Ақыл тобы

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Мектеп
Шалқар қалалық №8 жалпы орта білім беретін мектеп
Пән
Әдебиет (8-сынып)
Мұғалім
Бисембаева Ақтоты Жалғасбайқызы
Сабақ тақырыбы
Абайдың «Он жетінші қара сөзі»
Сабақ түрі
Топтық жұмыс
Сабақ типі
Жаңа білім беру
Әдіс-тәсілдер
Топпен жұмыс, түсіндіру, рөлге бөліп оқу, талдау
Көрнекіліктер
Абай портреті, интерактивті тақта, слайд-шоу

Сабақ мақсаты

Білімдік мақсат

  • Оқушыларға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын тереңірек ұғындыру.
  • Қарасөздер арқылы ақыл, қайрат, жүрек, ғылым ұғымдарының адам өміріндегі орнын түсіндіру.
  • Адамның ішкі жан дүниесін тануға, қарасөздің ғылыми-философиялық мәнін пайымдауға жетелеу.

Дамытушылық мақсат

  • Мәтіннің танымдық сипатын және құрылымдық бөліктерін өздігінен аңғара білуге үйрету.
  • Көркем мәтінмен жұмыс жасау дағдысын жетілдіру, оқып-түйгенін жүйелі түрде қорытындылап айтуға жаттықтыру.
  • Бір-біріне түсіндіру арқылы ұжымдық шығармашылық жұмыс жүргізуге баулу.

Тәрбиелік мақсат

  • Абай мұрасын оқу арқылы елін сүюге, адамгершілікке, адалдық пен ізгілікке тәрбиелеу.
  • Ғылым-білімді меңгерген, көкірегі ояу азамат болуға бағыттау.

Жаңа сабақ: «Қарасөз» ұғымы және тарихи дерек

Қарасөз — ғылым, философия, дін тақырыптарын прозалық тілмен жеткізетін ой-толғау жанры. Абайдың 1890–1898 жылдар аралығында жазылған 45 қарасөзі бар, ал 46-қарасөз аяқталмаған.

«Ғақлия» ұғымы

Қарасөз арабтың «ғақлия» сөзімен мәндес. Бұл ұғым дана сөз, асыл сөз, көркем сөз деген мағынаны білдіреді.

Абайдың қарасөздері гуманистік, ағартушылық және әлеуметтік ойларымен, сондай-ақ дін туралы пайымдарымен астасып, қазақ халқының тұтас философиялық тұжырымдамасын қалыптастырады. Бұл еңбектерде көркемдік пен философиялық сана бір арнаға тоғысады.

Жариялануы және аудармалары

  • Қарасөздер алғаш рет Семей қаласында 1948 жылы «Абай» журналында жарық көрді.
  • Орыс, қытай, француз және өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылған.

Сабақ барысы

  1. I. Ұйымдастыру

    Сыныптың дайындығын тексеру, сабаққа назар аударту.

  2. II. Мақсат қою

    Сабақтың негізгі бағыты: топтық жұмыс арқылы Абайдың философиялық ойларын ұғыну және «Он жетінші қарасөздің» идеясын меңгеру. Оқушылар дәптерге күннің жадын және тақырыпты жазады.

  3. III. Жаңа сабаққа кіріспе (психологиялық тренинг)

    Сұрақтар:

    • Өткен сабақта қай ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныстық?
    • Абайды «ұлы ақын, аудармашы, сазгер, мысалшы, ағартушы, философ» деуге кім дәлел келтіреді?

    Қорытынды: Абай тек ақын емес, сонымен қатар аудармашы, мысалшы, сазгер, әрі ғалым, философ, ойшыл.

Топтық жұмыс: мәтінді бөліп оқу және түсіндіру

Сынып 4 топқа бөлінеді. Әр топ «Он жетінші қарасөздің» өзіне тиесілі бөлігін оқып, қысқа уақыт ішінде түсіндіреді. Кейін оқушы өз тобына қайта оралып, мазмұнын жеткізеді.

I топ

«Ақыл»

II топ

«Қайрат»

III топ

«Жүрек»

IV топ

«Ғылым»

Түсініксіз сөздермен жұмыс

Мәтіннен кездесетін күрделі ұғымдар: ғақлия, ғибадат, ахирет, нәфсі.

Мағынасын анықтау, контекст арқылы түсіндіру және сөздікпен салыстыру ұсынылады.

Салыстыру: қарасөз идеясы мен өлең жолдарының үндестігі

Оқушылар Абайдың ғылым, ақыл, жүрек туралы өлеңдерін тауып, жаңа тақырыптағы ойлармен салыстырады. Төмендегі үзінділер арқылы негізгі ұғымдардың сабақтастығы байқалады.

«Ақыл» тобы

«Әуелде бір суық мұз — ақыл, зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек»

«Қайрат» тобы

«Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек»

«Жүрек» тобы

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек»

«Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек»

«Ғылым» тобы

«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.»

«Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз,
Білгендердің сөзіне,
Махаббатпен ерсеңіз.»

Талдау және дәлелдеу сұрақтары

1) Пікірді өмірмен байланыстыру

Әр топ өз атауына сай (ақыл, қайрат, жүрек) өз ұстанымының дұрыстығын өмірлік мысалмен дәлелдейді. «Ғылым» тобы берілген жауаптарды бағалап, жетістігі мен кемшілігін атап өтеді.

2) Таңдаудың себебі

Абай неге адамның көптеген қасиеттерінің ішінен ақыл, қайрат, жүрек үшеуін бөліп көрсетеді? Неліктен төрелікті ғылымға айтқызады?

3) Өзін-өзі бағалау

Оқушылар өз бойында осы сипаттардың бар-жоғын талдап, қай тұсты дамыту керек екенін айқындайды.

Сергіту және бекіту

Сергіту минуты

«Сен Абайды білесің бе?» ойыны арқылы оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігі артады.

Бекіту сұрақтары

  • «Толық адам» болу үшін қандай қасиеттер қажет?
  • Егер ақыл, қайрат, жүрек үшеуі бір адамның бойынан толық табылмаса, қайсысын таңдар едің? Неліктен?

«Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта,
Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды.»

Құран Кәрім, «Рағд» сүресі (сабақтағы дәйексөз ретінде)

Үй тапсырмасы

1) Білу және түсіну

  • Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметті қайталау.
  • «Он жетінші қарасөздің» мазмұнын меңгеру.

2) Тілдік дағды

Мәтінді рөлге бөліп жаттау.

3) Шығармашылық жұмыс

«Мен кіммін?» тақырыбында шағын шығарма жазу.