Масғұт поэмасы
Сабақтың тақырыбы
Абай Құнанбаев шығармашылығы (Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығынан өткенді қайталау).
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Халқымыздың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы, сазгер Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын меңгеру деңгейін бақылау, пысықтау; өлеңдерін жатқа айту.
Дамытушылық
Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету, шеберлігін және сөйлеу мәдениетін жетілдіру; ой-өрісін кеңейтіп, тілін дамыту.
Тәрбиелік
Абай мұрасына қызығушылықты арттыру, оқып-білуге ынталандыру; адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру; туған елін, Отанын сүю мен құрметтеу сезімін қалыптастыру.
Сабақтың түрі
Қорытынды, бекіту сабағы.
Сабақтың әдісі
Сұрақ-жауап, талдау, салыстыру.
Көрнекілігі
Абайдың портреті, слайдтар, топшамалар, кітап көрмесі.
Пәнаралық байланыс
Қазақ тілі, музыка, тарих, орыс әдебиеті.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
- Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
- Сынып тазалығын тексеру.
II. Қайталау және бекіту
Мұғалімнің кіріспе сөзі
«Әлемнің Абайы» өлеңінен үзінді оқылады:
Абай біздің – Кемеңгер,
Теңдесі жоқ асқар биік шыңымыз,
Ақ ниетті, әділетшіл шыңымыз,
Асыл қазына, ашылмаған сырымыз.
Таусылмайтын мәңгі бақи жырымыз!
Парасатты болып туған,
Шыңғыстаудың Абайы.
Ән мен жырын мұра қылған,
Сарыарқаның Абайы.
Нақылменен сана құйған,
Қазағымның Абайы.
Ақылменен дана болған —
Бүкіл елдің Абайы.
Эпиграф
«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», — деп өз төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге жасасып келеді. Ұлы ақынның бізге қалдырған аманаты — асыл сөздері. Біз оны ардақтаймыз. Аз өмір сүріп, азаппен өткен Абай бүгін де мәңгі жасайды.
1) Абайдың өміріне шолу
Тақырыпты қайталау барысында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған материалдар (слайдтар) қолданылады. «Қарлы кесек» ойыны арқылы маңызды жылдар мен оқиғалар бекітіледі.
Маңызды жыл
Маңызды оқиға
1845
Бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының етегінде дүниеге келді.
1855
Әкесі Семейге оқуға жібереді. Әуелі Ғабдул-Жаппардың, кейін Ахмет-Риза медресесінде оқиды.
1870
Петербургтен жер аударылып келген жас төңкерісшіл Михаэлиспен танысады.
1882
Өлеңдерін жүйелі түрде, ақындық үлгіде жаза бастайды.
1886–1890
Табиғат лирикасы ерекше өрістеген кезең.
1904
Дүниеден өтті.
2) Лирика: ұғым және түрлері
Лирика — адамның көңіл күйін, қуаныш пен реніш сезімін бейнелейтін поэзия. Лирика бес түрге бөлінеді:
- Табиғат лирикасы
- Махаббат лирикасы
- Философиялық лирика
- Саяси лирика
- Көңіл күй лирикасы
Табиғат лирикасы
- «Қыс»
- «Қансонарда бүркітші шығады аңға»
- «Жаз»
- «Күз»
- «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай»
- «Желсіз түнде жарық ай»
- «Жазғытұры»
Саяси лирика
- «Қалың елім, қазағым»
- «Болыс болдым, мінеки»
- «Мәз болады болысың»
- «Болды да партия»
Махаббат лирикасы
- «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл»
- «Кейде есер көңіл құрғырың»
- «Ғашықтық, құмарлықпен — ол екі жол»
- «Сен мені не етесің»
- «Көзімнің қарасы»
Философиялық лирика
- «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»
- «Ғылым таппай мақтанба»
- «Әсемпаз болма әрнеге»
- «Өлең — сөздің патшасы»
- «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
- «Өзгеге көңілім тоярсың»
- «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап»
- «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа»
- «Құлақтан кіріп бойды алар»
Көңіл күй лирикасы
- «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?»
