Еңбекпен тапқан тиін Анасы ұлына

Маңғыстау облысы · Жаңаөзен

Жаңаөзен мектеп-гимназиясы, ағылшын тілі мұғалімі Раметулла З. М.

9-сынып ата-аналары, оқушылары және мұғалімдері арасында мамандыққа бағыт-бағдар беру семинары

Семинар тақырыбы

«Алдымда мың сан таңдау, мың сан тарау»

Мақсаты

Мамандықтар туралы мәлімет беру, сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру және жаңа кәсіп көздерін ашудың жолдарын қалай ұйымдастыру керектігін ата-аналармен бірлесе талқылау.

Семинар түрі

Дөңгелек үстел

Қатысушылар

Оқушылар, ата-аналар, мамандар, мектеп мұғалімдері және әлеуметтік педагог-психолог.

Әдістері мен көрнекіліктері

Әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Жағдаяттық сұрақтар
  • Жоғары деңгейлі сұрақтар
  • Ой қозғау
  • «Ойлау арқылы ойлану» әдістері

Көрнекі құралдар

  • Мамандықтар туралы қанатты сөздер мен мақал-мәтелдер
  • Бейнероликтер
  • Үлестірмелі материалдар
  • Ата-аналарға арналған психологиялық тренинг сұрақтары

Семинардың құрылымы

  1. I. Кіріспе
  2. II. «Мен қызығамын»
  3. III. «Бізден сұрақ, сізден жауап»
  4. IV. Жағдаяттық сұрақтар
  5. V. Ой түю
  6. VI. «Еңбекпен тапқан тиын»
  7. VII. Ойлау арқылы ойлану
  8. VIII. Мамандардың кеңесі
  9. IX. Қорытынды

I. Кіріспе

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, Отанның болашағы мен мемлекеттің келешегі жастардың қолында. Жастардың өрісті ойы мен өркенді ісі, табанды тіршілігі біліммен ұштасқан біліктің арқасында ғана биік белестерге жетеді. Осы тұрғыдан алғанда, мамандық таңдау — жасөспірім кезеңдегі ең маңызды шешімдердің бірі.

Үлкен өмірге енді ғана қадам басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтың ішінен өзіне лайықтысын таңдау міндеті тұрады.

Ой салатын дәйексөз

Жүсіпбек Аймауытов «Жан жүйесі және өнер таңдау» еңбегінде: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл — жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» — деп атап көрсетеді.

II. «Мен қызығамын»

Әр оқушы өзі қызығатын және қызықпайтын мамандықтардың атын атап, таңдауының себептерін қысқаша түсіндіреді. Бұл бөлім оқушының ішкі уәжін анықтап, пікір алмасуға мүмкіндік береді.

III. «Бізден сұрақ, сізден жауап»

Қатысушыларға бағыт-бағдар беретін сұрақтар ұсынылады. Мақсат — мамандық таңдауға әсер ететін факторларды ашық талқылау.

Негізгі сұрақтар

  1. Өзіңнің болашақ мамандығыңды таңдадың ба?
  2. Сол мамандық туралы не білесің?
  3. Әлі таңдамаған болсаң, себебі неде?
  4. Мамандық таңдауыңа кім әсер етті?
  5. Қай жерде оқығанды ұнатасың?
  6. Оқуға түскеннен кейін оқу қиындығына төзе аласың ба?
  7. Адамның мамандық таңдауы оның әлеуметтік жағдайына әсер ете ме?

Талқылауға нұсқау

  • Жауапты дәлелмен айту: «Неге?» және «Қалай?» сұрақтарын қосу.
  • Бір-бірінің пікірін бөліп-жармай тыңдау, нақтылау сұрағын қою.
  • Қызығушылық, қабілет, еңбек нарығы, отбасы кеңесі арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

IV. Жағдаяттық сұрақтар

Өмірлік жағдайларға негізделген тапсырмалар арқылы қатысушылар өз позициясын анықтап, келіссөз жүргізудің дұрыс жолдарын іздейді.

  1. Сен өзіңе ұнаған мамандықты таңдадың, бірақ ата-анаң қарсы. Мұндай жағдайда не істер едің?
  2. Ата-анаң саған бір мамандықты таңдап берді, бірақ ол саған ұнамады. Ата-анаңның шешіміне қарсы боласың ба?

