрермендер, бүгінгі кешіміздің мақсаты — заман өзгерсе де ұлттық салт-дәстүріміздің құндылығы жоғалмайтынын еске салу, ұлттық мұраны қайта жаңғырту.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ ертең елін сүйетін, халқына адал қызмет ететін, тілі мен дәстүрінің жанашыры болатынына сенеміз.
Наурыз думан әнінің ырғағымен «Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтаймыз!» атты мерекелік кешіміз басталады.
Наурыз туралы түсінік
Наурыз — парсы тіліндегі «нау» (жаңа) және «руз» (күн) сөздерінен құралған, яғни «жаңа күн» деген мағына береді. 22 наурыз — күн мен түн теңелетін, Жаңа жылдың бастауы саналатын Ұлыстың Ұлы күні.
Көктем мінезі
Көктемнің шуағы мол болғанымен, мерзімі қысқа: бірде күн төбеден қыздырса, бірде табанды сыздатады.
Наурыздың орта немесе соңғы шенінде өкпек жел соғып, қар күрт еріп, жер лайсаң тартатын шақ «Аласапыран» деп аталады.
Жаңа жылдың алдында не алғашқы күндері жауған жылтылдап көз шағылыстырар жұмсақ ұлпа қар «Наурыздың ақша қары» деп айтылады. Ол тез ериді. Бұл қарды «Құс қанаты» — құс келер алдындағы қар деп те атайды.
Халықтық атаулар мен амалдар
-
1
Бесқонақ — 17–21 наурыз аралығындағы күндер.
-
2
Наурыз соңында шаруашылыққа жайлы жағдай туғызатын 5–10 күндік жауын-шашынды амал «Бес тоғыстың бет жуары» деп аталады.
-
3
Бұл айды халық ит шуағы, кемпір шуақ, ескек жел айы деп те сипаттайды.
-
4
Наурызда Үркер туа таң атады — табиғаттың жаңа тынысы ашылады.
Көктем — жаңару
Көктем — балалық пен жастық шақтың белгісі. Қызыл-жасылды түске боялған қыр сияқты, өмірге деген құштарлық та арта түседі.
Жер-Ана оянып, табиғат жасарып, күн нұрын шашады. Жер беті жасыл желекке оранып, жыл құстары туған жеріне оралады.
Көктемде алғаш келетін құстардың бірі — махаббаттың белгісіндей жұбынан айырылмайтын аққу. Сондай-ақ көкте сына тәрізді тізіліп ұшатын тырналардың «тырау-тырау» үні де осы маусымның айқын белгісі.
Ескерту: Оқушылар сахнаға шығар кезде «Көңіл толқыны» күйі орындалады.
Аңыз бен тағылым
«Ұлыстың Ұлы күні» атауының төркіні
Бір аңызда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқтаған сәтте топан су қайтып, жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көктен түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татқан дейді. Сол күн «Ұлыстың Ұлы күні» деп жарияланған.
Тыйым сөздер — тәрбие көзі
- Бас киіммен ойнама.
- Ақты төкпе.
- Малды теппе.
- Бүйіріңді таянба.
- Кешқұрым ұйықтама.
- Айға қолыңды шошайтпа.
- Нанды баспа.
- Жайдан жай уһілеме.
Сұрақ-жауап: Наурыз ұғымдары
Қызыр ата балалардың зердесін, ой-өрісін байқау үшін Наурызға қатысты танымдық сұрақтар қояды.
1) Наурызшешек дегеніміз не?
Наурызшешек — наурыз айында өсетін түрлі-түсті гүлді, қауашақты әсем өсімдік. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында бірнеше түрі кездеседі. Наурызшешек Қызыл кітапқа енген сирек өсімдік.
2) Наурызкөк құсы туралы не білеміз?
Наурызкөк — наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Шағын қара түсті болады. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді.
3) Наурыз көже қандай тағам?
Наурыз көже — Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Әр үй оны жеті түрлі дәмнен (сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс және т.б.) жасап, қазы-қарта, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, келген қонаққа ықыласпен ұсынады. Оның ұлттық тағылымы мен мерекелік мәні өте зор.
4) Наурызнама деген не?
Наурызнама — шат-шадыман ойын-сауыққа толы халықтық той. Бұл күні үлкен-кіші түгел жиналып, көңілді дәстүрлі ойындар өткізіледі. Ренжісу, жағымсыз әрекеттерге тыйым салынады. Ат жарыс, палуан күрес, ән-күй, өлең, наурыз жырлары орындалады.
5) «Наурызша» дегенді қалай түсінеміз?
Наурызша — наурыз айында түсетін жұп-жұқа, қиықша қырбық қар. Халық оны осылай атайды.
6) Наурыз батаның мәні қандай?
Наурыз бата — наурызнама өткізгендерге, Наурыз көжеге шақырған үй иесіне, тойда өнер көрсеткен ақынға, әншіге, палуанға және жұртшылыққа берілетін игі тілек пен ақ бата.
Қорытынды сөз
Қызыр ата балалардың білімін бағалап, разылығын білдіреді: «Бәрекелді, балалар! Жарадыңдар!»
Өлең жолдары: Наурыз келді
Наурыз келді көңілді,
Жер шуаққа бөленді.
Күндер туды шуақты,
Қар еріді, су ақты.
Күн мен түн теңелді,
Құстар келді жыр алып.
Дала нұрға кенелді,
Біз де жүрміз қуанып.
Көктемде біз тойлаймыз,
Наурыз тойын — ұлыстың.
Тойдан құр қалмаймыз,
Салты ғой бұл ұлы істің.
Сахналық көрініс: Алдаркөсе мен Шығайбай
Шығайбай
«Алла-ай, сақтай гөр! Неменеге қаптап кеткен мына жұрт? Шығайбайға ас беріп жатыр дей ме екен? Малын шашпақ қой ойлары. Тағы да “демеуші бол, көмектес” деуден тайынбас. Кетейін, көздеріне түспейін…»
Алдаркөсе
«Оу, Шәке, қайда бара жатырсыз? Бүгін той — көктем мерекесі, ел мерекесі. Құнанбайдың шаңырағында сүйінші: нәрестеге ат қою рәсімі болады. Жұрт соған жиналған. Тойға келіңіздер!»
Тілек
Жаңа жыл құтты болсын! Ақ мол болсын! Қайда барсаң жол болсын! Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Бәле-жала жерге енсін! Ұлыс береке берсін! Жұрт аман-есен болсын!
Ұлттық дәстүр: Бесікке бөлеу
Көрермен назарына халқымыздың ұлттық дәстүрлерінің бірі — бесікке бөлеу рәсімі ұсынылады (6-сынып оқушылары).
Бесіктің мәні
Бесік — қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы. Бесікті отпен аластап, «тыштырма» жасап, баланы бесікке бөлейді. Ана мейірімі мен тілегі бесік жыры арқылы айтылады.