Сыйымдылық өлшем бірлігі
Математика (2-сынып): білім деңгейлерін тексеру
Бұл сабақ сайыс форматында ұйымдастырылып, оқушылардың өткен тақырыптар бойынша білімін жинақтау мен жүйелеуге бағытталды. Сабақ барысында ұзындық, сыйымдылық және ақша бірліктері бойынша тапсырмалар орындалып, логикалық ойлау мен өз бетінше жұмыс істеу дағдылары дамытылды.
Сабақ түрі
Сайыс сабақ
Әдістері
Топтастыру, түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Алған білімдерін қорытындылау, өтілген материалды жүйелеу. Сыйымдылық, ұзындық және ақша бірліктері туралы білімдерін жетілдіру.
Дамытушылық
Ой-өрісін, сөздік қорын, тіл байлығын дамыту. Өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру.
Тәрбиелік
Ұйымшылдыққа, бір-бірінің пікірін тыңдауға, ұқыпты әрі таза жазуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен пәнаралық байланыс
Көрнекіліктер
- Жұмбақтар, сөзжұмбақтар
- Сызбалар, бейнелі суреттер
- Шығармашылық жұмыс, геометриялық фигуралар
Пәнаралық байланыс
- Дүниетану
- Өзін-өзі тану
- Ана тілі, қазақ тілі
Сабақтың жүру барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
Психологиялық дайындық
Терең ғылым — сананың,
Тегі деп ой салатын.
Өте жақсы оқимыз,
Математика сабағын.
Топтарға бөлу және ұрандар
Сабақ топтық сайыс түрінде өтетіні, белсенділік көрсеткен топтар мен оқушылар жұлдызшалар арқылы марапатталатыны ескертілді.
- I-топ Тапқырлар — «Ілімі бардың білімі бар»
- II-топ Ойшылдар — «Оқығанның ойы озық»
- III-топ Алғырлар — «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады»
II. Өтілген тақырыптарды еске түсіру
«Ширату» сұрақ-жауап ойыны арқылы оқушылардың ойы жинақталып, жақсы қатысқан топтар мен дұрыс жауап берген оқушылар жұлдызшалармен марапатталды.
III. Негізгі бөлім (тапсырмалар мен ойындар)
1) Оқулықпен жұмыс (№1)
Берілген сандардың құрамын табу тапсырмасы үш топпен ауызша орындалды. Жылдам орындаған топ және дұрыс жауап берген оқушылар марапатталды.
2) Сөзжұмбақ шешу: «Метр»
Сөзжұмбақтағы сұрақтарға жауап беру арқылы негізгі ұғым анықталды: «Метр».
- Тік төртбұрыштың қабырғаларының қосындысы қалай аталады?
-
Түк білмей барасың,
Тәлімін аласың.
Есейіп кетсең де,
Қарыз болып қаласың. - Ең үлкен салмақ өлшем бірлігі?
- Сыйымдылық өлшем бірлігі?
Ұзындық өлшем бірліктері туралы қысқаша түсіндірме берілді. Бұрын бірліктер жүйесі қалыптаспаған кезде ата-бабаларымыз саусақ, шынтақ, қолтық, табан, адым сияқты табиғи өлшемдерді қолданған.
3) Көне ұзындық өлшемдері: мағынасын түсіндіру
Әр топқа 1 минут уақыт беріліп, өз атауына сәйкес өлшемнің мағынасын түсіндіру тапсырылды. Дұрыс әрі бірінші түсіндірген топ марапатталды.
I-топ
Қарыс
Бас бармақ пен шынашақтың аралық мөлшері.
II-топ
Құлаш
Иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының арасы.
III-топ
Адым
Білу үшін, шырағым,
Білмегенді сұрағын.
Бір аттасаң алға,
Сол болады бір адым.
Жүру кезіндегі екі аяқтың аралық ұзындығы (қадам).
4) Мазмұнды есеп (№3): топтық жұмыс
Шарты
- Терек — 15 м
- Үйеңкі — 5 м аласа
Шешуі
15 − 5 = 10
Жауабы: 10 м
Әр топ ватман қағазында есепті орындап, өз шешу жолын түсіндірді. Нәтижелері бойынша бағалау жүргізілді.
5) Маусым тақырыбы: «Күз туралы не білеміз?»
Сурет бойынша қай мезгіл бейнеленгені анықталып, оқушылар күз туралы өз ойларын ортаға салды.
