Екінші әйел

Сабақтың мақсаты мен форматы

Білімділік

Қазақ даласының атақты билері туралы мағлұмат беру; ұлылардың өмірі мен ерлік істерімен таныстыру; ел қамын ойлаған, туған жерді қадірлеген билердің өнегесін ашу.

Дамытушылық

Оқушылардың өз ойын еркін жеткізуіне жағдай жасау; тұлғалық қабілеттерін дамыту; шығармашылық ізденіске бағыттау; ізденімпаздық пен ой-өрісті кеңейту; сөйлеу мәдениетін жетілдіру.

Тәрбиелік

Ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу; ұлы билердің өмірі мен еңбегін үлгі ете отырып, әділдікке, адалдыққа, мейірімділікке және ерлікке баулу.

Сабақтың түрі

Пікірталас сабағы.

Көрнекілігі

Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің портреттері; нақыл сөздері жазылған плакаттар.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Қазақстан Республикасының әнұранын орындау.
  • Оқушылармен амандасу.
  • Кезекшімен қысқаша сұхбат жүргізу, сыныптың назарын сабаққа бағыттау.
  • Сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтижелерді нақтылау.

II. Кіріспе бөлім

1) Тіл дамыту кезеңі

Би — көпті көрген, тәжірибемен көсем болған тұлға. Ол өткенді ғана емес, болашақты да болжай алатын парасат иесі. Би айтатын сөзін кейде астарлап, кейде мысқылмен жеткізіп, тыңдаушының жүрегіне дөп тигізген. Қажет жерде қара тасты қақ айыратындай от ауызды, орақ тілді шешен болған.

Билердің әділ сөзі еттен өтіп, сүйекке жеткенде, оған тіпті ата жаудың өзі де қылыш көтермеген. Олар ел мен ел арасындағы қоғамдық мәні зор саяси мәселелерді шешуде хан-сұлтандарға тірек болып, ақыл-кеңес берген. Сонымен бірге би — адам жанын, мінез-құлқын бір көргеннен танитын әдепті психолог.

2) Сұрақ-жауап кезеңі

Қазақ елінің атақты билерін атайық.

Ұлы жүзде — Төле би, Орта жүзде — Қазыбек би, Кіші жүзде — Әйтеке би. Сондай-ақ Саққұлақ би, Бапан би, Сырым би, Байдалы би, Мөңке би.

Билерге тән басты қасиеттер қандай?

Әділдік, шыншылдық, батылдық, ақындық, шешендік, әдептілік, көріпкелдік, болжай білу.

Билердің батырлығы неде?

Батырлығы — қолына қару алып шабуда емес, дұшпан алдында именбей, өткір тілмен әділетті сөз айта білуінде.

Билер кімдерге кеңесші болған?

Билер хан-сұлтандарға кеңесші болған.

3) «Білгенің артық болмас…» кезеңі

Сынып оқушылары үш жүзге бөлініп, әр жүзден би сайланады. Әр топ өз мақтанышы туралы мәлімет ұсынады.

I топ — Ұлы жүз: Әзіз Төле би

XVII–XVIII ғасырлардағы ұлы тұлғалардың бірі. Тәуке хан тұсында «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысып, бүкіл алашқа танылды. Бұқар жырау да Төле биді халыққа үлгі-өнеге етіп жырлаған.

II топ — Орта жүз: Қазыбек Келдібекұлы

1667 жылы туған, 1764 жылы қайтыс болған. Тәуке ханның «Жеті жарғы» әдет-ғұрып заңдарын жасаушылардың бірі. Қазыбек бидің беделіне қазақ хандары ғана емес, өзге империялардың әкімшіліктері де сүйенген: 1761 жылы Қытай елшілігі, 1762 жылы Ресей әкімшілігінің өкілдері арнайы келіп, кеңес алған.

III топ — Кіші жүз: айыр тілді Әйтеке би

Аталы сөзімен, тапқыр билігімен танылған шешен би. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы халық майданын құруға ат салысқан қоғам қайраткері. Әйтекенің есімі елге алдымен тілмар шешендігімен және әділ төрелігімен мәлім.

III. Бекіту бөлімі

1) Мәтінді өз ойыңша жалғастыр

Бірде Қазыбек бидің алдына бір бала үшін дауласып екі әйел келеді. Бірінші әйел: «Мен баламды жас күнімде жоғалтып алдым. Ал мына әйел оны асырап өсірген. Бүгін тауып, қайтар десем, бермейді», — дейді. Екінші әйел: «Мен бұл баланы тумасам да, туғанымдай бағып-қақтым. Ешкімге бермеймін», — дейді.

Сонда Қазыбек би екі әйелді асықпай тыңдап, біраз ойланып, шындықты анықтау үшін баланың екі қолын екі әйелге ұстатып, балтаны көтеріп: «Ендеше, екеуіңе қақ бөліп берейін…» — деген екен.

Тапсырма: оқиғаның жалғасын әділдік, адамгершілік, аналық мейірім тұрғысынан құрастырып жаз.

2) Қазіргі кезеңмен байланыстыру

Қазақ руларының басын біріктіріп, бір орталыққа бағындырған Тәуке ханның кеңесшілерінің бірі — Әйтеке би. Ол қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарын одақтастырып, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы халық майданын құруға үлес қосты.

3) Берілген сөздермен сөйлем құра

көсем шешен ұрпақ халық қамын ойлаған ел намысы дұшпан халық майданы

Тапсырма: кемінде 5 сөзді қолданып, мазмұнды 2–3 сөйлем жаз.

IV. Қорытынды бөлім

«Билер» тақырыбына синквейн

1 — Зат есім

Әйтеке би

2 — Сын есім

ақылды, әділ

3 — Етістік

ойлайды, болжайды, шешеді

4 — Сөйлем

Әйтеке би — Кіші жүздің көріпкел билерінің бірі.

V. Бағалау бөлімі

Әр жүздің билеріне сөз беріледі: олар сабақтан алған әсерін, меңгерген білімін ортаға салып, қорытынды жасайды. Сонымен бірге өз жүзіндегі белсенді қатысушыларды атап, жұмысына баға береді.

VI. Үй тапсырмасы

Тақырып: «Егер мен би болсам…»

Тапсырма: эссе жазу (ойды дәлелдеу, мысал келтіру, әділдік пен жауапкершілік ұғымдарын ашу).