Сын есім туралы мағлұмат беру, сын есімге байланысты жаттығуларды орындау арқылы грамматикалық заңдылықтарды меңгерту

6-сыныпқа арналған сабақ жоспары

Тақырып

Сын есім және оның түрлері

Сабақтың мақсаты

  • Сын есім туралы мағлұмат беру; жаттығулар арқылы грамматикалық заңдылықтарды меңгерту.
  • Белсенді сөздік қорды молайту; білімін сын тұрғысынан бағалауға дағдыландыру; шығармашылық қабілет пен логикалық ой-өрісті дамыту; ізденімпаздыққа бағыттау; уақытты тиімді пайдалануға үйрету; достық қарым-қатынас пен қазақ тіліне сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
  • Бір-біріне деген жауапкершілік сезімін арттыру.

Көрнекіліктер мен құралдар

Топтық жұмыс сұрақтары Кестелер Магнитофон Кубиктер Бағалау парақтары «Күн көзі» материалы Фонограмма Ертегі маскалары

Ұйымдастыру және кіріспе

1) Ұйымдастыру

Оқушылармен амандасып, сабақтың мақсатымен таныстырамын.

2) Топқа бөлу

Оқушылар 3 топқа бөлініп отырады. Әр топқа өз тобына сәйкес сұрақтар таратылады.

Жедел тапсырма (3 минут)

Берілген сұрақтарға сүйеніп 2–3 сөйлем құрастыру:

Үлгі 1

Кім? Қайда? Не істейді?

Үлгі 2

Не? Қайда? Не істейді?

Үлгі 3

Кімдер? Қайда? Не істеді?

Әр топ сөйлемдерін оқиды, зат есімді табады. Егер сөз септік жалғауында тұрса, қай септік екенін анықтайды.

Топ шешімі бойынша ең жақсы бір сөйлем тақтаға жазылады.

Талқылау сұрағы: сөйлемді қалай толықтыруға болады?

Оқушылар сөйлемге түрлі сөздер қосады. «Қандай?» сұрағына жауап беретін сөздер енгізілгенде, ол сөздер сөйлемнің арасына жазылады. Жаңа сөздің «қандай?» сұрағына жауап беретінін дәлелдеп, сөйлемді талдаймыз.

Соңында оқушылар тақтадағы сөйлемдерді дәптерге көшіріп жазады.

Жаңа сабақ: сын есімді меңгерту

Кестемен жұмыс

Әр оқушыға кесте таратылады. Тапсырма: берілген заттардың түсі мен дәмін жазу.

Не? Түсі Дәмі
Алма ... ...
Балмұздақ ... ...
Лимон ... ...
Қарбыз ... ...

Кесте толтырылған соң, жазылған сөздерді оқимыз да мына сұраққа жауап іздейміз:

«Осы сөздердің барлығын не біріктіреді?» — барлығы да «қандай?» сұрағына жауап береді.

Осы сын есімдерді қолданып сөйлем құрастырып, тақтаға жазып, дәптерге көшіреміз.

Жұппен жұмыс

Оқушыларды жұпқа бөлу үшін бес түске боялған күлкілі бейнелер таратылады. Оқушылар түс бойынша жұптарын тауып отырады.

Тапсырма

  • Берілген түстерді қатыстырып 6 сөйлем құрастыру.
  • Сөйлемдерді түрлі-түсті қағазға жазып, таратылған кубиктерге жапсыру.
  • Жұмыс барысында фонограмма (музыка) қосылады.

Жеке қолдау

Жұппен жұмыс жүріп жатқанда оқу деңгейі сәл төмен оқушыға жеке тапсырма беріп, қажетті жерде бағыт-бағдар көрсетемін.

Жұмыс аяқталған соң оқушылар бір-біріне сөйлемдерін оқып, қателерін түзетеді.

Сергіту сәті

«Бағдаршам» ойыны

Қызыл

Тоқтайды

Сары

Шапалақтайды

Жасыл

Жүреді

Шатасқан оқушы ойыннан шығады.

