Балалармен сиқырлы сөз айту
Жалпы мәлімет
- Ұйым
- Алматы қаласы МКҚК №162 бөбекжай- балабақшасы
- Топ
- Мектепке даярлық тобы
- Тәрбиеші
- Куспанова Жанат Рымғалиқызы, жоғары санатты тәрбиеші
- Тақырыбы
- «Ойнайық та, ойлайық!» ойын-сауық сайысы (Ертегілер, ертегілер...)
Мақсаты
- Балалардың ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде алған білім, білік, дағдыларын бекіту.
- Өнертапқыш, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру.
- Эстетикалық эмоцияларын, сезімдерін, қарым-қатынасын және танымдық қызығушылығын дамыту.
Керекті құралдар
Сайыстың барысы
Құрметті қонақтар мен жанкүйерлер, «Ойнайық та, ойлайық!» ойын-сауық сайысына қош келдіңіздер! Халықта «Жақсы сөз — жарым ырыс» дейді. Ендеше жақсы ниетпен бақытты ұл-қыздарымызды ортаға шақырамыз.
Жылы бастау
Балалар «Шаттық шеңберіне» тұрып, өздері жақсы көретін жануарын және неліктен ұнататынын айтып, қолдарындағы жүректі бір-біріне ұсынады.
Қатысушы топтар
«Сұңқар» тобы
Бүлдіршіндерімізбен танысыңыздар.
- Назым — мейірімді, ақылды; сурет салуды және өлең оқуды жақсы көреді; бауырларына қамқор.
- Әлішер — ынталы, еңбексүйгіш; спортпен шұғылданғанды ұнатады.
- Жанель — мәдениетті, ашық жүзді; бос уақытын сурет салуға арнайды.
- Арман — салмақты, бойшаң; лего құрастыруды жақсы көреді; сүйікті тағамы — ет.
- Бекасыл — елгезек, жігерлі; компьютерлік ойындарды ұнатады.
«Тұлпар» тобы
Бүлдіршіндерімізбен танысыңыздар.
- Бекзат — еңбексүйгіш, топтың белсендісі; футбол ойнағанды ұнатады.
- Айгерім — салмақты, әдемі, мейірімді; болашақта дәрігер болуды армандайды.
- Фархат — инабатты, апайын үлгі тұтады; 100-ге дейін санай алады.
- Аружан — ақылды, көрікті, еңбекке икемді; мұғалім болуды армандайды.
- Іңкәр — нәзік, өнегелі; қуыршақтарына киім тіккенді ұнатады.
Әр дұрыс жауап үшін топтар «жеміс ағашына» алма жапсырып отырады. Соңында алмалар саналып, жеңімпаз топ мадақталады.
Кезеңдер
1-кезең: «Сұрақ–жауап»
Жүргізуші сұрақ қояды және үш жауап нұсқасын ұсынады. Дыбыс белгісінен кейін қай топ бірінші қол көтерсе, сол топ жауап береді. Міндет — дұрыс нұсқаны таңдау.
Бағалау
Дұрыс жауап = 1 алма
- 1. Сәбиді неге салып тербетеді? (алтыбақанға, бесікке, күймеге)
- 2. Қазақ үйде шаңырақты көтеріп тұратын ағашты ата. (кереге, уық, құрық)
- 3. Қымыз ненің сүті? (сиырдың, түйенің, биенің)
- 4. Қазақтың (шығыс халықтарының) жаңа жылы қай айда? (желтоқсан, наурыз, қаңтар)
- 5. Бала мектепке барғанда қандай той жасайды? (шілдехана, бесік той, тілашар)
- 6. Түйенің төлін қалай атайды? (бұзау, қозы, бота)
- 7. Егінді немен жинайды? (трактормен, комбайнмен, ат арбамен)
- 8. «Түлкі мен ешкі» ертегісіндегі түлкі қандай? (күшті, айлакер, мақтаншақ)
- 9. Қазақстан Республикасының рәміздерін ата.
- 10. «Садақ» сөзінде қанша буын бар? (2, 3, 1)
- 11. Екі шегі бар музыкалық аспап. (шаңқобыз, дауылпаз, домбыра)
- 12. Арманға өзінен кіші Айжан кім болады? (сіңлісі, қарындасы, апайы)
- 13. Басы ш дыбысынан басталып, соңы р дыбысына аяқталатын сөзді ата.
