Топтастыру стратегиясы бойынша Алпамыс батырға сипаттама беру
Күнделікті сабақ жоспары (қазақ әдебиеті, 6-сынып)
Бұл жоспар 6-сыныпқа арналған қазақ әдебиеті сабақтарының тақырыптарын және 7-сабаққа (Алпамыс батыр жырындағы кейіпкерлер) арналған толық құрылымды қамтиды.
6-сабақ
«Алпамыс батыр» жыры
7-сабақ
«Алпамыс батыр» жырындағы кейіпкерлер
8-сабақ
Әдебиет теориясы
9-сабақ
Күлтегін жыры
10-сабақ
Тіл ұстарту
7-сабақ: «Алпамыс батыр» жырындағы кейіпкерлер
Сабақтың мақсаты
-
Білімділік
Жырдың мазмұны мен идеясын меңгерту; Алпамыс бейнесін сыни тұрғыда талдап, жан-жақты ашу. Алпамыс — халықтың алып қуатының, қажымас қайратының, сарқылмас күшінің көрінісі екенін дәлелдету.
-
Дамытушылық
Топтық жұмыс арқылы Алпамысқа тән қасиеттерді сараптату; оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту; көркем сөйлеу және көркем жазу дағдыларын жетілдіру.
-
Тәрбиелік
Адамгершілікке, батырлыққа тән қасиеттерге баулу; Отанды, туған елді сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақ форматы
Сабақтың түрі
Талдау сабағы
Пәнаралық байланыс
Тарих, әуез өнері, бейнелеу өнері
Жабдықтар мен көрнекіліктер
- «Алпамыс батыр» бейнесі салынған плакат
- Нақыл сөздер жазылған плакаттар
- Магнитофон, кассета
- Сыбызғы
- Ақ қағаздар, маркерлер
Қолданылатын стратегиялар
«Сын тұрғысынан ойлау»
- Ой қозғау
- Топтастыру
- Қарама-қарсы элементтер
Көркем сөйлеу мен жазуды дамыту
- Ғылыми талдау
Шығармашылық тәсілдер
- Тумалы бейне
- Түйінді сөздер
- Дыбыстар сөйлейді
Жаңа тақырып мазмұны: Алпамыс бейнесі және оқиғалар желісі
Алпамыс — халық арманынан туған тұлға
Қазақ елі өз арманындағы ердің, батырдың бейнесін Алпамыс тұлғасына жинақтап сомдаған. Оның бар күш-қуаты Отанына қызмет етуге бағытталған.
Алпамыстың ата-анасы оны көптен күтіп, аңсап көреді. Ол ерекше күшті болып өседі. Алғашқы ерлігі — Гүлбаршынды іздеп жолға шығып, Сарыбай ауылын қоршаған қалмаққа қарсы шапқанда айқын көрінеді.
Демек, Алпамыс — сүйгені үшін тайсалмайтын, ғашықтық жолында басын бәйгеге тігетін қайсар жан.
Сынақ, тұтқын және қайсарлық
Гүлбаршынды алып еліне оралғанда, Алпамыстың жұртын Тайшық хан шауып, мал-мүлкін олжалап кетеді. Тайшық хан да батырдың келерін түсімен сезіп, сасқалақтайды. Бұл — Алпамыс даңқының алысқа кеткенінің белгісі.
Жолда Тайшық жіберген мыстан кемпірдің сөзіне алданып, арақ ішіп, қапыда жау қолына түседі. Дәл осы тұста оның айрықша қасиеттері ашылады: зындандағы Алпамысқа Тайшықтың қызы Қаракөзайым ғашық болады. Қойшы Кейқуаттың сырнай тартар өнері мен Қаракөзайымның көмегі арқылы Алпамыс бостандыққа шығады.
Елге келгенде қорлық көрген ата-анасын, қарындасын көріп, жүрегі езіледі. Бұл — оның адамдық болмысын, нәзік жүрегін танытады.
Кейіпкерлер галереясы: басты тұлғалар мен мағынасы
Гүлбаршын
Алпамысты шын сүйетін, атастырған салтты қадірлейтін адал жар. Қараман «әкетем» дегенде де, Ұлтанға күштеп қосудың алдында да бас имейді. Ол — ар мен адамдықтың символы.
Байшұбар
Жай ат емес — Алпамыстай ерге лайық серік. Мыстанның арам ниетін сезіп, мінгізбейді; Тайшық хан қанша қинаса да, бөтенді жақындатпайды.
Қараман
Майданда жолығып, ерлікті бағалай білетін батыр. Алпамыс үшін достығын дәлелдеп, адалдықтың үлгісін көрсетеді.