V. Ой түю

«Ой салу» әдісі арқылы оқушылардың шығармашылығы дамытылады. Оқушылар топқа бөлініп, берілген тақырыпты талқылайды, мәтіннің тәрбиелік мәнін (моральдік түйінін) табады.

VI. «Еңбекпен тапқан тиын» (I топ)

Ерте заманда шал мен кемпірдің жалғыз ұлы болыпты. Бір күні шал кемпіріне ойнап жүрген баласын нұсқап: «Кемпірім-ау, біздің баланың түрі мынау. Мен мұрамды кімге қалдырамын?» — деп уайымдайды.

Мұны естіген кемпір баласына: «Әкеңе барып мына тиынды апарып бер. “Өзім еңбекпен таптым” де», — дейді. Бала атасына барып: «Ата, мен мына тиынды еңбекпен таптым», — дейді. Атасы: «Бұл сенің еңбекпен тапқан тиының емес», — деп тиынды отқа лақтырып жібереді.

Бала мән бермей, ләңгісін ойнауға кетеді.

Жоғары деңгейлі сұрақтар

  1. Атасы неліктен тиынды отқа лақтырып жіберді?
  2. Неліктен атасы «бұл еңбекпен тапқан тиын емес» деді?
  3. Ләңгі ойнау еңбекке жата ма?
  4. Анасы баласына тиын беріп, дұрыс жасады ма?
  5. «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» дегенді қалай түсінесің?

VI. «Еңбекпен тапқан тиын» (II топ)

Анасы ұлына: «Ұлым, кешегі тиының еңбексіз ақша екенін шал біліп қойды. Енді мұрасын кімге қалдырамын деп уайымдап отыр. Сен барып жұмыс істеп, ақша тап», — дейді.

Бала кетпен шауып, құдық қазып ақша табады да, әкесіне келіп: «Әке, мен мына тиынды еңбекпен таптым», — деп береді. Әкесі тиынды тағы да отқа лақтырып жібереді.

Мұны көрген бала от ішінен тиынды жұлып алып: «Әке, бұл менің еңбекпен тапқан табысым еді. Неге олай істедіңіз?» — дейді. Сонда әкесі: «Сендім, балам. Еңбекпен тапқан екенсің», — деп баласының маңдайынан сүйеді.

Жоғары деңгейлі сұрақтар

  1. Неліктен әкесі мұрасын баласына қалдыруға алаңдады?
  2. Анасы дұрыс бағыт берді ме?
  3. Неліктен бала кетпен шауып, құдық қазды? Тағы қандай жұмыстар істеуге болар еді?
  4. Бірінші рет үнсіз кеткен бала неге екінші рет тиын үшін отқа ұмтылды?
  5. Әкенің мұрасы балаға әрқашан азық бола ала ма?

VII. Ойлау арқылы ойлану

Топтарға суреттер ұсынылады. Суреттер негізінде қатысушылар өз ойларын айтып, жаңа кәсіп көздерін ашу үшін алғашқы қадамдарды анықтайды: бастама көтеру, тәуекелге бару, қиындықты еңсеру жолдарын бірге талқылайды.

I топ

Алма ағашы

Талқылауға бағыт

  • Идея: қандай мүмкіндік көріп тұрмыз?
  • Ресурс: нені пайдалана аламыз (уақыт, білім, орта)?
  • Қадам: бүгін қандай нақты әрекет жасаймыз?
  • Тәуекел: қандай қиындық болуы мүмкін және оны қалай азайтамыз?

VIII. Мамандардың кеңесі · IX. Қорытынды

Семинардың қорытынды бөлімінде мамандардың ұсыныстары тыңдалып, оқушының қызығушылығы мен қабілетін еңбек нарығының талабымен үйлестірудің маңызы айқындалады. Ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен қолдау — дұрыс таңдау жасаудың басты шарты.

Оқушыға

Қызығушылығыңды зертте, қабілетіңді бағала, бірнеше бағытты салыстыр.

Ата-анаға

Таңдауға қысым жасамай, ақпарат беріп, бірге жоспар құруға көмектес.

Мектепке

Бағыт-бағдар, тәжірибелік тапсырма және маман кеңесі арқылы қолдау көрсет.