Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, Халқымыздың сеніп алған таңдауы
Елін сүйген, жерін сүйген – ер аға
Бұл тәрбие сағаты жас ұрпаққа ел тәуелсіздігі жолындағы жауапкершілік, бірлік пен ынтымақ құндылықтарын ұғындырып, тұлғаға құрмет пен елге қызмет ету идеясын тереңдетуге бағытталады.
Мақсаты
- Жас ұрпаққа Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы талант иесі, мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын таныту.
- Еліміздің еңсесін тіктеп, мемлекеттілікті нығайту ісіндегі еңбегін және Қазақстанды әлемге танытудағы рөлін зерделеу.
- Елін сүйген, елі сүйген тұлғаның өнегесі арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Елбасы суреттері, жүрек пішінді шар, сандар.
Түрі
Тәрбие сағаты.
Барысы
І. Мұғалімнің сөзі
1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекет — Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Бүгінгі тәрбие сағатында әділеттің ақ жолын ту етіп, елінің егемендігін ойлаған; ынтымақ пен тұтастықты, бірлік пен берекені жоғары қойған; ұрпақ санасына жауапкершілік пен намыс биігін сіңіруге мән берген әлемдік деңгейдегі ірі қоғам қайраткері — Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы кеңірек мағлұмат береміз.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев секілді талантымен танылған, халқын сүйген ұлтжанды азаматтың тұлғасын байқамау, оның ықпалын сезінбеу мүмкін емес.
Оқушының өлеңі
Болашағым — Қазақстанның алдағы,
Орындалсын, қазағымның арманы.
Елбасымыз — Нұрсұлтан Назарбаев,
Халқымыздың сеніп алған таңдауы.
Асқақ болып еліміздің жалауы,
Мәңгі жансын тәуелсіздік алауы.
Еңбек, достық, бейбітшілік, береке —
Қазақстан Республикасының қалауы.
Еліміздің тыныштығын ойлайтын,
Халқым, Елбасын қолдайық.
Бәрімізге тыныш өмір сыйлаған,
Жасай берсін, Нұрсұлтан Назарбаев!