Алтын көмбе
Оңтүстік Қазақстан облысы • Арыс ауданы • Байырқұм елді мекені
М.Шаханов атындағы жалпы орта мектебі
Полатова Айнұр Мүслімбекқызы
Сабақтың тақырыбы
«Алтын сақа» танымдық ойыны
Көрнекілігі
- Қоржын
- Асық
- Интерактивті тақта
Әдісі мен түрі
- Сұрақ–жауап
- Талдау
- Сипаттау
- «Алтын сақа» ойыны негізінде
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Оқушыларды ауыз әдебиетін оқуға ынталандыру.
- Білім деңгейін арттыру.
- Ертегі желісіне сүйене отырып, Кендебай бейнесін ашу.
Дамытушылық
- Ой-өрісті кеңейту.
- Сөйлеу тілін байыту, тіл мәдениетіне назар аударту.
- Өз ойын еркін әрі нақты жеткізе білуге баулу.
Тәрбиелік
- Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты құрметтеуге тәрбиелеу.
- Адамгершілікке, жинақылыққа, ұқыптылыққа баулу.
- Өз еңбегін бағалай алуға үйрету.
Сабақ жоспары
Кезеңдер
- Ұйымдастыру кезеңі
- «Алтын сақа» ойыны
- Қорытынды
- Марапаттау
Ойын бөлімдері
- Табалдырық
- Әудемжер
- Қозыкөш
- Беласар
- Жолайрық
- Алтын көмбе
Сабақтың өту барысы
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Алтын сақа» танымдық ойынына қош келдіңіздер! Бүгінгі ойында «Керқұла атты Кендебай» ертегісі талданады. Ойын шарттары түсіндіріліп, кезеңдер бойынша сұрақтарға жылдам әрі дәл жауап берген оқушылар алға өтеді.
1-бөлім: Табалдырық
4 сұрақ • 4 ойыншыБұл кезеңде 5-сынып оқушыларына 4 сұрақ қойылады. Шапшаң әрі дұрыс жауап берген 4 оқушы ойынға қатысу құқығына ие болып, ортаға шығады. Ойыншылар анықталған соң, қоржыннан асық алынып, реттік саны белгіленеді.
1-сұрақ
Ертегі дегеніміз не?
Ертегі — ауыз әдебиетінің ең көне жанры. Ол өмірде сирек кездесетін немесе мүлде кездеспейтін, ойдан шығарылған оқиғаларға құрылады.
2-сұрақ
Ертегінің белгілі бір авторы бола ма?
Жоқ. Ертегілер халық ауыз әдебиетіне жатады, халық аузынан тарағандықтан белгілі авторы болмайды.
3-сұрақ
Ертегілер қалай басталады?
Ертегілер көбіне қарасөз түрінде айтылады, кейде өлең сөз түрінде де кездеседі. Басталуы әдетте ұқсас болады: «Баяғы өткен заманда бір кемпір мен шал болыпты…» сияқты.
4-сұрақ
Ертегілердің неше түрі бар?
Ертегілердің хайуанаттар туралы, қиял-ғажайып, шыншыл және басқа да түрлері бар.
2-бөлім: Әудемжер
4 сұрақБұл кезеңде 4 ойыншыға 4 сұрақ қойылады. Жауап берген ойыншылар келесі «Қозыкөш» кезеңіне өтеді.
1-сұрақ
Кендебайдың әке-шешесінің тұрмыс-тіршілігі қандай еді?
Кендебайдың әкесі Қазанғап Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында құс ұстап, балық аулап күн көрген кедей адам болған.
2-сұрақ
Кендебай қандай бала болып өседі?
Кендебай ай сайын емес, күн сайын өседі: алты күнде күліп, алпыс күнде жүреді, алты жылда алып жігіт болады. Күші сондай — алысқанын алып ұрып, күрескенін жыға береді, шыңырау құдыққа құлаған аттарды жалғыз өзі тартып шығарады. Аң аулап, әкесіне жәрдемдеседі; арқар, киік, құлан, маралдарды мая-мая үйіп, Қарасудың бойындағы кедейлерге көмек береді.
3-сұрақ
Кендебай буаз биені жарып жатқан көкжалға не істейді?