Шығармашылық жұмыс

Оқушыларды екі топқа бөліп, магнитофон арқылы «Мақтаншақ қоян» ертегісінің жартысын тыңдатамын.

Тапсырма

  • Ертегіні өз ойларымен аяқтау.
  • Рөлдерге бөліп, сахналап көрсету (маскаларды қолдануға болады).

Бағалау

Жұмысты бастамас бұрын бағалау критерийлері «Бағалау парақтарында» көрсетіліп, оқушыларға таратылады. Ойнап болған соң, оқушылар бір-бірін бағалап, нәтижені сын тұрғысынан талдайды.

Соңында ертегінің толық нұсқасын тыңдап, қай топтың аяқтауы түпнұсқаға жақын болғанын анықтаймыз.

Ертегі мәтіні: «Мақтаншақ қоян»

Баяғыда бір қоян болыпты. Ол өте мақтаншақ екен.

Бір күні орманда барлық қояндар жиналады. Мақтаншақ қоян ортаға шығып:

«Менің құлағым ұзын, менің көзім үлкен, менің тісім үлкен. Мен күшті, мен батыр қоянмын. Мен ешкімнен де қорықпаймын, қасқырдан да қорықпаймын», — дейді.

Сол сәтте қояндар бір тысырды естиді. Ең бірінші болып мақтаншақ қоянның өзі қорқып кетеді. Ол бұтаға секіреді. Ал бұтада қасқыр отырған екен.

Қоян қасқырдың көзіне құлап, қасқырдың көзіне ештеңе көрінбей қалады. Қасқыр қорқып, қашып кетеді.

Қояндар қайта жиналып, мақтаншақ қоянды ортаға алып:

«Сен батыр қоянсың, сенен қасқыр да қорқады», — деп мақтайды.

Жаттығумен жұмыс

Барлық оқушыға жаттығу мәтіні таратылады. Тапсырма: көп нүктенің орнына «қандай?» сұрағына жауап беретін сөздерді тауып қою.

Мәтін: «Қалың орман»

Жасыл ағаштың жанында қояндар жиналды. Ортаға кішкентай қоян шықты. Ол айтты:

«Менің құлағым ұзын, көзім үлкен, мен батыр қоянмын», — деді.

Бір кезде аш қасқырдың дауысы шықты. Қорқақ қояндар қашып кетті.


... орман. ... ағаштың жанына қояндар жиналды. Ортаға ... қоян шықты. Ол айтты:

«Менің құлағым ..., көзім ..., мен ... қоянмын», — деді.

Бір кезде ... қасқырдың дауысы шықты. ... қояндар қашып кетті.

Жұмыс аяқталған соң мәтін оқылып, қателер болса түзетіледі.

Өлеңмен жұмыс

Өткен сабақтарда үйренген Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін еске түсіреміз. Өлең ішінен сын есімдерді табамыз.

Абай — «Желсіз түнде жарық ай» (үзінді)

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеген,

Ауылдың маңы терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

Оқушылармен бірге өлеңнің әуенін (әнін) орындаймыз.

Қорытынды

Сабақ соңында «Сын есім дегеніміз не?» сұрағына жауап аламын.

Оқушы әрекеті

Оқушылар сабақ бойы алған білімдерін тиянақтап, өз күштерімен ережені құрастырады. Кейін дайын ереже әр оқушыға таратылып, олар оқып, мысал келтіреді.

Рефлексия

«Күн көзі» ойыны

Оқушылар екі топқа бөлінеді. Әр топқа ортасында «зат есім», «сын есім» деп жазылған күннің ортасы және 6 зат есім, 6 сын есім жазылған күн сәулелері таратылады.

Мақсат: қай топ сәулелерді дұрыс сәйкестендіріп, күн көзін бірінші болып жинаса — сол топ жеңеді.

Қосымша тапсырма (уақыт қалса)

Зат есім мен сын есімді салыстыру үшін Венн диаграммасын жасаймыз.