Кейқуат
Қарапайым қойшы бола тұра, Алпамыстың ер екенін танып, көмектеседі. Оның өнері (сырнай тартуы) оқиғаның шешілуіне ықпал етеді.
Қаракөзайым
Алпамысқа ғашық болған Тайшық ханның қызы. Жаулықтан гөрі махаббатты биік қойып, сол жолда бәрін тәуекелге тігеді.
Ұлтан
Бұрынғы жырларда сирек ұшырасатын ерекше жағымсыз бейне: зұлымдығын жауға емес, өз жұртына жұмсайды. Байбөріні қорлап, Құлтайды қойға жұмсап, Жәдігерді кісендеп қозы бақтыртып, Аналықты күң етеді; Гүлбаршынды алмақ болады. Бұл — іштен шыққан жау.
Мыстан кемпір
Жырда жеккөрінішті кейіпте суреттелетін айлакер бейне. Алпамысты күшпен емес, аярлықпен — тәтті тілмен алдап қолға түсіреді. Ақыры жаман ниетінің жазасын тартып, сорақы өлімге ұшырайды.
Сабақ барысы: кезеңдер мен тапсырмалар
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу
- Кезекшінің мәлімдемесі
- Журнал бойынша түгелдеу
II. Үй тапсырмасын тексеру
- «Алпамыс батыр» жырының жалпы мазмұнын сұрау
- Сұрақ-жауап арқылы оқушылардың білімін анықтау
III. Қызығушылықты ояту
Әйтеке бидің сөзімен ой қозғау:
Ердің бағын ашпаса,
Ер мұратқа жетер ме?!
Ерінің сағын сындырса,
Ел мұратқа жетер ме?!
Елін, жерін жаудан қорғап, жұртына бостандық пен бірлік сыйлаған батырлардың бірі — Алпамыс.
«Топтастыру» стратегиясы
Алпамыс батырға сипаттама беру:
IV. Мағынаны таныту: 5 топқа бөлініп талдау
I топ
Алпамыстың батырлығы
II топ
Арлы батыр
III топ
Аңғалдық (батырға тән қыр)
IV топ
Айлалы, өнерлі жан
V топ
Нәзік жүректі жан
1) «Ғылыми талдау»
Әр топ өзіне берілген қасиетті пікірлесіп, дәлелдермен ғылыми тұрғыда талдайды.
2) «Тумалы бейне»
IV топ Алпамыстың өнерлілігін «Күйдің құдіреті» атты көрініс арқылы дәлелдейді.
3) «Түйінді сөздер»
Талдаудан кейін әр топ өз тақырыбы бойынша ең түйінді сөзді атайды да, оны топтастыру арқылы сипаттап, сол сөздерден ой тұжырымы бар сөйлем құрайды.
4) «Қарама-қарсы элементтер»
Тақтадағы «Алпамыс — досқа берік, жауға мейірімсіз батыр» деген пікірге сүйене отырып, кейіпкерлерді қарама-қарсы қойып бейнелеу.
Дос / Жақсылық
- Гүлбаршын
- Қаракөзайым
- Кейқуат
- Қараман
- Байшұбар
Жау / Жамандық
- Мыстан кемпір
- Тайшық хан
- Ұлтан
Адамдық өлшем
Қайырымды ↔ Қайырымсыз
Шындық өлшем
Шыншыл ↔ Алдампаз
Мінез өлшем
Досқа берік ↔ Жауға қатал
V. Ой-толғаныс: «Дыбыстар сөйлейді»
А
айлалы
Л
лапылдаған
П
патриот
А
арлы
М
махаббатқа берік
Ы
ынталы
С
саналы
Осы сөздердің өзі-ақ Алпамыстың қандай батыр екенін аңғартады. Батырлыққа тән қасиеттер Қазақстан ұрпақтарының бойынан табыла берсін деген тілек туады. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз жыл сайын гүлденіп келеді. Бұл бейбіт өмір — ел үшін жанын қиған алып батырлардың аманаты.
VI. Қорытынды
Ақсұңқар ұшар жем үшін,
Тоқтай алмай барамын.
Туады ерлер ел үшін,
Ағайын-туған ел үшін.
Елімізді, жерімізді қорғаған ерлер қандай қиындық болса да жауға қарсы тұра алған. Біз де өз Отанымызды қорғап, қадірлеп, көркейтуге үлес қосайық.
Үй тапсырмасы
«Туады ерлер ел үшін» тақырыбына ой-толғау жазу.
Бағалау
Оқушылардың білімін бағалау (критерийлер бойынша).
Тексердім: