Зере әже

Іс-шара туралы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы, №9 «Балауса» балабақшасының мектепалды даярлық тобына арналған «Дәстүр күні» іс-шарасы.

Тәрбиеші: Алпысбаева Күміскүл Әбдіғаниқызы.

Мақсаты

Балалардың өз еліне, жеріне, туған халқына деген сүйіспеншілік сезімін оятып, ата-баба дәстүрі арқылы адамгершілікке тәрбиелеу.

Кіріспе сөз

Тәрбиеші: «Ата дәстүр — салтымыз, бабадан қалған өнеге. Сол тәліммен еліміз өркен жайып, гүлдеуде. Құтты болсын баршаға Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы! Тәуелсіздік туымыз көгімізде желбірей берсін!»

Осы сөздермен тәрбиеші барша қатысушыларды Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық мерекесімен құттықтайды.

Көрініс: Зере әженің шаңырағында

Сапарға дайындық

(Зере әже үйінде ұршық иіріп отырады. Тәрбиеші балаларды сырттан ертіп келеді.)

Тәрбиеші балаларға бүгін ауылдың анасы, дана сөздің шебері әрі ұлт қолөнерінің білгірі — Зере әженің үйіне қонаққа баратындарын айтады. Балалар әжемен сәлемдесудің әдебін еске түсіреді:

  • «Амансыз ба, әжей?»
  • «Сәлем бердік, әже!»

Балалар екі-екіден қол ұстасып, саппен жүріп, «Бақытты балалық шақ» әнімен Зере әженің үйіне бет алады.

Қонақ күту

Зере әже балаларды қарсы алып, ақ тілегін білдіреді:

«Өркендерің өссін, талаптарың өрлей берсін! Төрлетіңдер, балалар!»

Балалар әженің қасына жайғасады. Осы сәтте сырттан бір бала сүйінші сұрап кіреді:

«Сүйінші, әже! Кіші келініңіз босанды, немерелі болдыңыз!»

Зере әже сүйінші сұраған балаға ризашылық білдіріп, батасын береді:

«О, айналайын! Жақсы хабарың үшін міне, сүйіншің. Өмірің ұзақ болсын, өркенің өссін, балам!»

Әже: «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген аталы сөзді айтып, балалардың қадамын құт деп бағалайды.

Құттықтау және сый-сыяпат

Тәрбиеші Зере әжені Тәуелсіздік мерекесімен құттықтауға келгендерін айтып, балалардың өнерін ұсынады: айтыс өнерінен шағын үзінді.

Айтыс

Ақнұр

Тәуелсіздік тойында
Кім айтысар менімен?
Айтыс-айтыс болады,
Айтысқанда теңімен.

Аяжан

Айтыс, айтыс болады,
Шықса ақын теңімен.
Шешен болсаң, көрейін,
Айтысып көр менімен.

Ақнұр

Е-е-ей!
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Қоса алдың ба мән беріп,
Қанша болды — санап көр.

Аяжан

А-а-хау!
Бірге төрт — бес болады,
Оны бәрі білетін.
Сен дейсің бе саусағын
Санай алмай жүретін?

Зере әже балалардың өнеріне риза болып: «Өнерлерің өрге жүзсін! Мені бір қуантып тастадыңдар» деп алғысын білдіреді.

Бесікке салу рәсімі және бесік жыры

Зере әже балаларды немересінің бесікке салу рәсімін көруге шақырып, «тыштыма» дәмінен ауыз тигізеді. (Рәсім көрсетіледі.)

Бесік жыры

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Ақ қоянның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Жылама, бөпем, жылама.

Ақ бата

Зере әже балалардың ақылды, өнерлі, мейірімді екенін айтып, бата береді:

«Әлемнің бетін жарық ет,
Ұл-қызды түгел білімді ет.
Ақылың ассын,
Ықыласың тасысын.
Балабақшаларыңа шаттық үйірілсін,
Достарың көп болсын!»

Қоштасу

Тәрбиеші әжеге алғыс айтып, саяхаттың аяқталғанын хабарлайды. Балалар келесі жолы тұсаукесер тойына келуге уәде етеді.

Балалар:

  • «Қош болыңыз, әжей!»
  • «Сау болыңыз!»