6) Табиғат белгілері арқылы ауа райын болжау
Ата-бабаларымыз ауа райындағы өзгерістерді табиғатқа, аң-құсқа және үй жануарларына қарап болжаған. Мысалдар:
- Құс жүнін үрпитсе — жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.
- Сары шымшық ысқырса — күздің келгені.
- Шымшық ұя салса — қыс қатты болады.
- Қарлығаш жоғары ұшса — күн жылынады, төмен ұшса — жаңбыр жауады.
7) Сергіту сәті
Күнге қолды созамыз,
Қанат қағып ұшамыз.
Қарлығаштай қалықтап,
Көгершін болып қонамыз.
8) Шығармашылық тапсырма: «Құсқанаты» оюын құрастыру
Геометриялық фигураларды пайдаланып ұлттық ою-өрнектің «Құсқанаты» үлгісі құрастырылды. Қатесіз әрі жылдам орындаған топтар марапатталды.
9) Күз айлары және есеп құрастыру (№4)
Күздің үш айын халықтық атауларымен еске түсірдік: Қыркүйек — Ерте күз, Қазан — Алтын күз, Қараша — Қара күз.
Оқулықтағы №4 тапсырма бойынша:
- I-топ — берілгені бойынша есеп құрастырды.
- II-топ — кері есептер құрастырды.
- III-топ — кері есеп құрастырды.
10) Жұмбақтар
-
Қыста ғана болады, ұстасаң қолың тоңады.
Жауабы: қар
-
Қолы жоқ сурет салады, тісі жоқ тістеп алады.
Жауабы: аяз
-
Қанаты жоқ ұшады, аяғы жоқ желеді, аузы жоқ ұлиды.
Жауабы: боран
11) Қыс тақырыбы бойынша есеп құрастыру
Оқулықтағы қысқаша жазылуы берілген тапсырма бойынша оқушылар есеп құрастырып, шешу жолдарын ұсынды.
12) «Білгенге маржан»: қорытынды сұрақтар
Әр топқа 5 сұрақтан қойылып, дұрыс жауап берген оқушылар мен топтар марапатталды.
13) Дәптермен жұмыс: салыстыру (№6)
| I-топ | II-топ | III-топ |
|---|---|---|
| 6 кг + 6 кг * 13 кг | 12 кг − 7 кг * 5 кг | 9 кг + 7 кг − 8 кг + 8 кг |
| 10 л + 20 л * 30 л | 50 л − 30 л * 100 л − 10 л | 40 л − 10 л * 100 л − 40 л |
Ескерту: «*» белгісі салыстыру таңбасын ( < , > , = ) қоюды білдіреді.
14) Қорытынды ойын: «Асық»
Әр топтан бір оқушыдан шығып, қоржындағы асықты суырып, ішіндегі сұрақтарға жауап берді:
- 1 дм-де неше см бар?
- 2 нүктені қосса не шығады?
- Барлық сатып алынған заттар бағасының қосындысы қалай аталады?
- Қазақстанның ақшасы қалай аталады?
- Ең үлкен екі таңбалы сан?
- 1 аптада неше күн бар?
15–16) Үй тапсырмасы және бағалау
Үй тапсырмасы беріліп, сабақ бойындағы белсенділік пен тапсырмаларды орындау сапасына қарай бағалау жүргізілді.
17) Рефлексия: «Күн шуағы» тілектер алаңы
«Аспанымыз ашық, күніміз жарқын болсын» деген тілекпен тақтадағы күн бейнесінің айналасына оқушылар өз тілектерін және сабақтан алған әсерлерін жазды.
Жаннет
«Біздің топ жеңді. Мен тобымды мақтан етемін!»
Азамат
«Тапқырлар жеңді. Математика сабағын қатты жақсы көремін!»
Т. Мадина
«Біз күнде ойын ойнағанда жеңіске жетеміз. Ойшылдар тобы алға!»
Арай
«Ойшылдар тобы алға. Бұл сабаққа Амир мен Мадина жақсы қатысты.»
Алина
«Маған бүгінгі сабақ өте ұнады. Бүгін бізге сайыс ұйымдастырылды. Біз екінші орын алдық. Тапқырлар, жарайсыңдар!»
Оқушылардың жазбалары сабақтың сайыс форматында өткенін, топтық жұмысқа қызығушылықтың артқанын және бір-бірін қолдау мәдениетінің қалыптасқанын көрсетті.