Әуіпбай күйі

Ана тілі • 4-сынып

Қарақожаұлы Қорқыт ата туралы аңыз әңгіме: сабақ жоспары

Бұл сабақта оқушылар Қорқыт ата туралы аңыз әңгімемен танысып, қобыз үні мен күй өнерінің мәнін түсінеді. Сабақ құрылымы оқылым, тыңдалым және сұрақ-жауап арқылы оқушының ойлауын, тілдік қорын және мәнерлеп оқу дағдысын дамытуға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  • VIII–IX ғасырларда өмір сүрген ұлы күйші, қобызшы Қорқыт ата туралы аңыз әңгімени түсіндіру; оның өмірі мен күйлері жайлы мағлұмат беру.
  • Оқушылардың тілдік қорын, мәнерлеп оқу дағдыларын және ой-өрісін дамыту.
  • Күй өнерін түсініп, қадірлеуге және тарихымыздың сырын ұғынуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Қобыз (музыкалық аспап)
  • Слайдтар
  • Күй аспаптары туралы буклет
  • Қорқыт атаның портреті

Пәнаралық байланыс және әдіс

Пәнаралық байланыс

Музыка

Сабақтың әдістері

Проблемалық баяндау, сұрақ-жауап, әңгімелеу

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың зейінін сабаққа аудару, психологиялық дайындық жасау.

Мұғалімнің әрекеті

Сыныппен қысқа диалог жүргізіп, сабаққа назар шоғырландыру.

2) Өткен сабақты пысықтау және бекіту

Сабақты үйге берілген тапсырманы пысықтаудан бастау.

Қайталау сұрақтары

  1. 1 Халық ауыз әдебиетінің қандай түрлерін білесіңдер?
  2. 2 Аңыз дегеніміз не? Қандай аңыз әңгімелерді білесіңдер?
  3. 3 Әл-Фараби туралы не білеміз?

Үй тапсырмасы

«Өнерлі жігіт» мәтінін бір оқушы мазмұндайды; слайдтар арқылы пысықталады.

Шығармашылық тапсырма

Әл-Фараби туралы қосымша мәліметті зерттеп келу.

3) Жаңа сабақ: Қорқыт ата және қобыз үні

Кіріспе (тыңдалым)

Бір сәт қобызбен орындалатын күй тыңдатылады. Оқушыларға бағыттаушы сұрақтар қойылады:

  • Бұл ненің үні? (Қобыздың)
  • Қобыз тартатын адамды қалай атайды? (Қобызшы)

Негізгі ұғым

Бүгінгі сабақта оқушылар ұлы күйші, қобызшы Қарақожаұлы Қорқыт ата туралы аңыз әңгімемен танысады.

аңыз қобыз күй дәстүр

Аңыздың басталуы

Ерте заманда болашақты болжап айта алатын бір данышпан өмір сүріпті. Оның аты — Қорқыт екен. Қорқыт атаның дүниеге келуі де ерекше оқиғалармен байланыстырылады: анасы құлан етіне жерік болып, үш жыл тоғыз күн көтеріп, Қорқытты өмірге әкеліпті. Сол күні күн күркіреп, дауыл соғып, айнала астаң-кестең болған деседі.

«Қорқыт туған кезде қара аспанды су алған, қара жерді құм алған. Ол туарда ел қорқып, туған соң қуанған!»

«Бұл бала бізді қорқытып дүниеге келді, есімі Қорқыт болсын», — деп азан шақырып ат қойыпты. Кейін күн ашылып, сәуле шашыпты.

Ой қозғау

Осы сөздерден нені аңғаруға болады? (Қорқыт — тегін адам емес, киелі тұлға.)

Қобыздың жасалуы туралы аян

Қорқыт ер жеткенде түс көреді. Түсінде сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие аян беріпті: «Уа, Қорқыт, сен бір аспап жаса. Аспабың алты жасар нар атаның жілігіндей, шанағы қара бақырдай болсын; көні аруананың терісінен, тиегі ортекенің мүйізінен, ішегі бес айғырдың құйрығынан болсын. Аспабыңды қобыз деп атарсың!»

