Арман жоқ тағдыр тоғысса, Арысым сені күтейін
Ідіріс Үргенішбаевтың туғанына 100 жыл
Ауыл мұғалімі Ідіріс Үргенішбаевтың өшпес ерлігі
Бұл тәрбие сағаты қазақ халқының аты аңызға айналған батыры, Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевтың қайталанбас ер тұлғасын, қаһармандық ерлігін және мұғалімдік бейнесін жан-жақты ашып көрсетуге арналған.
Мақсаты
- Батырдың ерлік істері мен азаматтық болмысын таныту.
- Жас ұрпақты елін, жерін қорғауға, қаһармандыққа, ерлікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
- Отанға сүйіспеншілік пен құрметті күшейту.
Көрнекілігі
- Слайдтар
- Батырдың портреті
- 100 жылдыққа арнап шығарылған кітаптар
Барысы
Жерлес ақынымыз Зиядин Әбдуалиевтің «Өшпеген жалын» дастанындағы Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевтың ерлігі туралы бөлімдер негізінде.
- Ауыл мұғалімі
- Қаһар боп соқты қырық бір
- Жиырма жыл күтті — Жәмила
- Днепр шайқасы
- Қуанышты хабар
Кіріспе
Мұғалім: Сәлеметсіздер ме, оқушылар және қонақтар! Ат ауыздығынан су ішіп, ер етігімен су кешкен заманда жауға шығып елін, жерін қорғаған ержүрек, қаһарман батырларымыз қаншама! Сол биік тұлғалардың бірі — Кеңес Одағының Батыры, өзіміздің жерлесіміз, ауыл мұғалімі Ідіріс Үргенішбаев.
Өмірдерек
- 1912 жылғы 16 сәуірде Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Талдықұм ауылында дүниеге келді.
- 5 жасында әкесінен айырылып, жетім қалды.
- Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін туған ауылында бастауыш мектептің меңгерушісі болды.
Майданға аттануы
Жауынгер ақын Махамбет айтқандай: «Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса». Мыңдаған ерлер қатарында Ідіріс Үргенішбаев та 1942 жылдың қаңтарында майданға аттанды. Кешегі ауыл мұғалімі қаламын винтовка мен автоматқа ауыстырып, тар жол, тайғақ кешуде азаматтық тұлғасын тағы бір қырынан танытты.
Отбасы және естелік
Ідірістен қалған жалғыз ұлы Есенгелді 1942 жылғы 28 тамызда Аяққұмда дүниеге келді. Биыл Ідіріс Үргенішбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ауыл мұғалімі Ідіріс Үргенішбаевтың өшпес ерлігі» атты тәрбие сағатын бастаймыз.
I бөлім. Ауыл мұғалімі
Жайдары, көркем жаз еді,
Жайқалтқан майса шалғынын.
Балақайлармен мәз еді,
Тізімін алып шәкірттің.
Тіл тауып шаруа-халықпен,
Ұланның бәрін шақыртып,
Ұстатып бір-бір Әліппе,
Іздентіп білім сырларын —
Ідіріс аға тынбайтын.
Болашақ үшін бұл дарын
Болаттай істі шыңдайтын.
Ағаның жаны ұғатын
Арманның мың дүрсіл лебін.
Аялап дәйім тұратын
Ауылдың бүлдіршіндерін.
Балақайларды қырандай
Қанағаттандырсам дейтұғын.
Сапарға сұңқар ұландар
Сан аттандырсам дейтұғын.
Пайымдап отыр Ідіріс,
Парағын ойдың ақтарып.
Санада сол бір дүбір іс,
Сауатын ашқан — хат танып.
Қараңғы еді ел іші,
Халыққа тағар сын қандай?
Ескілік дәстүр желісі
Етектен тартып тұрғандай.
II бөлім. Қаһар боп соқты қырық бір
Өмірдің көшін қозғап,
Ізгілік жолға бұрып кіл.
Бесжылдықтардай тез басып,
Басталды сол жыл — қырық бір.
Шілдеде соққан ызғардай,
Шарпыған өрттей тұтқиыл.
Сумаңдап суық жыландай,
Сол хабар жетті шалғайдан:
«Фашистік орда — ылаң жай,
Басталды», — деді — «қан майдан».
«Соғыс!» — деген суық сөз
Сіресіп қатқан мұз-қардай.
Отанға қауіп туды күн,
Ерлігің елді сынайтын.
Жүрмейді бізге күш-әмір —
Қылышпен қанды кезенген.
Жеңеміз жауды, ісі — әділ,
Қаһарман елміз ежелден.
Қанқұйлы жаудың сорына
Қаһар боп соқты қырық бір.
III бөлім. Жиырма жыл күтті — Жәмила
Қаншама жыл елеңдеп,
Жеткенде күні Жеңістің,
«Азамат аман келер!» — деп
Армандай күтті не мүсін.
Жол қараушы еді балалар,
Жәудір көздері жаутаңдап.
Оралды қанша ағалар,
Ордасын жаудың талқандап.
Қан майданда ар үшін
Қиылды қыршын армандар.
Оралмай боздақ — арысы,
Ойсырап орны қалғандар.
Солардың бірі — Жәмила,
Сарылды хабар, хат күтіп.
Тіршілік, өмір қамында,
Тағдырын достыққа пәк тұтып.
Жанымда жара — күйзеліс,
Дүниені шарлап қиялым,
Таппадым дерек-белгіңді.
Өзіңнен қалған тұяғың —
Өсірдім Есенгелдіңді.
Жетімдігі де жетілді,
Жоғалмайды екен орны бар,
Жазылмас сырқат секілді.
Жесірлер — мендей сорлылар,
Лағынет айтып соғысқа,
Жанымды жүндей түтейін.
Арман жоқ тағдыр тоғысса,
Арысым, сені күтейін.
Үйде бол, мейлі, топқа бар —
Үндемей тағдыр қарысқан.
Жиырма жыл өтті, жоқ хабар,
Майданға кеткен арыстан.
Түйін
Ідіріс Үргенішбаевтың өмірі — ұстаздық адалдық пен ел қорғаған ерліктің тоғысқан үлгісі. Бұл бөлімдер арқылы жас ұрпақтың жүрегіне отаншылдық, жауапкершілік және адамдық парыз ұғымдары тереңірек орнығады.