Түйенің төлі бота
Үй жануарлары мен төлдері
Бұл оқу іс-әрекеті балаларды үй жануарларымен және олардың төлдерімен таныстыруға, атауларын дұрыс айтуға және жануарларға қамқорлықпен қарауға бағытталған.
Білімділік
Үй жануарлары мен төлдері туралы түсінік қалыптастыру, білімін кеңейту, атауларын дұрыс айтуға үйрету.
Дамытушылық
Төрт түліктің пайдасын, дауыстарын ажырату арқылы ой-өрісін, тілін және сөздік қорын дамыту.
Тәрбиелік
Үй жануарларын күтіп-баптауға, қорғауға және қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Үй жануарлары мен төлдерінің суреттері
- Слайд арқылы көрсету
Әдіс-тәсілдер
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Әңгімелеу
Билингвальды компонент
- Түйе
- Верблюд
- Сиыр
- Корова
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Балаларды шеңберге тұрғызып амандасу, көңіл күйін көтеру:
Армысың әлем!
Армысың жарық күн!
Армысың абзал адам!
Армысың менің достарым!
Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Сұрақ: Қазір жылдың қай мезгілі? Көктем
Сұрақ: Көктем мезгілінде күн қандай болады? Жылы
Сұрақ: Нелер ұшып келеді? Құстар
Сұрақ: Жерге нелер шығады? Шөптер, гүлдер
«Жайлауға саяхат» (қиял арқылы)
Балаларға жайлауға саяхат жасауды ұсыну. «Сиқырлы кілемшемен» ұшу: көзді жұмып, таяқша сермегенде кілемше пайда болады, кейін көзді ашып, жайлауға келгенін елестету.
Жайлауда көк шөп жайқалып тұр, ауасы аңқып тұр. Алыстан сиыр, қой, ешкі, түйе, жылқы жайылып жүреді. Олардың төлдері де сондай сүйкімді.
Бақташы ата: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қош келдіңдер, бері жақындаңдар.»
Үй жануарлары және төлдері
Бүгін балалар үй жануарларының төлдерімен танысады. Жылқы, сиыр, қой, ешкі, түйенің балаларын төлдер деп атаймыз.
Сиыр
Төлі: бұзау
Түйе
Төлі: бота
Жылқы
Төлі: құлын
Қой
Төлі: қозы
Ешкі
Төлі: лақ
Дидактикалық ойын: «Ненің дауысы?»
Балалар жануарлардың дауысын тыңдап, қай жануар екенін табады. Осы сәтте төлдер өз пайдасын айтып, бір-бірімен сөз таластырып қалады.
Лақ
«Ием мені жақсы көреді. Адам біздің сүтімізді ішеді, түбітімізді киімге пайдаланады.»
Құлын
«Лақ, сен орынсыз мақтанба. Біздің етіміз — азық, сүтіміз — шипа. Қымыз ішкен адам сирек ауырады. Қазы-қарта, жал-жаяны бізден алады.»
Бұзау
«Босқа мақтанбаңдар. Адам тіршілігіне ең пайдалысы — біз. Шелек-шелек сүт, қарын-қарын май, қап-қап құрт, ірімшік — бәрі бізден.»
Бақташы ата: «Сендерге не болды? Неге айтысып жатырсыңдар? Олай болмайды — бәрің де пайдалысыңдар!»
Тәрбиеші балаларға: «Дұрыс айтасыз, ата. Үй жануарларының бәрі де адамға пайдалы.»
Төрт түліктің пайдасы мен өнімі
Бақташы ата балаларға әр жануардың беретін өнімдері мен пайдасын түсіндіреді.
Сиыр
- Сүтінен қаймақ, құрт, ірімшік жасайды
- Еті — азық
Жылқы
- Сүтінен қымыз дайындалады
- Қымыз — денсаулыққа пайдалы
- Қазы-қарта, жал-жая алынады
Қой
- Сүті мен еті пайдалы
- Терісі тұрмыста қолданылады
Ешкі, түйе
- Ешкі сүті — емдік қасиеті бар
- Ешкі түбітінен киім тоқылады
- Түйенің шұбаты ішеді
Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер
Үй жануарлары туралы мақал-мәтелдер балалардың есте сақтауын, тіл байлығын дамытуға көмектеседі.
Есте сақтайық
- Сиырдың сүті — тілінде.
- Малды бақсаң, сиыр бақ — сүт кетпейді шарадан.
- Түйе — байлық, қой — мырзалық, жылқы — сәндік.
- Ер қанаты — ат.
Тағы да нақылдар
- Жақсы ат — жанға серік.
- Семіздікті қой көтереді.
- Жылқының сүті — шекер, еті — бал.
- Қойды теппе.
Тақпақтар мен ән
Балалар төлдер туралы тақпақ айтып, ән орындайды. Бұл бөлім сөйлеу мәнерін, есте сақтауын және эмоциялық әсерін күшейтеді.
Тоты
Құлыншағым — құндызым,
Құлдырайды, шабады.
Жылтылдаған жұлдызым,
Құстай қанат қағады.
Әли
Кіп-кішкентай момақан,
Қошақанды ұнатам.
«Жүреді анам қозым» деп,
«Қошақаным — өзім» деп.
Шахназ
Шөре-шөре лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секеңдемей деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.
Раяна
Ботақаны нардың,
Жарға неге бардың?
Тілерсегің дірілдеп,
Секіре алмай қалдың.
Ән
«Төлдер» әні орындалады.
Бақташы ата: «Ай, айналайындар, көп-көп рақмет!»
Балалар: «Ата, сізге де көп-көп рақмет!»
Қайту және бекіту
Балалар «сиқырлы кілемшеге» отырып, көздерін жұмып, балабақшаға қайта оралғанын елестетеді. Кейін оқу мазмұны ойын арқылы бекітіледі.
Дидактикалық ойын: «Адасқан төлдер»
Тақтаға төлдердің суреттері ілінеді. Балалар әр төлдің өз енесін тауып, дұрыс жұптастырады.
Сергіту сәті
«Ақ бұлақ» қимыл-қозғалыс ойыны арқылы сергіп алады.
Қорытынды сұрақтар
Талдау
- Біз қайда бардық? Жайлауға.
- Жайлауда кімге қонаққа бардық? Бақташы атаға.
- Жайлаудан нелерді көрдік? Үй жануарларын.
Қорытынды ой
Үй жануарлары бізге не береді?
Сүт, шұбат, қымыз береді, етін азық етеміз.
Тәрбие: Үй жануарларына қамқор болып, күтіп-баптауымыз керек.
Балалар бүгінгі оқу іс-әрекетіне белсенді қатысып, өте жақсы жауап берді.
Мәлімет
Атырау қаласы, КМҚК №25 «Еркемай» балабақшасы
Екінші кіші топ тәрбиешісі: Бекбаулиева Гүлжамал Өмірхановна