- «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»
- «Әбдірахман өліміне»
- «Адамның кейбір кездері»
- «Ойға түстім, толғандым»
Сөздікпен жұмыс (іріктелген түсіндірмелер)
«Қыс» өлеңі
- Ұшпадай
- — жеке шоқ бұлт.
- Оқшырайтып
- — шошайтып, оқшауландырып.
- Ажарланды
- — сұлуланды, өңі кірді.
- Долданғанда
- — ашуланғанда.
- Үсік шалу
- — үсу, тону.
- Ымтығы құру
- — қажу, шаршау.
- Шидем
- — күпі.
- Қор қылма
- — ысырап қылма.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға»
- Қансонар
- — жаңа жауған қардағы із.
- Ғанибет
- — қызық, тамаша, көңіл көтеру.
- Аңдағанда
- — түлкінің ізіне түсушілердің жүрісі.
- Томаға
- — бүркіттің бас қабы.
- Қырымнан
- — алыстан деген мағынада.
«Күз» өлеңі және этнографиялық атаулар
Малма — тері илейтін ашытқы; теріні иге салып, асты-үстіне шығарып араластыру «малма сапсу» деп аталады.
Шуда жіп — түйенің шудасынан иірілген жіп (ұршықпен иірілген).
Шом / шомшы — түйенің беліне жүк батпас үшін салынатын жұмсақ нәрсе; шомшы — түйемен жүк тасушы адам.
Күзеу — малшылардың күзгі қонысы, жайылымы.
Алты қанат үй — киіз үй керегесінің санына қатысты атау (5, 6, 7, 12 қанат түрлері кездеседі).
Шидем — қойдың жабағысынан тігіліп, сырты матамен қапталған киім (күпі деп те аталады).
Ене — келін үшін күйеуінің шешесі.
Құда — қыз алысып, қыз беріскен адамдар. «Құда мың жылдық, күйеу — жүз жылдық», «Құдаңды құдайыңдай сыйла».
3) Абай өлеңдерінің тілі: көркемдік тәсілдер
Эпитет
Бір заттың не құбылыстың айрықша сипатын, сапасын нақтылау үшін қолданылатын бейнелі сөз.
Мысалдар: «Ызалы жүрек, долы қол», «Үсті-басы — ақ қырау, түсі суық, дем алысы — үскірік, аяз бен қар».
Теңеу
Заттың, құбылыстың қасиетін екінші бір затпен салыстыра отырып ашу.
Мысал: «Ұшпадай бөркі, бұлттай қасы, бурадай долданғанда» тіркестеріндегі ұшпадай, бұлттай, бурадай — теңеу сөздер.
Кейіптеу
Табиғат құбылыстарын жанды бейне ретінде суреттеу.
Мысал: Абай қысты «кәрі құда» кейпінде суреттеп, өлі табиғатты қимыл-әрекет үстінде көрсетеді. Бұл — Абай поэзиясындағы жаңашыл образ.
Шендестіру
Кереғар екі құбылысты қатар қойып, сипат пен мәнді айқындайтын айшықтау тәсілі.
Мысал: «Қар — аппақ, бүркіт — қара, түлкі — қызыл, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға...».
4) Өлең құрылысына талдау
Өлеңнің буын, бунақ, ұйқас түрлері мен ырғақтық құрылымына талдау жасау арқылы Абай поэзиясының көркемдік жүйесі бекітіледі.
5) Абай поэмалары
Абайдан қалған үш поэма бар: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі».
«Ескендір»
Поэма Шығыс елдерінде Ескендір Зұлқарнайын, Еуропада Александр Македонский атымен белгілі қолбасшы туралы аңыздар негізінде жазылған.