Қорқыт оянып, аспап жасауға кіріседі. Барлық шартты орындап, қобызды қолына алып, құлағын бұрап, қияғын шалғанда, қобыз сарнап қоя беріпті. Ұшқан құс, жүгірген аң, ескен самал — бәрі тоқтай қалып, қобыз үнін тыңдаған деседі.

Оқылым

1-абзацты мұғалім түсіндіреді. 2-абзацтан бастап мәтін тізбектей оқытылады.

Талқылау сұрақтары

  • Қорқыт ата қандай адам болған? (Көріпкел, болашақты болжайтын, көп білетін тұлға.)
  • Сендерге қай тұсы әсер етті? (Түс көру, аян беру туралы бөлігі.)
  • Қорқыт өліммен қалай күресті? Ажалдан құтылудың жолын неден іздеді?
  • Қорқыт күйлерінің құдіретін көрсететін тұсты тауып, мәнерлеп оқыңдар.

Дәптермен жұмыс

Сабақты пысықтау сұрақтарына жазбаша жауап беру, негізгі ойды қысқаша тұжырымдау.

Пысықтау сұрақтары

  1. Сұрақ 1

    Қорқытты қандай сауал көп ойландырды?

  2. Сұрақ 2

    Қорқыт түсінде нені көрді?

  3. Сұрақ 3

    Ол қандай сөзді байқаусызда айтып қалады?

  4. Сұрақ 4

    Аңыз бойынша Қорқыт атаның өмірі қалай аяқталады?

Қосымша мәлімет: Қорқыт күйлерінің шығу тарихы

Аңыз бойынша, Қорқыт ата өзі өмірден өтсе де, оның күйлері өлмеген. Оқушыларға алдын ала ізденушілік тапсырма беріліп, Қорқыт күйлерінің шығу тарихын зерттеп келу ұсынылады.

«Аққу» күйі

Қорқыт қобызды тынымсыз тартқан деседі. Ол тартқанда су ағысы тоқтап, жел тына қалып, табиғат ұйып тыңдапты. Бірде көкте ұшып бара жатқан бір топ аққу айнала ұшып, қанаттарын бүгіп, мұңлы күйге үн қосқан екен. Сөйтіп «Аққу» күйі туындаған.

«Әуіпбай» күйі

Аңызда Қорқыттың перзенті туралы әңгіме айтылады. Қорқыт ажалмен алысып, күндіз-түні күй тартып, отбасына жеткілікті көңіл бөле алмапты. Бала өсе келе әкесінің қобыз тартқанына ынтығып, қолын созып, түрлі қылық көрсетеді. Сонда Қорқыт баласын бауырына басып, іші жылып, мұңая отырып: «Әуіпбай, Әуіпбай…» — деп жұбатыпты. Сол сөз күйдің атауына айналған деседі.

Жазба тапсырма

Күйлердің атауын дәптерге жазып, қысқаша мазмұнын белгілеп алу.

Қорытынды бөлім

Қорқыт жастайынан-ақ киелі аспапты өмірге әкелген тұлға ретінде танылады. Қасиетті қобыз үні адамның көңіл күйін дөп басып, қоңыр да әсерлі сарынымен тыңдаушының жүрегінен орын табады.

Көрнекілікпен жұмыс

Қорқыт Қарақожаұлының қазіргі мазары мен көне мазары көрсетіліп, қысқаша түсінік беріледі.

Қорытынды сұрақ

Сонымен, Қорқыт ата кім?

Аймақтық компонент

Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жасаудың шебері, жерлесіміз Жолаушы Тұрдығұлов туралы буклет таныстырылып, оның жасаған аспаптары көрсетіледі.

Үй тапсырмасы

Әңгімені түсініп оқып келу. Мәтінде кездесетін жер-су атауларын теріп, дәптерге көшіріп жазу.