2-кезең: Дидактикалық ойын «Сиқырлы дорба»
Жануарды сипап тану
«Сиқырлы дорбадан» сиыр мен жылқы ойыншығын сипап сезу арқылы әр топ өз жануарын табады.
Сипаттама айту
Сиыр мен жылқы суреті көрсетіліп, балалар пайдасы, түсі, көлемі, қасиеті туралы айтады. Мысалы: сиыр — ала, сүт береді, мөңірейді, жуас, төлі — бұзау; жылқы — кісінейді, жалы бар, ертоқым тағылады, таға қағылады, төлі — құлын.
«Қандай?» сұрағына жауап беру
Құс
Ұшатын, секіретін, жүгіретін, жүзетін, қамқор.
Алдар көсе
Ақылды; байларды алдайды; жағдайы төмен адамдарға көмектеседі; сөзге шебер; домбыра тартады.
3-кезең: «Сиқырлау» және ертегі құрастыру
Балалармен бірге сиқырлы сөз айтылады: «Ахалай, махалай, суфф!» Осы сәтте музыка ойнап, «қанаты бар сиыр» және «шапаны бар жылқы» бейнелері пайда болады: құстың қанаты — сиырға, Алдар көсенің шапаны — жылқыға «жапсырылады».
Сиқырлы сиыр
Ұшатын сиыр, секіретін сиыр, жүгіретін, жүзетін, қамқор сиыр.
Сиқырлы жылқы
Ақылды жылқы, байларды алдайтын, жағдайы төмен адамдарға көмектесетін, сөзге шебер, домбыра тартатын жылқы.
Ертегі үлгісі
Біз әкеміз екеуіміз базарға сиыр сатып алуға бардық. Онда үй жануарлары өте көп екен. Әсіресе сиқырлы сиырлар көп болды. Біз ішінен ұшатын, сиқырлы сиырды таңдадық. Оның үлкен құстың қанатындай қанаты бар екен. Біз оған мекенжайымызды айтқанда, ол бізді құс сияқты ұшырып, үйге жеткізіп салды. Анамыз қатты қуанды.
Ертеде бір ақылды жылқы болыпты. Алдынан байлар кездессе, оларды алдап кете береді екен. Қымызын тек кедейлерге ғана беріпті. Бос уақытында барлық жануарларды жинап алып, домбыра тартып, ән айтатын көрінеді. Оны бүкіл жануарлар құрметтейді.
Сергіту сәті
«Қара жорға» биі.
4-кезең: «Жұмбақ құрастыру»
Би кезінде бір хат келеді. Әр топ берілген сурет бойынша қарсыласына өз ойынан жұмбақ құрастырып, жасырады.
5-кезең: Дидактикалық ойын «Танграм»
Жұмбақтың шешуіне сәйкес геометриялық пішіндерден мысық пен қоян құрастырылады.
Жыл мезгілі туралы әңгіме өрбиді: қыста қоян түсін өзгертетіні, табиғатқа және жануарларға қамқор болу керектігі еске салынады.
Күзге қатысты тапсырма
Күз мезгіліне байланысты қандай ертегілерді білесіңдер? Ендеше «Сұңқар» тобы И. Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын, ал «Тұлпар» тобы Асқар Тоқмағанбетовтың «Бидай мен қаңбақ» мысалын сахналайды.
6-кезең: Ертегіден/мысалдан үзінді және мақал-мәтел
Үзінді көрсетілгеннен кейін, мазмұнына сәйкес мақал-мәтел айтылады.
Шығармашылық қорытынды
Балаларға мысалдың соңын өз ойымен аяқтап құрастыру ұсынылады: қаңбақ — жер шарын аралап, жаңалықтарды бидайға айтады; ал шегіртке мен құмырсқа — бір үйде тұрып, тату дос болады.
Қорытынды
Топтардың жинаған алмалары саналып, жеңген топ мадақталады. Барлық алмалар «бақытграммаға» жапсырылады. Сайыс балалардың білімін бекітіп қана қоймай, қиялын ұштап, ынтымақтастық пен мәдени қарым-қатынасты нығайтады.