Ақылдылар мен тапқырлар танымдық ойыны
9–11 сынып оқушыларына арналған танымдық ойын
Бұл материал 9–11 сынып оқушыларына арналған «Ақылдылар мен тапқырлар» танымдық ойынын ұйымдастыруға көмектеседі. Ойын оқушылардың білімін тереңдетіп, ойлау мен сөйлеу мәдениетін дамытуға бағытталған.
Мақсаты
- Оқушыларды қазіргі заман талабына сай терең білім алуға ынталандыру.
- Жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін және қоғамдық-саяси ой-өрісін дамыту.
- Ойлау және сөйлеу қабілеттерін шыңдау, туған елге және жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, ұлттық мәдени құндылықтарды бойына сіңіру.
Білімділік бағыты
Тарихтың қайнар көздеріне сүйене отырып, оқушылардың зеректік қабілетін дамыту, ой-өрісін кеңейту, білімге құштарлығын арттыру және озық ойлы, алғыр әрі тапқыр оқушыларды анықтау.
Тәрбиелік бағыты
Оқушылардың дүниетанымын кеңейту, білімге қызығушылығын күшейту, ойлау мәдениетін дамыту. Өз мүмкіндігін дұрыс пайдалана алатын зерделі тұлғаны тәрбиелеу.
Форматы, көрнекілігі және қатысушылар
- Түрі
- Танымдық ойын — «Ақылдылар мен тапқырлар».
- Қатысушылар
- 9–11 сынып оқушылары (жалпы саны — 20). Іріктеу кезеңінен кейін негізгі кезеңге 15 оқушы өтеді (3 топ, әр топта 5 оқушы).
- Көрнекілігі
- Түрлі түсті таяқшалар, интерактивті тақтаға арналған слайд-презентация, түрлі түсті суреттер, Берел құпияларының реконструкцияланған суреттері, Радлов пен Ақышевтың фотосуреттері, жаңғыртпалар мен безендіру элементтері (шарлар), түрлі түсті топ атаулары жазылған қағаз парақшалар, сондай-ақ Мемлекеттік республикалық қазыналық кәсіпорын «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің «Берел» атты кітап көрмесі.
Жүргізушілер
Тарих пәнінің мұғалімі: ____________________________ / ____________________________
Ойын бағдарламасы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Жүргізушінің сөзі
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін 9–11 сынып оқушылары арасында өтетін «Ақылдылар мен тапқырлар» танымдық ойынына қош келдіңіздер! Жастар — халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Бұл ойын оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, есте сақтау қабілетін шыңдап, танымдық қызығушылығын арттырып, шығармашылыққа баулиды және білімді жастарды анықтауға мүмкіндік береді.
Ойынға 20 оқушы қатысады. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде 3 топ құрылады. Әр топта 5 оқушыдан — барлығы 15 ойыншы негізгі кезеңдерге өтіп, сайысты жалғастырады.
Шақыру және таныстыру
Мемлекеттік республикалық қазыналық кәсіпорын «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің саяхат жетекшісі Ринат Серғазыұлы Мұқатаевты ортаға шақырамыз.
Қатысушыларды таныстыру
- 11 «Б» сыныбы — 3 оқушы
- 11 «А» сыныбы — 4 оқушы
- 10 «А» сыныбы — 3 оқушы
Әділқазылар алқасы
______________________________________________________
Іріктеу кезеңі: сұрақтар
Өнер қуып сайыскерлер өтер деймін,
Бір басына өнері жетер деймін.
Құрметті сайыскерлер, кезектесіп,
Дұрыс жауапты біздерге берер деймін.
Іріктеу кезеңі 20 сұрақ-жауаптан тұрады.
-
1-сұрақ
Сақтардың өмір сүрген мерзімі?
Б.з.д. VII–II ғғ.
-
2-сұрақ
Сақтар туралы жазған грек тарихшысы?
Геродот.
-
3-сұрақ
Геродот сақтарды қалай атаған?
Азиялық скифтер.
-
4-сұрақ
Парсы жазбаларында сақтарды қандай үш топқа бөлген?
Тиграхауда, парадарайа, хаомаварга.
-
5-сұрақ
Сақтардың баспанасы?
Күйме.
-
6-сұрақ
Сақтарды басқарған әйел патшалар?
Томирис, Зарина.
-
7-сұрақ
Тиграхауда сақтары мекендеген жер?
Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қырғызстан жерлері.