Соғыстың күңгірт күндері - Жесірдің ащы көз жасы
Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Соғыс жылғы Аналар
Соғыс жылдарындағы Аналарымызға тағзым!
Жеңістің 70 жылдығына арналады.
Өтсе де күн, есімің ескерілер,
Ұрпағыңның жадынан өшпедіңдер.
Соғыс жылғы Аналар, өйткені рас,
Болмысы асқақ, өзгеше, басқа едіңдер!
Жан едіңдер қашаннан елдікті ұғар,
Сол бейнеңде өшпейтін ерлік тұрар.
Ұлылығыңа орнатса бір ескерткіш,
Алтынның да бағасы кемдік қылар.
Соғыс үзді шаттықты ән - жырларыңды,
Бес қаруын бойына ұл да ілді.
Біледі ұрпақ оларды қан майданға
Шығарып сап үмітпен тұрғаныңды.
Тыныштықтың сілкінтіп соғыс таңын,
Көрді ұлдардың дұшпанмен алысқанын.
Берді оларға күш - қуат ақ тілегің,
Түсірмеді ерге тән намыстарын.
Ұялатар Ана ғой санаға арман,
Жетелейтін сол үміт баланы алдан.
Намысты ұл да туатын шығар, бәлкім,
Өздеріңдей намысты Аналардан.
Алмақ боп жау бейбіт ел қалаларын,
Оқ даусы үзді бөбектің балаң әнін.
Сонда ұлдарың майданда сәбилер мен
Қорғап қалған олардың Аналарын.
Жоғалтпады сол сында боздақ арын,
Соғыс кейде қайғының қозғады әнін.
Өздерің де бауырға басқансыңдар
Пана іздеген ұл - қызын өзге ананың.
Ана сезім ортақ қой балаға да,
Перзент те ортақ көрінер бар анаға.
Бөлінбейді бұл жүрек ұлтқа мүлде,
Сыймайды екен бұл сезім шекараға.
Намысы боп тілеуің жорықтардың,
Алаңдаумен жүрегің торыққан мың.
Сол жылдардың Анасы, мәңгі өздерің
Аналары солдаттың болып қалдың!
Келер деген беріліп сенімге ерен,
Мейірімдерің ортақ боп, бөлінбеген.
Ана болу сарбазға қашанда да
Отанына Ана ол болу деген.
Өтті уақыт..
Ана - үміт, Ана - арман
Құлындарын тосумен жараланған.
Соғыс бүгін кешірім сұрай қалса,
Сұрау керек алдымен Аналардан.
Пейілі де, бір болған тілегі елмен,
Сол ақ тілек Жеңіс боп күле келген.
Мың дастанға лайық жансыңдар - ау,
Жетпейді екен болмысың бір
өлеңмен!
Жеңіс
Сәулесін шашып түнекке,
Ысырып жауды жер - көктен.
Қасірет тұнған жүрекке
Жеңіс боп келді сол көктем.
Бар еді оның салмағы,
Шаттықтың әсем гүлі атты.
Миллионның еді ол арманы,
Миллионды қоса жылатты.
Ерлікті жұрты бағалар,
Із қалған өткен жылдарда.
"Жеңіс!" деп тұрды қалалар,
"Жеңіс!" деп тұрды қырлар да.
Сан рет ел боп егілдің
Уақыттың салған тезіне.
Қымбат қой құны өмірдің,
Қымбатқа түсті өзі де.
Үміт боп елде жағылды,
Құнды еді сосын бұл жеңіс.
Ар жүгі болды арудың
Тындырған тылда іргелі іс.
Кеудеге толып арманды ән,
Қасірет шегіп солды бақ.
Жеңіске барып жалғанған
Солдаттан келген соңғы хат.
"Деуші едің, апа - ақылдым,
Қымбат деп құны ардың да.
Бұл хатты жазып отырмын
Шабуылға шығар алдында".
Еске алар соны ойланған,
Дерек боп түсті бүгін із.
Бір хабар жеткен майданнан:
"Болды деп қаза ұлыңыз..."
Жас ұрпақ үшін бар мәні,
Кемітпес ол да бағаңды.
Сонан соң солдат арманы
Желбіреп көкке қадалды.
Ерлікті содан таба алдың,
Жігерге бөлеп өскінді.
Соғыстан соң да медальдің
Сыңғыры болып естілді.
Тыныштық күннен нұр тамды,
Самғады аппақ қанатта.
Ән болып сосын шырқалды,
Өлең боп түсті параққа.
Заманың алға басар да,
Тарихтан тағлым тыңдатты ой.
Адамдар үшін қашанда
Жеңістің құны қымбат қой!
Соғысты көрген
тағдырлар
Қиындық кезең сындары
Ерліктің отын маздаттың.
Соғыстың сұрапыл жылдары -
Тағдыры талай боздақтың.
Аттанып ердің дүрмегі,
Отан деп келді сөз басы.
Соғыстың күңгірт күндері -
Жесірдің ащы көз жасы.
Алыстап жылдар барады,
Білініп уақыт бағасы.
Соғыстың зарлы заманы -
Жетімнің қайғы, наласы.
Ерлікке толып өткені,
Ұмытылмай тұрды ер ісі.
Соғыстың соңғы көктемі -
Солдаттың асқақ Жеңісі.
Жақыны қамығып ойланған,
Тағдыры солай болса бір.
Оралмай қалып майданнан,
Хабарсыз кетті қаншама ұл.
Өссе де ұрпақ тербеле,
Демейік өткен солғындар.
Ұмытылмай жатсын кеудеде
Соғысты көрген тағдырлар.
Салмағын содан ұғасың,
Жеңістің білсең бұл күнін.
Осынау күннің куәсін
Құрметтей, ұрпақ, жүр бүгін!
С. МҰРАТБЕКОВ ӘҢГІМЕ-ПОВЕСТЕРІНДЕГІ СОҒЫС КОНЦЕПТІСІНІҢ КОГНИТИВТІК МОДЕЛЬДЕРІ
Қазақ кеңес прозасындағы замана шындығы (М. Әуезов, С, Ерубаев, С. Сәдуақасов т. б. )
Жұмекен Нәжімеденовтің философиялық лирикасы
Бүгінгі поэзиядағы көне түркілік таным көріністері
Боран романы енді
Лао Шэ
Джордж Бернард Шоу
Кәкімжан Қазыбаевтың публицистикасы
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы стильдік ерекшеліктер хақында
Оралхан Бөкей әңгімелерінің ерекшелігі
Тасымалдау шаруашылығын ұйымдастыру
Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар
Қашықтықтан оқыту
Қожа Ахмет Яссауи туралы
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорынның пайдалылығын арттыру жолдары
ӨМІРҰЛЫ ЖАСЫБАЙ
ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ ҚАБАНБАЙ
Маркетинг және қоғаммен байланыс ұқсастықтары мен айырмашылықтары
Экономикалық өкіметке кім және қалай қожалық етуде - меншік және меншік құқығы
НҰРМҰХАММЕДҰЛЫ ЖАНҚОЖА