Кендебай жүгіріп барып, көкжалды құйрығынан ұстап алып лақтырып өлтіреді де, терісін сойып алады. Жанталасқан биенің қарнын алмас қанжарымен жарып, құлынын суырып алып, үйіне апарып құланның сүтімен асырайды.
4-сұрақ
Жылап отырған бала Кендебайға не дейді?
Бала басы таз, киімі жыртық-жыртық болып жылап отырады. Ол өзін Мергенбай батырдың жалғыз баласымын дейді. Жау тиіп, жылқыны айдап кетіп, ұйқыда жатқан әкесін байлап әкеткенін, шешесін де өңгеріп алып кеткенін баяндайды.
Өзі жетім қалып, ішерге асы, киерге киімі болмағандықтан Тасқара байдың қозысын бағып жүргенін айтады. «Содан бері көзімде жас, көңілімде қайғы…» деп мұңын шағады.
Ереже
Сұраққа жауап бере алмаған немесе асығы бүк түскен ойыншы ойыннан шығады. Әр кезеңде ойыншылар осылайша азая береді.
3-бөлім: Қозыкөш
3 сұрақ • 3 ойыншыБұл кезеңде асықтар иіріліп, конверттер таңдалады. Үш ойыншы үш сұраққа жауап береді.
1-сұрақ
Кендебай жолға шыққанда Керқұла ат не дейді?
Керқұла Кендебайға іздегені алыс емес екенін айтады: таудан асса өзен, өзен ортасында арал, аралда хан бар дейді. Қойшы баланың әке-шешесі сол ханның қолында, терең зынданда жатқанын ескертеді. Таудың арғы бетінде сиыр бағып жүрген зор денелі құлға барып, жолға жетерлік пұл беріп, киіммен алмасуды ұсынады: құлды азат етіп, өзі сиыр бағып қалсын дейді. Құйрығынан бір тал қыл алып, керек кезінде тұтатса, Керқұла дайын болатынын баяндайды.
2-сұрақ
«Ой, оңбаған-ау. Қырасың ғой малды…» деген кім?
Судың арғы жиегінде тұрған ханның қызы.
3-сұрақ
Кендебай алтын құйрықты қалай қолға түсіреді?
Ханның қара биесінің тоғызыншы құлындауын аңдыған ханның балалары ұйықтап қалады, ал Кендебай ұйықтамай күтеді. Таңға жуық алтын құйрықты құлын туады. Сол сәтте аспаннан бір бұлт түйіліп келіп, құлынды ала жөнелгенде, Кендебай құлынның құйрығынан ұстап қалады да, құйрық жұлынып оның қолында қалады.
Дұрыс жауап бермеген немесе асығы бүк түскен оқушы ойыннан шығады.
4-бөлім: Беласар
2 сұрақ • 2 ойыншыБұл кезеңде қалған екі оқушы өзіне ұнаған конвертті таңдап, сұрақтарға жауап береді.
1-сұрақ
Хан Кендебайға қандай шарт қояды?
Хан: «Дүниеде жеті басты дәу бар, ақырған арыстан бар. Осыларды өлтіріп, бастарын алып кел. Орындасаң батырды босатамын», — дейді.
2-сұрақ
Кендебай қолына шоқпарын алып кімге қарсы шығады?
Кендебай қолына жүз батпан шоқпарын алып, Керқұла аттың барлық шабысымен дәуге қарсы шаба жөнеледі.
Қате жауап берген оқушы ойыннан шығады.
5-бөлім: Жолайрық
Таңдау кезеңіЕгер ойыншы «Алтын көмбені» ойнамаса
Өткен кезеңдерде жинаған асықтарының санына қарай сыйлық алады (24 асыққа дейін).
Егер ойыншы «Алтын көмбені» ойнаса
Сұраққа жауап бере алмаса да, «Алтын көмбе» сыйлығына ие болады.
6-бөлім: Алтын көмбе
ФиналСұрақ
«Керқұла атты Кендебай» ертегісі ертегінің қай түріне жатады?
Қиял-ғажайып ертегісіне жатады.
Қорытынды және марапаттау
Ойын қорытындыланып, жеңімпаз марапатталады және сыйлықтар табысталады.
Қосымша
Слайдты жүктеу.