Жаңа сабақты қорыту

Сабақ құрылымы

Бұл сабақта оқушылар Ұлы Жібек жолы тақырыбын еске түсіре отырып, Отырар өңірімен байланысын анықтайды және сол ортадан шыққан ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен мұрасын жүйелі түрде талдайды. Ойын элементтері арқылы белсенді қатысу, топтық жұмыс арқылы салыстыру және дәлелдеу дағдылары дамиды.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сынып үш топқа бөлінеді. Сабақ сайыс түрінде ұйымдастырылады: әр кезеңде оқушылар тапсырмалар орындап, жинаған ұпайлары арқылы топ нәтижесін қалыптастырады.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Миға шабуыл (сұрақтар)

  1. Ұлы Жібек жолы дегенімізді қалай түсінесіңдер?
  2. Ұлы Жібек жолы Қазақстанның қай қалалары арқылы өтті?
  3. Ұлы Жібек жолы қай кезеңдерде өмір сүрді?
  4. Ұлы Жібек жолында тасымалданған ең бағалы тауар қандай болды?
  5. Ұлы Жібек жолы қай жерден басталып, қай жерде аяқталды?

Ойын: «Сиқырлы сандар»

Тақтадағы 16 «сиқырлы сан» сыныптағы 16 оқушыға арналған. Әр топтан бір оқушы шығып, сұраққа жауап береді. Дұрыс жауап берілген сайын сан аударылып, ретімен орналастырылады. Соңында сандардан портрет құрастырылады.

III. Үй тапсырмасын қорыту

Талқылау сұрақтары:

  • Біз тақтада кімнің портретін құрастырдық?
  • Бұл тұлға — Әбу Насыр әл-Фараби.

Қорытынды ой: Ұлы Жібек жолының бір тармағы Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өңірі арқылы өтіп, Тараз, Созақ, Отырар сияқты қалаларды байланыстырған. Сол тарихи Отырарда Шығыстың ғұлама ғалымы Әл-Фараби дүниеге келген.

Отырар — Әл-Фараби туған қала,
Таң қалған ол туғанда барша дала.
Бір өзі ғалым, сазгер, тарихшы да,
Дәрігер — өз халқына болған шипа.
Өлең жолдары арқылы оқушылар Отырар мен Әл‑Фараби байланысын нақтылайды.

Сұрақ

Өлең жолдарынан қай қаланың атын естідік?

Сұрақ

Отырарда кім дүниеге келген?

IV. Жаңа сабақты түсіндіру

Отырар қаласында ұлы ұстаз атанған, ойшыл ғалым Әбу Насыр әл‑Фараби дүниеге келген. Картадан Отырардың орнын көрсетіп, ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасы туралы жаңа тақырып түсіндіріледі.

Ойын: «Сиқырлы балықтар»

Отырар орналасқан өңірді байланыстыра отырып, Оңтүстік Қазақстандағы Арыс өзеніне «саяхат» жасаймыз. Өзенде деңгейлік сұрақтар жасырылған «сиқырлы балықтар» бар: алтын балықтағы сұрақтар күрделі, күміс балықтағы сұрақтар жеңілдеу. Балықтарды «алтын қармақ» арқылы ұстаймыз. Бұл кезеңге топ басшылары қатыспайды.

Деңгейлік тапсырмалар

  1. Әбу Насыр әл‑Фараби кім?
  2. Әл‑Фарабидің өмірі туралы әңгімеле.
  3. Алғашқы білімін қай қалада, қай тілде алды?
  4. Әл‑Фарабидің замандастарын ата.
  5. Отырар қаласы туралы не білесің?
  6. Әл‑Фараби өлеңдерінің негізгі тақырыбы қандай?
  7. Әл‑Фараби қай жылдары өмір сүрді?
  8. Әл‑Фарабидің толық аты-жөнін ата.
  9. Отырар қаласын кезінде қалай атаған?
  10. Әл‑Фараби қай тілдерді меңгерген?
  11. Әл‑Фарабидің еңбектерін ата.
  12. Әл‑Фарабидің көпқырлы дарыны XIX ғасырдағы қай қазақ ақынының тұлғасымен үндеседі?

VI. Жаңа сабақты бекіту

Әл‑Фарабидің дүниетанымы мен адамгершілік жайлы ойлары Абай Құнанбайұлымен үндеседі. Енді топ басшылары Венн диаграммасы арқылы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтайды.

1-қатар

Әл‑Фарабидің ерекшеліктері

2-қатар

Абайдың ерекшеліктері

3-қатар

Екеуіне ортақ ұқсастықтар

Әл‑Фараби мен Абайдың тарих, жаратылыстану, әдебиет салаларына қосқан үлесі зор. Сол себепті бүгінгі таңда мектептерге, лицейлерге, жоғары оқу орындарына олардың есімдері берілген. Көптеген ауылдар мен қалаларда осы тұлғалардың атымен аталатын көшелер де бар.

VII. Жаңа сабақты қорыту

Аңыз-әңгіме

Мұхаммед Қайдар Дулати бірде Әл‑Фарабиге:

«Алдыңда сан тарау жол жатыр: бірі — бақытқа, бірі — атақ-даңққа, бірі — өнер-білімге, бірі — байлыққа апарады. Қайсысын таңдар едің?» — деп сұрапты.

Әл‑Фараби: «Әрине, өнер-білімге апарар жолды», — деп жауап беріпті.

«Неге?» — деген сұраққа: «Бақыт та, абырой-даңқ та, байлық та — бәрі де тек өнер-білімде», — депті.

Тәрбиелік түйін

Мектептегі түрлі шараларға белсенді қатысып, сабақты жақсы оқып, білімді болсаңдар — бүгінгі еңбектерің ертеңгі жарқын болашақтарыңа берік негіз болады.

Талқылау

Өнер-білім туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?

Әл‑Фараби бабамыздың есімі мың жыл өтсе де өшкен жоқ, өйткені оның артында мол білім мен орасан ғылыми мұра қалды.

Қорытынды ой: адамның байлығы да, бақыты да, атақ-даңқы да — білім. Білім — таусылмайтын қазына.

VIII. Үйге тапсырма

Жазба жұмысы

Әбу Насыр әл‑Фараби туралы шағын әңгіме құрастыру.

Бағалау

Оқушылар бағаланады. Жеңіске жеткен топқа «білім кілті» табысталады.