Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу

XXI ғасырдағы білім берудегі жаңа көзқарас

Мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеті, топтық жұмыстан рефлексияға дейінгі үдеріс, сондай-ақ оқушыны жаңаша ойландыруға ұмтылыс — ғылым мен білім қарыштап дамыған XXI ғасырдың басты талабы. Жаңа қоғам кеңістігінде жас ұрпаққа жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр.

Білім жүйесіндегі осы өзгерістерді жүзеге асырып, оның сапасын арттыратын негізгі күш — ұстаздың теориялық білімі, кәсіби шеберлігі және шығармашылық қызметі. Елбасымыздың «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары; мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» деген ойы ұстазға жүктелер жауапкершіліктің салмағын айқын көрсетеді.

Негізгі мақсат

Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлға етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы — оқушыға білімді терең игертудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру және оларды шығармашылықпен жұмыс істеуге жетелеу.

Кембридж оқу бағдарламасы: бағыт және мазмұн

Кембридж оқу бағдарламасының мақсаты — Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру және Кембридж университеті тәсілінің теориялық негіздерін меңгеру. Бағдарламаның басты міндеті — қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіруге, оны бағамдай білуге көмектесу және сындарлы ойлауға бағыттау.

Бағдарламаның 7 модулі

  1. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер
  2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
  3. Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау
  4. Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану
  5. Талантты және дарынды балаларды оқыту
  6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу
  7. Оқытудағы басқару және көшбасшылық

Осы 7 модульге сүйене отырып, сабақты қызықты әрі нәтижелі ұйымдастыру үшін оқушылардың оқу үдерісінен жақсы әсер алуына ықпал ететін инновациялық технологияларды тұрақты қолдану қажет.

Мектеп тәжірибесі: деңгейлік курстар және серпін

Біздің мектепте деңгейлік оқудан өткен ұстаздар қатары қалыптасқан. Басшылық құрамынан директор және Лайла апай курстан өтті. І деңгейде — Бекібаева Айгүл, ІІ деңгейде — Шырын апай, Райса, Ералы, Гүлнұр, ІІІ деңгейде — Гүлзия апай, Рахила, Руслан, Жанар, Сандуғаш, Айгерім, Мақпал, Ғалымжан.

Бұл мұғалімдер сындарлы оқыту теориясын меңгеріп, сертификат алған. Мектептегі тренер Райса ұйымдастырған курс арқылы өзге ұстаздардың да қызығушылығы артып келеді. Курстан өтіп жатқан мұғалімдердің сабақтарында оқушылардың белсенділігі айқын байқалады: сыныпқа кіргенде «топқа бөлініп отырайық», «бір-бірімізге сұрақ қояйық» деген ұсыныстарды жиі естиміз.

Топтық жұмыстың мәні

Оқушылар шығармашылық тапсырманы топтасып орындағанда, қарым-қатынасы нығайып, сапалы білім алуға мүмкіндік туады. Олар берілген жұмысты бірлесе талдайды, талқылайды, содан кейін қорғайды.

Мұғалімнің рөлі

Мұғалімнің міндеті — барлық оқушының іс-әрекетін бір арнаға бағыттап, бірлікте басқару: тапсырманың ортақ орындалуын қадағалау, талқылауды ұйымдастыру, нәтижені салыстыру және жинақтауға жетелеу.

Топтық жұмыстың нәтижесі: оқушыға берер пайдасы

Бұл тәсіл не береді?

  • оқушылар мен ұстаз арасындағы сенімді нығайтады;
  • ұжымдық сезімді тәрбиелейді;
  • пікір алмасуға және талқылауға үйретеді;
  • басқаның ойын өз ой-түйінімен салыстыру дағдысын қалыптастырады;
  • сабаққа қызығушылықты арттырады.

Топтық жұмыс кезіндегі мұғалімге қойылатын талаптар

  • оқушылардың ішінен ең тиімді ой-тұжырымды дәл таба білу;
  • үдерісті алдын ала болжай алу;
  • сабақ міндеттеріне жауап іздете білу;
  • айтқысы келген әр оқушыны ықыласпен тыңдау;
  • ойын мәдени тұрғыда қолдау;
  • қажетті сәттерде түзетулер енгізу;
  • әр оқушының мүмкіндігіне жол ашу.

Топтық жұмысты басқару деңгейлік курстан өткен мұғалімдер үшін қазақ тілі мен әдебиет, орыс тілі, география, биология, тарих, математика, сондай-ақ еңбек сабақтарында тиімді нәтижесін көрсетеді. Бұл форматта ұжымдық талқылау арқылы өзара кеңес беру күшейеді, іс-әрекет біртіндеп күрделенеді, ал өздік жұмыстың тиімділігі бұрынғыға қарағанда жақсара түседі.

Қорытынды ой

Сабақ барысында оқушылардың білім деңгейіне сай тапсырмаларды ұсыну, мұғалім мен оқушының бірлескен әрекетін күшейту, топтық жұмыстан рефлексияға дейінгі тізбекті жүйелі ұйымдастыру — оқушыны жаңаша ойлауға жетелейтін маңызды қадам.