Үлек - нар түйенің бурасы

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән, сынып, тақырып

Ана тілі, 4-сынып. Мамытбек Қалдыбаевтың «Үлек» әңгімесі (презентациямен).

Сабақтың форматы

  • Түрі: аралас сабақ.
  • Әдістері: сұрақ-жауап, талдау, іздену.
  • Көрнекілігі: суреттер, кесте, слайдтар.

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды Мамытбек Қалдыбаевтың «Үлек» әңгімесін түсініп оқуға және мазмұндап айтуға үйрету; шығарманың өзекті ойын ашуға жағдай жасау; өз бетінше шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу арқылы байланыстырып сөйлеуін және шығармашылық ойлауын дамыту.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сабаққа дайындық тексеріледі. Мұғалім оқушылармен жылы амандасып, ортақ көңіл күй қалыптастырады: «Бір-бірімізді көргенімізге, осы күнге қуанып, бірге екенімізді сезінейік».

Жылыту әңгімесі (күн мен жүрек жылуы)

Сұрақтар

  • Күнде аспанға қарағанда нені көреміз?
  • Күннің жылуы не істейді?
  • Күн жылуы тағы нені жылытуы мүмкін?

Ой түйіні

Оқушылар жүректерін қолымен ұстап, жылуын сезінеді. Жүрек соғысы бәрімізде бірдей екенін тыңдап, сол жылуды алақан арқылы бір-біріне сыйлайды: «Біз бәріміз доспыз, тілегіміз бір».

II. Үй тапсырмасын тексеру

  1. «Көрінбейтін адам» романының авторы кім?
  2. Әңгімеде сол романдан қандай үзінді келтірілген?
  3. Оқымысты Джеймс Чедвик тапқан жаңа сәуле қалай аталады?

III. Үй тапсырмасын пысықтау

Шығармашылық сұрақ: «Егер сен көрінбейтін адам болсаң, не істер едің?»

IV. Қызығушылықты ояту

1) Жұмбақтар арқылы сөзжұмбақ шешу

Жұмбақтар

Бір құс бар үлпілдеген жүні жұмсақ,
Тұяғы бейне болат, алмас пышақ.
Тұмсығы имек, күндіз көрмейді көзі,
Шарықтап көкті кезіп, түнде ұшады.

Жауабы: Үкі

Тұмсығымен ояды,
Ұя салып қояды.
Табыңдаршы, балалар,
Ол қандай құс болады?

Жауабы: Тоқылдақ

Қайталап атымды,
Көктемде ән саламын.
Кез келген ұяға,
Жұмыртқа табамын.

Жауабы: Көкек

Өзі ширақ, өзі қу,
Жүрген жері айқай-шу.

Жауабы: Түлкі

Жетелеуші сұрақтар

  • Ерекше торкөзден қандай сөз шықты?
  • Бүгінгі сабақтың тақырыбы қандай?

Қорытынды: бүгінгі тақырып — Мамытбек Қалдыбаевтың «Үлек» әңгімесі.

2) Жаңа сабаққа даярлық

  • Үлек деген не? Естуің бар ма?
  • Түйенің қандай түрлері бар?

V. Мағынаны тану

Автор туралы

Әңгімені түсініп оқи отырып, қойылған сұрақтарға жауап табуға бағыт беріледі.

Оқулықпен жұмыс

Мәтінді түсініп оқу, жалғастырып, тізбектей оқыту.

Сөздік жұмысы

Үлек — нардың бурасы. (Нар — сыңар өркеш түйе.)

VI. Түсінгендерін тексеру (топтық жұмыс)

1-топ тапсырмалары

  • Үлек дегеніміз не? Мәтінге сүйеніп, сипаттама бер.
    Үлек — нар түйенің бурасы. Жалғыз өркешті, өркеші тік. Айбарлы, сескенуді білмейді, кейде кісіге шабады.
  • Әңгімедегі жер атаулары мен түйе жейтін шөптердің аттарын жазып ал.

    Жер атаулары

    Бозоба, Сарапан, Тасқұдық

    Шөп атаулары

    Изен, жусан, саршөп

  • Егер Мүлкібай ата бармаған болса, не болар еді?

2-топ тапсырмалары

  • Балалар Мүлкібай атамен бірге қайда, не үшін барды?
  • Әңгіменің соңғы сөйлемінен қандай қорытынды жасауға болады?
  • «Түйе малына» қатысты мақал-мәтелдер жаз.

Есте сақта!

«Түйесі бардың — киесі бар»

3-топ тапсырмалары

  • Балалар неден, неге қатты қорықты?
  • Әңгіменің соңғы сөйлемінен қандай қорытынды жасауға болады?
  • Топтастыр: адам аттары және өсімдік, жер-су атаулары.
    Ботакөз, Ақбота, Түйебай, Бурабай, алабота

Қосымша тапсырма

Әңгімедегі Мүлкібай атаның портретін білдіретін тіркестерді теріп жаз: «қоржиған кішкентай», «арық», «кіп-кішкентай, ап-арық».

VII. Қорытынды

Қорытынды әңгіме: не үйрендік, не білдік? Оқушылар мәтін мазмұны, кейіпкерлер әрекеті және негізгі ой бойынша пікір айтады.

VIII. Үй тапсырмасы

  • Мәтінді түсініп оқу.
  • «Менің ботам» тақырыбында әңгіме немесе өлең жазу.

IX. Бағалау

Оқушылардың оқу мәнері, мазмұндауы, топтық жұмысқа қатысуы және шығармашылық тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.