Шығармашылық жұмыстың мақсаты
Астана қаласы Гуманитарлық колледжінің музыка пәнінің мұғалімі — Базарова Аягоз Умертаевна
Мектепке дейінгі тәрбиешінің музыка сабағындағы рөлі
Тәрбиешінің жеке басының жас жанға ететін ықпалы оқулықтармен де, жақсы әдет-ғұрыпты құлаққа сіңіретін уағызбен де, жазалау мен мадақтау жүйесімен де алмастыруға келмейтін тәрбиелік күшке ие.
(К. Д. Ушинский)
Шығармашылық жұмыстың өзектілігі
Музыка мектепалды жастағы баланың өмірінде педагог әрекетінің белсенді ұйымдастырылуы арқылы тұрақты түрде қолданылуы тиіс. Балалардың музыкалық қабілеттерінің дамуы көбіне музыка жетекшісі мен тәрбиешілер жұмысының түйісуіне байланысты.
Музыка жетекшісі мен тәрбиешілердің әрекеттестігінде балалардың музыкалық дамуына қатысты жұмысты бірлесіп жоспарлау, олардың ұғымдары мен әрекеттерінің ортақ мағынасын қалыптастыруға бағытталған бастама алмасу қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, балабақшадағы тәрбиешінің музыкалық сауаттылығы мен құзыреттілігі мәселесі өзектілігін жоймайды.
Музыкалық қабілеттердің біртіндеп қалыптасуы
Балабақшадағы сәбилік шағынан тәрбиеленіп келе жатқан балада музыканы тыңдау, түсіну, есте сақтау, ажырата білу, ән айту, би билеу, аспаптарды тану қабілеттері біртіндеп қалыптасады.
Ал балабақшаға қамтылған баланың бойына қысқа мерзім ішінде аталған білім мен дағдыларды қалыптастыру музыка жетекшісінің алдына қойылатын ауқымды әрі жауапты міндет. Осы үдерісте мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі жас ұрпақты жан-жақты дамытып, тәрбие беріп, оны өмірге және еңбекке даярлауға, сондай-ақ отбасыға бала тәрбиесі жөнінде қолдау көрсетуге қатысады. Сонымен бірге педагогикалық білімді көпшілік арасына насихаттау сияқты жауапты әрі қадірлі қоғамдық міндет атқарады.
Шығармашылық жұмыстың мақсаты
Болашақ тәрбиешінің музыка сабағында баланың жеке басындағы адамгершілік қасиеттерін ашуға қажетті жағдайлар туғызу және тұлғаның жалпы мәдениетінің алғашқы негіздерін қалыптастыру.
Шығармашылық жұмыстың міндеттері
Кәсіби келбет және сөйлеу мәдениеті
- Музыка сабағында тәрбиеші әрдайым жинақы, таза, ұқыпты болуы, сөзі мәнді әрі ойлы шығуы керек.
- Өз мінезін, жүріс-тұрысын бақылап, сабақты ұйымдастыра білуі тиіс.
Музыкалық сауаттылық және құзыреттілік
- Арнаулы музыкалық сауаттылық бойынша білімін дағдыға айналдырып, жүйелі түрде меңгеруі керек.
- Балаларға көзқарасы, ым-ишарасы және сөзі арқылы ойын түсінікті жеткізе білуі қажет.
Баланың музыкалық дамуын қолдау
- Музыкаға тұрақты қызығушылықты және әртүрлі музыкаға эмоциялық сезімталдықты қалыптастырып, дамыту.
- Ән айту және би билеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету.
- Қарапайым балалар музыкалық аспаптарын таныту, музыкалық қабылдауды және есте сақтауды дамыту.