Жарықтың сынуы

Сабақтың тақырыбы

Жарықтың сынуы. Жарықтың сыну заңдары.

Сабақтың мақсаты

  • Білімдік: жарықтың сынуын және сыну заңдарын түсіндіру; оларды тұрмыста және техникада қолдана білуге бағыттау.
  • Дамытушылық: оқушылардың дүниетанымын кеңейту, ой-өрісін дамыту және физика пәніне қызығушылығын арттыру.
  • Тәрбиелік: адамгершілікке, еңбекқорлыққа, ұйымшылдыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Сабақтағы сұрақтар мен есеп шарттары берілген слайдтар (компьютер, проектор, экран), жазық және сфералық айналар, плакаттар, суы бар ыдыс, призма, оптикалық шайба, трапециялық призма, кадаскоп слайдтары, электр шамы, жетондар.

Сабақтың әдісі: ойын элементтері бар аралас сабақ.

Сабақтың құрылымы

  1. 1 Жарық. Жарықтың қасиеттері
  2. 2 Жарықтың сынуы
  3. 3 Сыну заңдары бойынша практикалық есептер
  4. 4 Қызықты жарық

Бағалау (жетон арқылы)

Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларға жетон беріледі. Сабақ соңында жинаған жетон санына қарай бағаланады: ең көп жетон — 5, одан аз — 4 немесе 3. Жетон таратуды бір оқушы көмекші ретінде ұйымдастырады.

І. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, сыныпты екі топқа бөліп отырғызу.
  • Сабақ кезеңдерін қысқаша түсіндіру.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: Жарық. Жарықтың қасиеттері. Әр топқа 5 сұрақ және 2 тапсырма беріледі. Егер бір топ жауап бере алмаса, қарсы топ жауап беруге құқылы.

«Жазық айна» тобының сұрақтары

  1. Жарық дегеніміз не?
  2. Жарықтың түзу сызықты таралуын дәлелдейтін қандай құбылысты білесіз?
  3. Жазық айна дегеніміз не?
  4. Сәуле түсу бұрышы 35° болса, түскен және шағылған сәулелер арасындағы бұрыш неге тең?
  5. Күңгірт және жылтыр қағаздың қайсысынан фотосурет жақсы көрінеді? Неліктен?

«Сфералық айна» тобының сұрақтары

  1. Жарық көздерінің қандай түрлерін білесіз?
  2. Жарықтың таралу жылдамдығы неге тең?
  3. Сфералық айна дегеніміз не?
  4. Айна беті мен түскен сәуле арасындағы бұрыш 20° болса, шағылу бұрышы неге тең?
  5. Неліктен ылғал денелердің түсі құрғақ денелерге қарағанда қанығырақ болып көрінеді?

Практикалық тапсырмалар (тақтада орындалады)

«Жазық айна» тобы

  1. Бір-бірімен тік бұрыш жасап орналасқан екі айнаның біріне сәуле түседі. Сәуленің әрі қарай таралу жолын салыңыз.
  2. Сфералық айнадағы кескінді салыңыз.

«Сфералық айна» тобы

  1. Сурет бойынша көпбұрыштың MN жазық айнадағы бейнесін салыңыз.
  2. Сфералық айнадағы кескінді салыңыз.

ІІІ. Жаңа сабақ: Жарықтың сынуы

Біртекті мөлдір ортада жарықтың түзу сызықты таралатыны белгілі. Нәрселердің өзіне түскен жарықты шағылдыру, сындыру және жұту қасиеттері әртүрлі болғандықтан, біз оларды көре аламыз.

Мөлдір денелерді біз жартылай шағылған, жартылай денеден өткен жарық арқылы қабылдаймыз. Екі ортаны бөліп тұрған шекарадан өткен кезде жарықтың таралу бағыты өзгеруі жарықтың сынуы деп аталады.

Негізгі анықтама

Сынған сәуле мен екі ортаны бөлетін шекараға сәуле түскен нүктеде тұрғызылған перпендикуляр арасындағы бұрыш сыну бұрышы (γ) деп аталады.

Сызбаға енгізілетін белгілеулер

  • MN — су мен ауа арасындағы шекара.
  • AO — шекараға түсетін жарық сәулесі.
  • CDO нүктесінде тұрғызылған перпендикуляр.
  • OB — сынған сәуле.