Жұмысты жасау кезеңдерін түсіндіру

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Бейнелеу өнеріндегі аппликация ұғымымен тереңірек таныстыру, қағазды қиып-жапсыру тәсілдерін меңгерту.

Тәрбиелік

Ұқыптылыққа, әсемдікке тәрбиелеу.

Дамытушылық

Аппликация арқылы көркемдік талғамды дамыту, ой-қиялды және шығармашылық қабілетті жетілдіру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныптың дайындығын тексеру, сабаққа назар аударту және жұмыс құралдарын реттеу.

II. Өткен сабақты қайталау

«Сиқырлы білім сандығы» ойыны арқылы өткен сабақта алған білімдер пысықталады.

  1. 1) Тақпақ бойынша салынған сурет қай жанрға жатады?

    Түкті қабақ жауып тұрған көзіне,
    Тікенектей түк шығып тұр жүзіне.
    Қырлы мұрын, қырмызы ерін, қап-қара,
    Ұшқын шашып от ойнап тұр көзінде.

    Жауап: Портрет.

  2. 2) Үш негізгі түс қандай?

    Жауап: Қызыл, сары, көк.

  3. 3) Негізгі тәсілі сызық пен бір түсті бейнелеу болып келетін өнер түрі қалай аталады?

    Жауап: Графика.

  4. 4) Қай бояу сумен араласпайды: акварель, майлы бояу, гуашь?

    Жауап: Майлы бояу.

  5. 5) Алғашқы қазақ суретшісі кім?

    Жауап: Ә. Қастеев.

  6. 6) Жануарларды бейнелейтін жанр қайсы: марина, анималистік, тұрмыстық?

    Жауап: Анималистік.

  7. 7) Айвазовский қай жанрмен айналысқан: анималистік, пейзаж, портрет, марина?

    Жауап: Марина.

  8. 8) Қалыңдық киетін бас киім қалай аталады?

    Жауап: Сәукеле.

  9. 9) Киіз үй неше бөліктен тұрады?

    Жауап: Үш бөлік: шаңырақ, уық, кереге.

  10. 10) Малға және малдың дене мүшелеріне байланысты ою-өрнекті ата.

    Жауап: Қошқар мүйіз.

III. Жаңа сабақ: Аппликация

Мұғалім қолындағы оюға сүйене отырып, оқушыларға бағыттаушы сұрақтар қояды: «Бұл қандай ою түрі? Қалай жасалған?» Оқушылар жауабы: түрлі-түсті қағаздарды жапсыру арқылы.

Аппликация атауы латын тілінен шыққан, мағынасы — «жабыстыру, қиыстыру».

Аппликация өнеріне ерекше көңіл бөлген француз суретшісі Анри Матисс (1869–1954). Ол қайшыны қолдану арқылы әсерлі аппликациялар жасауға болатынын атап өткен.

Аппликацияның қысқаша тарихы

  • Қағаздан орындалатын аппликация түрлері б.з.д. Грекияда пайда болған.
  • Мата, киіз, тері, шүберек секілді материалдардан жасалатын аппликациялар: XVI ғасырда Италия мен Испанияда, XVII ғасырда Германия мен Францияда кең тараған; XVIII–XIX ғасырларда Ресейде дамыған.
  • Табиғи материалдардан (сабан, ши, қамыс) орындалатын үлгілер де кездеседі.

Аппликацияның халық өнеріндегі орны ерекше, әсіресе қолданбалы өнерде кең қолданылады. Бұл өнер шығыс пен батыс елдерінде, сондай-ақ Орта Азия мен Қазақстанда жақсы дамыған. Қазақ халқының ақ-қара киізден оюлап жасаған сырмағы да аппликацияның бір үлгісі.

Сәндік аппликация

Қабырға газеттерін, альбомдарды, папкаларды және әртүрлі бұйымдарды өрнекпен безендіруге қолданылады.

Сюжеттік аппликация

Белгілі бір тақырыпқа немесе шығармашылық идеяға құрылған көріністерден тұратын жұмыстар.

IV. Практикалық жұмыс: «Себеттегі жемістер»

Оқушылар «Себеттегі жемістер» тақырыбында көлемді аппликация орындайды.

Жұмыс кезеңдері

  1. 1 Қызыл қағазды 4-ке бүктеп, алманың пішінін сызып, қиып алыңыз.
  2. 2 Басқа жемістерді де түсіне қарай қағазға түсіріп, пішінін қиып алыңыз.
  3. 3 Қиылған пішіндерді бүктеп, бір қырынан бір-біріне желімдеп біріктіріңіз (көлем беру үшін).
  4. 4 Қызыл-сары қағаздан себеттің пішінін қиып, ақ параққа жапсырыңыз.
  5. 5 Дайын болған жемістерді себетке орналастырып, желімдеңіз.
  6. 6 Жемістердің жапырақтарын қиып, жапсырып аяқтаңыз.

Өзіндік жұмыс

Әр оқушы жұмысты кезең-кезеңімен орындап, ұқыптылық пен композицияға мән береді.

Топтық жұмыс

Оқушылар бір-біріне көмек көрсетіп, пішіндер мен түстердің үйлесімін талқылайды.

V. Қорытынды

Сабақ соңында жұмыстар талданып, аппликацияның мәні, материалмен жұмыс істеу мәдениеті және композициялық шешімдер бойынша кері байланыс беріледі.

Үй тапсырмасы

Осы тәсілді қолданып, көлемді аппликация орындап келу.