Тас қақпа жабық
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Пәні
- Қазақ тілі (3-сынып)
- Сабақтың тақырыбы
- Сөз таптары (презентациямен)
- Сабақтың түрі
- Жаңа білім беру
- Көрнекілігі
- Интерактивті тақта, ассоциация
- Әдіс-тәсілдері
- Түсіндіру, шығармашылық тапсырмалармен жұмыс
Сабақтың мақсаттары
1) Білімдік
Сөз таптары туралы білім, білік, дағдыларды іс жүзінде сауатты қолдануға дағдыландыру. Оқушыларды өз ойларын ортаға салып, талқылауға үйрету.
2) Дамытушылық
Танымдық тапсырмалар мен сұрақтар арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту. Сөздік қорын байытып, байланыстырып сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
3) Тәрбиелік
Бірінің сөзін бірі мұқият тыңдауға, жауапкершілікке, шапшаңдыққа және ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың барысы: «Ертегілер еліне саяхат»
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ басында оқушылармен қысқа диалог жүргізіліп, сабаққа назар аударту мақсатында төмендегі шумақ айтылады:
— Әрбір адам?
Туысым, досым, жұрағат.
— Әрбір сабақ?
Үйрену, ұғу, ұлағат.
— Әрбір ісің?
Тірлік, тірек, адамдық.
— Әрбір сөзің?
Шындық, бірлік, адалдық.
Осылайша, оқушыларды жинақтап, бүгінгі сабақта «Ертегілер еліне» саяхат жасалатыны хабарланады.
II. Өткенді пысықтау: «Тас қақпа» тапсырмалары
1) Үй тапсырмасын тексеру
5-жаттығу: жұмбақты түсініп оқу, көп нүктенің орнына қ, ғ әріптерінің тиістісін қойып, көшіріп жазу; шешуін табу.
2) «Бәйге» ойыны (сұрақтар)
-
1. Бір түбірден бірнеше туынды сөз жасалса, оны қандай сөз дейміз?
-
2. Сөздің одан әрі бөлінбейтін мағыналы бөлімін не дейміз?
-
3. Сөз мағынасын өзгертетін қосымшаны қалай атаймыз?
-
4. Түбір сөзге жалғанатын бөлікті не деп атаймыз?
-
5. Сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшаны ата.
-
6. Түбір сөзге жұрнақ жалғану арқылы жасалған сөз қалай аталады?
-
7. Түбірлес сөздерге мысал келтір.
-
8. Туынды сөздерге мысал келтір.
Тапсырмалар орындалған соң «Тас қақпа» ашылады: «Іске сәт!»
III. Жаңа сабақ: «Күміс қақпа»
Заттың атын білдіретін сөздер
Айналаңа зер салып қара: жан-жағыңды заттар қоршап тұр. Осы заттардың атын білдіретін сөздер зат есім деп аталады.
Қимыл-іс әрекетті білдіретін сөздер
Заттың қимылын, іс-әрекетін білдіретін сөздер етістік деп аталады.
Белгіні білдіретін сөздер
Заттар түрі, түсі, сапасы, саны сияқты белгілерге ие. Тілімізде мұндай белгілер сын есім және сан есім арқылы беріледі.
Қорытынды: сөздер мағынасына қарай бірнеше сөз таптарына бөлінеді. Сөз таптары неше тармақтан тұратынын ассоциация арқылы көрсету ұсынылады. Оқушылар әр сөз табы туралы білетіндерін айтады.
Нәтиже: «Күміс қақпа» ашылды.
IV. Бекіту: «Алтын қақпа»
Дәптермен жұмыс
Көркем жазу: Ш, ш
«Ш» дыбысынан басталатын мақал-мәтел айтайық. Оқушылар мақал-мәтел айтады, бір мақалды тақтаға жазу ұсынылады.
Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығуы арқылы оқушылардың зейіні қайта шоғырландырылады.
Жаттығулар
3-жаттығу: Сөздерді оқы. Оларға сұрақ қойып, мағыналарына қарай кестеге орналастырып жаз.
4-жаттығу: Сөздерді оқы. Қайсысы заттың атын, қайсысы заттың қимылын білдіретінін анықта. Зат есім мен етістікті тіркестіріп жаз.
5-жаттығу: Жаңылтпашты оқып, жатқа айт. Сөздердің қай сөз табына жататынын анықта.
Үш кіші ішік піштім,
Бес кіші ішік піштім.
Неше кіші ішік піштім?
Нәтиже: «Алтын қақпа» ашылды.
V. Қорытынды: «Сиқырлы сандық»
Оқушылар «Сиқырлы сандықты» көреді: сандық құлыптаулы. Оны ашу үшін бірнеше тапсырма орындалады.
Тапсырма: сөздер мен сөз таптарын сәйкестендір.
Ойын: «Қалт етпей қағып ал, жауабын тауып ал»
Нәтижесінде сандық ашылып, ішінен бағалар (мадақтау, жетістік белгілері) шашылады. Сабақ қорытындыланып, оқушылар бағаланады.
Үй тапсырмасы: 6-жаттығу.
Қорытынды сұрақ: «Біз бүгін Ертегілер еліне саяхат жасап, қамалға кірдік. Онда нені таптық?»