«Масғұт»
Негізгі идея — Масғұтты түрлі уақиғалар арқылы биік адамгершілікке жеткізу. Ол ақылдылықтан да, еңбексіз келген байлықтан да қашып, адамзаттың қақ жарымы — әйел затына құрмет ретінде қызыл жемісті таңдайды.
«Әзім әңгімесі»
«Мың бір түн» ертегілерінен алынған бір оқиғаның өлеңмен жазылған нұсқасы. Поэма аяқталмаған.
«Лездеме» стратегиясы (жедел сұрақ-жауап)
- Абайдың поэмалары: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі».
- Ескендір Еуропада қандай атпен белгілі? — Александр Македонский.
- Ескендір патшаның жасы — 21.
- Ескендірдің әкесінің есімі — Филипп.
- Абайдың аяқталмаған поэмасы — «Әзім әңгімесі».
- «Ескендір» поэмасының негізгі идеясы — тойымсыздықты тию.
- Аристотель — ұлы ғалым, гуманист.
- «Мың бір түн» ертегісінен алынған поэма — «Әзім әңгімесі».
- Масғұтқа кездескен шал — Қыдыр.
- Масғұт таңдаған жеміс — қызыл жеміс.
6) Абайдың қара сөздері
Абайдың көркемдік, әлеуметтік-гуманистік және дінге көзқарастары терең көрінетін еңбегі — қара сөздері. «Ғақлия» аталған бұл прозалық мұра ақынның сөз өнеріндегі қуатын да, философиялық дүниетанымын да айқындайтын классикалық стильде жазылған.
Қара сөздер қырық бес бөлек шығармадан тұрады. Тақырыптары сан алуан: кейбірі қысқа, кейбірі мазмұны мен ауқымы жағынан кең. Абай шығарманың ажарына ғана емес, тереңдігіне және логикалық мәніне ерекше көңіл бөледі.
Гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен астасып, қазақ халқының тұтас философиялық концепциясын құрайды. Қара сөздер жалпы адамзатқа ортақ асыл мұраға айналды: алғашқы нұсқалары 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланып, кейін көптеген тілдерге аударылды.
Тапсырма
Оқушылар өздері білетін қара сөздерді жатқа айтып, мазмұнын түсіндіреді.
7) Абай — сазгер
Абайдың ән мұрасы оның ақындық әлемімен сабақтас. Сабақта төмендегі шығармалардан үзінді орындатуға болады:
- «Көңіл құсы құйқылжыр»
- «Құлақтан кіріп бойды алар»
- «Көзімнің қарасы»
- «Желсіз түнде жарық ай»
- «Айттым сәлем Қаламқас»
- «Сегіз аяқ»
Тапсырма: әндерінен үзінді айту.
8) Абай туралы материалдар және ой қорыту
Бейнематериал және ескерткіштер
Абай туралы бейнефильмнен үзінді көрсету, ақын ескерткіштері туралы деректермен таныстыру ұсынылады.
Қанатты сөздер
Абай туралы ақын-жазушылардың айтқан қанатты сөздерін талқылау арқылы тұлғаның рухани биіктігі айқындалады.
«Топтастыру» стратегиясы: Абай кім?
Тапсырма: оқушылар өз ойларын тақтаға жазып, дәлелдейді.
9) Бекіту: тест тапсырмалары
1-нұсқа
1) Абай Құнанбаевтың туған жерін белгілеңіз.
- A) Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақжайлау өңірі.
- B) Шығыс Қазақстан облысы, Шыңғыстау бауырындағы Қасқабұлақ.
- C) Ақмола облысындағы Қоскөл деген жерде.
- D) Ақмола облысы, әйгілі Бурабай көлі.
- E) Қостанай облысы, Құсмұрын бекеті.
Дұрыс жауап: B
2) Құнанбай Абайды неше жасында Семейге оқуға жіберді?
(Оқушылар жауап береді; келесі кезеңде дәлелдеп айту ұсынылады.)
Қосымша материалдар: Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы бойынша қайталау тапсырмалары және слайдтар.