Көп алхоры, оның біреуі көк алхоры

Сабақтың тақырыбы

1 саны мен цифры

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды 1 саны және 1 цифрымен таныстыру.
  • Көп ұғымынан бірді бөліп алуды үйрету.
  • 1 цифрын дұрыс жазуға жаттықтыру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар?

Оқушылар: Сәлеметпіз!

Қазір бізде математика сабағы. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, ережеге сай отырамыз.

Өткенді қайталау

«Көп», «аз», «артық», «кем», «сонша» ұғымдарын қайталау.

II. Жаңа материал

Сан ұғымын түсіну үшін шамаларды салыстырып көрейік. 1 санын көптің ішінен бөліп алу — көптің арасындағы ерекше белгісі бар затты ажыратып, салыстыруға үйретеді.

Жұмбақ

Күнге бұрып маңдайды,
Күннен көзін алмайды.

Жауабы: Күнбағыс

Оқулықпен жұмыс

Балалардың зейінін жемістерге аударып, сұрақ-жауап арқылы көптің ішінен бірді бөліп алуды үйренеміз.

Сұрақ: Сурет бойынша қанша алма?

Жауап: Көп.

Сұрақ: Оның ішінде өзгешесі бар ма?

Жауап: Бар. Бір алма жапырағымен үзілген.

Сұрақ: Алмұрт қанша?

Жауап: Көп.

Сұрақ: Алмұрттың түсінде қандай өзгеріс бар?

Жауап: Бір алмұрттың түсі көк.

Ұқсас мысалдар: көп жапырақтың ішінде бір көк жапырақ; көп алхорының ішінде бір көк алхоры.

Қорытынды: бір алма, бір алмұрт, бір алхоры, бір жапырақ — көптің ішінен өзіне тән белгісіне қарай бөлініп алынады.

Сұрақ: Мына суреттегілердің әрқайсысы нешеден? Жауап: Бірден.

Геометриялық фигура

Бір үшбұрыш

Геометриялық фигура

Бір шаршы

Геометриялық фигура

Бір дөңгелек

Кеңістіктік фигура

Бір текше

«Күз сыйы» сюжеттік әңгіме

Арман бақшадағы көп асқабақтың ішінен біреуін үзіп алды. Сол сияқты: бір қияр, бір қызанақ, бір сәбіз және т.б.

Сергіту сәті

Кіріп келіп дәлізге,
Баспалдақты санадым.
Адым салып әр ізге,
Көтеріліп барамын.

III. Дәптермен жұмыс

Өлең

Бірлік жазған едім мен,
Ұқсастығын кім білген!
Аумай қалды айға ұшқан,
Зымыранның өзінен.
Жебедей көкте қалқып,
Қуаныштан балқыдым.
Еш бала мендей бірінші,
Болған жоқ-ау, алтыным.

Оқулық-дәптердегі практикалық тапсырма: көкөністердің әр түрінен бір-бірден алып, қорапқа салу.

Талқылау

1 цифры неге ұқсайды? Таяқшаға, бағанға.

1 цифрын жазуға үйрету қадамдары

  1. 1 Алдымен ауада жазып жаттығу.
  2. 2 Жазу алгоритмімен танысу.
  3. 3 Дәптердегі үлгі бойынша бір жолға таяқша сызықтарын салу.
  4. 4 1 цифрын жазу.
  5. 5 Тор көзде 1 санына сәйкес бір заттың суретін салу және фигуралар санына қарай тиісті цифрды қою.

Қысқа өлең

Жіңішке жалғыз таяқша —
Бір саны ол айрықша.

Қозғалыс тапсырмасы: «Бұлжытпас»

«Бұлжытпас» әр санды өткен сайын дәл сол санға сәйкес алға жылжиды. 1 санын өткенде бір қадам басады, тапсырма орындағанда бір торкөз жылжиды. Алдындағы кедергіні аттап өту үшін тапсырмалар орындатылады.

IV. Ойын: «Көп – аз – бір»

Ойынға қажетті материалдар

Үлестірмелі заттар немесе суретті карточкалар (әр оқушыға 10-нан).

Ойынның мақсаты

Мұғалім айтқан ұғымға сай зат санын тез табу: көп, аз, бір.

Ойынның барысы

Әр оқушыда карточкалар мен түрлі заттар болады. Мұғалім:

  • «Көп» десе — заттардың көбін көрсетеді (8–10).
  • «Аз» десе — азын көрсетеді (2–3 немесе 3–4).
  • «Бір» десе — тек бір затты көрсетеді.

Ойынды керісінше тәртіппен де ойнатуға болады: мұғалім «бір», «аз», «көп» деп айтып, оқушылар соған сәйкес зат санын көрсетеді.