Дөңгелек үстелдің мақсатымен сұрақтарына тоқталып өту
Бурабай ауданы • Тілдерді оқыту орталығы
Әдіскер: Махметова Жанар Қайртайқызы
Өткізілетін топ: жоғары деңгей, қазақ тобы ІІІ–3
Өткізілетін орын: Тілдерді оқыту орталығы
Түрі: дөңгелек үстел
Тақырыбы
«Мемлекеттік тілдің бүгіні мен ертеңі» — Тіл апталығы аясындағы пікір алмасу алаңы.
Мақсаты
- Ел дамуы үшін белгіленген межелерге жету жолдарын талқылау.
- Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау.
- Тілді оқып-үйренуге деген ықылас пен қызығушылықты арттыру.
- Патриоттық сезімді оятып, тілін, Отанын, елін, жерін сүюге; салт-дәстүрі мен тарихын құрметтеуге баулу.
Көрнекілігі: тіл туралы нақылдар
«Тіл — тірегім, соғып тұрған жүрегім.»
«Тіл — ұлттың жан дүниесі.»
«Өз ана тіліңді қадір тұтпай тұрып, ел-жұртыңды сүйе алмайсың.»
«Тәрбие басы — тіл.»
«Тіл жоқ жерде — ұлт жоқ.»
Дөңгелек үстелдің барысы
Кіріспе сөз
Құрметті қонақтар мен тіл үйренушілер! Сіздерді Тілдер мерекесі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Дүбірлетсін өңірді, дүрілдетсін дүлдүлі,
Қазақ деген елімнің құтты болсын бұл күні!
Дөңгелек үстелді Мұхтар Шахановтың «Тіл мен рух» әнімен ашу ұсынылады.
Оқытушының сөзі
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі болып бекітілді, ал Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы өз күшіне енді. Болашағымызды баянды ететін басты құндылықтардың бірі — тіліміз.
«Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі», — деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, кез келген елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де — ана тілі.
Мемлекеттік тіл мәртебесінің нығаюы — баршамызға ортақ қуаныш әрі жауапкершілік. Тіл апталығы аясында өтіп отырған «Мемлекеттік тілдің бүгіні мен ертеңі» атты дөңгелек үстелге қош келдіңіздер!
Бақытқа бастар даңғыл жол туған Отанды және туған тілді сүюден басталады. Бүгінгі кездесудің мақсаты — ұлтшылдық емес, ұлттық сана-сезімі жоғары, Отанын, ана тілін қадірлейтін азамат болуға ықпал ету.
Қазіргі кезең — жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың да өткеніне үңіліп, болашағын бағдарлайтын уақыт. Қазақ тілінің беделін көтеру, олқысын толтыру — өз қолымызда.
Талқылауға ұсынылатын сұрақтар
- 1 Біз не үшін қазақ тілін үйреніп жүрміз?
- 2 Жұмыс барысында қазақ тілін қолданасыздар ма?
- 3 Біздің ауданымызда қазақ тілінің мәртебесі қандай деп ойлайсыздар?
Ситуациялық тапсырма
Ертеңнен бастап іс жүргізу толықтай қазақ тілінде жүргізілсін деген облыстық басқармадан хат келсе, сіз не істер едіңіз және оған дайынсыз ба?
Келесі ой қозғайтын сұрақтар
- 5 Мемлекеттік тілдің қазіргі таңдағы жағдайы қандай?
- 6 «Үш тұғырлы тіл» саясаты деген не?
- 7 Кабинетіңізге қазақ тілін ғана түсінетін азамат келсе, қалай сөйлесесіз? Оның сұрақтарына жауап бере аласыз ба?
Қызықты мәліметтер: полиглоттар тарихынан
- Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген деген дерек бар.
- А. С. Пушкин бірнеше еуропа тілдерін білген, көне еврей тілін зерттеген.
- Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы және араб тілдерін меңгерген.
- Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген.
- Норберт Винер 13 тілді зерттегені айтылады.
- Люксембург тұрғындарының басым бөлігі төрт тілде еркін сөйлей алады. Балалар 4 жастан ана тілінде оқып, 2-сыныптан француз тілін, 6-сыныптан ағылшын тілін меңгереді.
Жылдам сұрақ-жауап
| Сұрақ | Жауап |
|---|---|
| 1. «Тіл туралы» заң қай жылы қабылданды? | 1989 жылы. |
| 2. Қазақ халқын дүние жүзіне танытқан шығарма? | Мұхтар Әуезов — «Абай жолы». |
| 3. 1912 жылы қазақ әліппесін жасап, алғашқы оқу құралын жазған кім? | Ахмет Байтұрсынов. |
| 4. Қазақстанда екі адамның атымен аталатын қандай темір кен орны бар? | Соколов–Сарыбай. |
| 5. Президент жарлығымен Семей полигоны қай жылы жабылды? | 1991 жылы, 29 тамыз. |
| 6. Қазақта тұңғыш дүниежүзі чемпионы атағын алған палуан кім? | Қажымұқан Мұңайтпасұлы. |
| 7. «Көшпенділер» трилогиясының авторы кім? | Ілияс Есенберлин. |
| 8. Қазақстанды тәуелсіз деп таныған ең алғашқы ел? | Түркия. |
| 9. «Бес арыс» кімдер? | Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев. |
| 10. Қазақ халқының үш ағартушы-демократы? | Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин. |
Ойталқыға түрткі болатын дәйексөз
«…Біз, қазақ, тірі тілімізді өзге түгіл, өз қазағымызға үйрете алмай келеміз. Ал еврейлер ше? Бұдан 1000 жыл бұрын өліп қалған тілін олар Израильде тұратын (еврейі бар, еврей емесі бар) барлық халыққа үйретіп отыр. Қалай? Израильде министрлік болсын, басқа болсын, барлық мекеме қызметкерлері 6 сағат жұмыстан кейін (және біздегідей басқа тілде емес, өз мемлекеттік тілінде жұмыс істегеннен кейін) сол отырған орындарында, орындарынан тұрмай, мемлекеттік тілді тағы да 6 сағат оқиды екен.»
Әдебиетші Сейілбек Қышқашұлының осы ойына қандай пікір қосар едіңіздер?
Нақылдарды талдау
Тақтада ілінген нақыл сөздерді оқып, әркім өз түсінігі бойынша талдайды.
Қосымша сұрақ
«Тіл туралы» заң талаптарын бұзу және жарнамаларды қате жазу бойынша жауапкершілік күшейтілуі керек пе? Әр сұрақтан кейін қатысушылардың жауаптары мен пікірлері тыңдалады.
Қорытынды
Жауаптарыңызға рахмет! Дағыстандық ақын Расул Ғамзатов: «Ана тілім менің! Сен маған ризасың ба, білмеймін, бірақ менің тілегім — сенсің. Мен сені мақтан етемін», — деген. Ендеше, бүгінгі ана тіліміздің тағдырына өзіміз қаншалықты жауаптымыз?
Бүгінгі дөңгелек үстеліміз мәресіне жетті. Егеменді еліміздің тұғыры қашан да тілімен биік. Ана тілі — басқа тілді меңгеруге бөгет емес; керісінше, адамды адамгершілікке, шынайы патриот болуға жетелейді.
Ана тілінің терең иірімдеріне бойлау — саналы азамат болам деген жасқа жүктелер бірінші парыз. Бұл — туған жерді, Отанды, ата мекенді сүйе білу деген сөз.
Абайдың сөзімен түйін:
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегіңде болсын көз.
Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет!
Қосымша материалдар
- Толық нұсқасын жүктеу
- Тіл туралы өлеңдерді қарау