Дарынды суретшіСабақтың мақсаты

Сабақ жоспары Бейнелеу өнері Оқу сауаттылығы

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Бір-біріне сәттілік тілеу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: К. Толыбаевтың «Жезтаңдай әнші» әңгімесі.

Оқушыларға әңгіме мазмұны бойынша түсініктерін айтқызып, негізгі ойды анықтау.

«Орамал тастамақ» ойыны арқылы қорытынды сұрақтар

  1. 1 Манарбек Алматыға не үшін келді?
  2. 2 Саған қандай халық әндері ұнайды?
  3. 3 Халық әндері қалай тарайды?
  4. 4 Қандай әндерді халық әндері дейміз?
  5. 5 Әңгімедегі кейіпкерлерді ата.

Мақал-мәтелдер

Үйге «өнер» тақырыбына қатысты мақал-мәтелдер жинау тапсырылған. Оқушылардан жинаған үлгілерін сұрау және қысқаша талқылау.

Өнер дегеніміз не?

Өнер — ән айту, сурет салу, би билеу, мүсіндеу, тігіс тігу, айтыс айту сияқты шығармашылық әрекеттердің жиынтығы.

Бүгінгі сабақта өнердің бір түрі — сурет салу өнері туралы сөз болады.

III. Жаңа сабақ: Әбілхан Қастеев

Қысқаша өмірбаяны

Әбілхан Қастеев (1904–1973) — қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі.

  • Туған жері: Алматы облысы, Жаркент өңірі.
  • Қайтыс болған жері: Алматы қаласы.
  • Қазақстанның халық суретшісі (1944).
  • Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945–1956).
  • Еңбек жолын Түрксіб темір жолының құрылысында жұмысшы болып бастаған.
  • Мәскеудегі көркемсурет студияларында Н. Г. Хлудов пен И. Бродскийден дәріс алған (1929–1936).

Өнерге келу жолы

Әбілханның қолөнерге, кейін суретшілікке бейімділігі ерте байқалған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқу, сырмақ сыру, ши тоқу сияқты жұмыстарға өте шебер болған.

Бала Әбілхан осы ұлттық қолөнерді көріп өсіп, анасына ою-өрнек салуға көмектесе жүріп, сурет өнеріне қолын жаттықтырған.

Ерте кезеңдегі еңбектері

1930–1931 жылдары салынған «Қарындастың портреті», «Автопортрет» туындылары шынайылығымен және кейіпкер мінезін ашуға ұмтылысымен ерекшеленеді.

Уақыт өте суретші ел өмірінің сан қырлы тіршілігіне терең үңіліп, тарихи-әлеуметтік өзгерістерді суреткерлік зердемен бейнелей бастайды.

Тарих пен тұрмысты бейнелеген шығармалары

«Мектепте» (1930), «Түрксіб» (1932), «Жамбылдың портреті» (1937), «Ескі және жаңа тұрмыс» (1937–1941), «Жас Абай» (1945), «Аманкелді сарбаздары» (1970) сияқты еңбектері — өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіре.

Табиғат пен жасампаз еңбектің көрінісі

Әбілхан Қастеев туған жер табиғатының сұлулығын және адам қолымен жасалған өзгерістерді зор шабытпен бейнелеген.

«Биік таулы мұз айдын» (1954), «Гүл ашқан алма» (1958), «Менің Отаным» (1959), «Жайлаудағы авто-дүкен» (1963), «Қапшағай ГЭС-і» (1972) полотнолары эпикалық тынысымен және шынайылығымен құнды.

Танымал туындылары

  • Колхоздағы сүт ферма
  • Мақта жинау
  • Колхоздың тойы
  • Қыз алып қашу
  • Сатып алынған қалыңдық
  • Алтын астық
  • Ақсай карьері
  • Медеу мұз айдыны
  • Түрксіб
  • Талас жағалауы
  • Қапшағай даласы
  • Қапшағай ГЭС-і

Сондай-ақ Кенесары Қасымов, Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл секілді тарихи тұлғалардың портреттерін салған. Ерекше танымал портреттерінің бірі — Амангелді Иманов портреті.

Оқулықпен жұмыс

Тізбектей оқу

Мәтінді кезекпен, мәнерлеп оқыту.

Тауып оқу

Мәтіннен сұраққа жауап болатын сөйлемдерді тауып оқыту.

Дәптермен жұмыс

Негізгі даталар мен жаңа сөздерді жаздыру, қысқаша қорытынды жасату.

Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыс арқылы сергіту

  • Биші бұралып билейді.
  • Күйші домбыра тартады.
  • Спортшы жүгіріп, секіреді.
  • Оқушы отырып, сабақ оқиды.

Сөздік жұмысы

Жаңа сөз

Басқұр
Уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастыра байлайтын өрнекті жалпақ құр.

Білгенге маржан

Қазақтың тұңғыш кәсіпқой суретшілерінің бірі — Ш. Уәлиханов. Ол туған жер көріністерін, тарихи ескерткіштерді қағаз бетіне түсірген.

Өлең туралы қысқаша мәлімет

  • Өлеңнің белгілі бір өлшемі болады.
  • Өлең — ырғақ пен ұйқасқа құрылған көркем сөз.
  • Өлеңді ақын шығарады.
  • Тақырыбына қарай Отан, табиғат, көңіл күй, еңбек сияқты түрлерге бөлінеді.

Қорытынды және бағалау

Қорытындылау

Әбілхан Қастеевтің туындыларының мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы сабақ қорытындыланады: негізгі ой, тарихи кезең, көркемдік ерекшелік, авторлық көзқарас.

Үй тапсырмасы

Ә. Қастеевтің өмірбаянын түсініп оқу.

Бағалау

Сабаққа қатысуы, жауаптарының дәлдігі және тапсырмаларды орындауына қарай бағалау жүргізіледі.